Мал қыстату науқаны төрт түлікті қыстан аман алып шығу ғана емес, олардың төлдері мен түрлі өнімдерін сапалы түрде молынан дайындап тұрмысымызға жеткілікті түрде пайдалану болып та табылады. Қыс – қатал сыншы екенін мойындаған әрбір шаруа жауапты науқанға сақадай-сай дайындалып, жем-шөп қорларының жеткілікті болғанын қадағалауға тиісті.
Біз жақында Казталов аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Кажығалиевке жолығып, шаруалар үшін маңызды науқандардың бірі болып саналатын мал қыстату науқаны жайлы айтып беруін өтінген едік.
-Казталов ауданының көлеміндегі 2025 жылға арналған мал қыстату науқаны жайында әңгімені кеңінен өрбітсек, аудан бойынша қыстаққа тұрған төрт түлік малдан ірі қара – 144 852 бас, қой мен ешкі – 297 514 бас, жылқы – 39 353 бас, түйе – 272 бас жоспарлы түрде қыстатылуда.
Аудан бойынша 47 елді мекен мен 357 қыстақ бар. Күні бүгінге дейін ауданымыздың барлық ауылдық округтерінде мал азығын дайындау жұмыстары аяқталды.
Қыстаққа дайындалған шөптің мөлшері 264059,0 тонна, әр ауылдық округте өнім әр түрлі болғанымен, орташа өнім әр гектардан 3,0-4,1 центнер аралығында болды. Аудан бойынша жаз мезгілінде әр шаруашылық қыстақ орындарын өз күштерімен жөңдеуден өткізіп жұмыстарын тұрақты жүргізді. Барлық қыстақтарда құдықтардан, көбіктерден, өзен суларынан мал суару жұмыстары толықтай ұйымдастырылды деп анық айтуға болады. Қыстақтар басына электр жүйесі тартылған, электр жүйесі жоқ жерлерде күн сәулесі (панель) орналастырылған.
Ауданда жыл сайын ауыл шаруашылығы техникалары жаңартылып тұрады. Ауылдық округтерде шаруашылықтар түрлі техникалармен қамтылған. Күні бүгінге ауданда 8355 тонна шамасында жем бар. Басқа жерлерден жем сатып алу жұмыстары әр ауылдық округтерде кәсіпкерлер арқылы әкелініп сатылып тұрады. Мал азығының бағалары әр түрлі. Аудан орталығы Казталов пен Жалпақтал ауылында 2 жерде жем сатылады. Ауылдық округтерде шаруашылықтар өздерінің ұйымдастыруымен саттықта арпа, ақбидай тағы да басқа тартылған-тартылмаған жемдер мен мал азықтарын жеткізіп тұрады. Облыс көлеміндегі жем сатушылардың да мәліметтері алынып ауылдық округтерге хабарланды, - деді бөлім басшысы.
Міне, мал қыстату науқаны жайлы мамандардан алған ақпаратқа сүйене отырып, маңызды науқанның әзірге ойдағыдай өтіп жатқанына толық көз жеткіздік. Қазіргі таңда.Казталов ауданында мал қыстату науқаны барлық жерде ойдағыдай өтуде.
Тірнектеп өсірген малдың жем-шөбін дайындау әрбір шаруа үшін аса маңызды. Оның үстіне жыл сайын климат та өзгеріп, жайылым мәселелері де шаруаларға кәдімгідей көмектесіп тұр. Тек қыстың аяқ жағы қиындау болып, ұзап кетпесе болғаны.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы