Ия, қате оқыған жоқсыз. Жалпы «Кемедегінің жаны бір» демей ме. Ал мал қыстатуға кіріскен малшылар да сол кемедегідей, бір-біріне қарайласып шығады қыстан. Жаздайлыққа тыным таппай қыстық жем-шөп жинаған теректіліктер қимылына риза болған қыс бір айын шегеріп қойғандай. Тап осындай күндерді ұлы Абай:
Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай,
Қыстың басы бірі ерте, біреуі жәй.
Ерте барсам жерімді жеп қоям деп,
Ықтырмамен күзеуде отырар бай,-деп дөп бейнелеген екен.
«Жерімді жеп қоям» демегенмен, мал азығын үнемдеймін деген малшы қауым әлі де қар жатпаған соң, малын жайылымға шығарып жүр.
«Сиырдың сүті – тілінде»
- Ауданда биыл қыстаққа тұратын 52 709 ірі қара, 65 600 қой-ешкі, 14 740 жылқы бар. Мал басын есепке ала отырып, ауданда 143, 2 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланған болатын. Биылғы ауа райының қолайлы болуын тиімді пайдаланып, шөпшілер жоспарды 112 пайызға асыра орындады. Яғни, 161,6 мың тонна пішен дайындалды. Табиғи мал азығы – шөп сату кезінде бағасын асыра сілтеу болған жоқ. Аудандағы шөптің нақты бағасын айтар болсақ, шабындық басынан алған жағдайда Шағатай, Шалқар, Аңқаты, Ұзынкөл сынды оңтүстік округтерде бумасы 4000 теңгеден болды. Ал, солтүстік ауылдарда көбіне екпе шөптер болғандықтан, бір бумасы 5000-6000 мыңға жетті. Жаздай мал азығының арнайы жәрмеңкелері ұйымдастырылғаны да тұрғындар үшін оңтайлы болды,-деген Теректі ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мейірбек Сұлтанов аудандағы мал шаруашылығы жайлы біраз мәлімет берді.
Оның айтуынша, ауданда асыл тұқымды мал басын көбейту шаралары белсенді жүріп жатырған көрінеді. Мәселен, қазір 51 шаруашылық асыл тұқымды ірі қара ұстайды, соның - 38-і етті бағытта 13- сүтті бағыттағы мал өсірумен айналысады. Теректі ауданы шаруашылықтары қала маңында «сүт белдеуін» қалыптастыруды қолға алған. 4 қожалықта және ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінде 1250 бас асыл тұқымды сүтті сиыр бар. Жалпы, 3 659 бас сиыр сауылып, тәулігіне 30 мың литрге жуық сүт алынады. Сүт және сүт өнімдері облыс орталығындағы мектеп-балабақшаларға, медициналық және, т.б. мекемелерге жеткізіледі.
«Сиырдың сүті – тілінде» демекші, сүтті сиыр баққан шаруашылықтар сапалы жем-шөп дайындап алуға мүдделі. Сондықтан да көпжылдық шөптер егу, мал жемдеуге арпа-тары салуға ден қойған қожалықтар бар. Мысалы, Приречное округіндегі "Абдрахманов М. З." шаруа қожалығы 1678 га жерге иелік етеді. Соның 350 гектарына арпа мен мақсары егіпті. Бұл жерде шаруашылықтың мал азығына көпжылдық шөп егуі – құптарлық іс. 2021 жылы 100 га жерге салынған жоңышқа, 2015 жылдан бері өнім беріп келе жатқан эспарцетке қоса 480 га еркекшөп те құнарлы мал азығын дайындауға мол мүмкіндік бергені сөзсіз. Тап осындай жолмен аудандағы үлкен инвестициялық кәсіпорын - «Ringo-Milk», сүт өндірушілер – «Төлеңгіт», «Ақас» агрофирмасы да шөптен бастап , құрама жем, сүрлемдікке дейін дайындап алған.
Малы саудың дені сау
Малдың қыстан аман шығуы аурудан ада болуына да байланысты. Қыстаққа әлжуаз, аурумен кірген мал «ұзын сарыда» малшыға қиындық тудырары бар.
Осы орайда біз мал саулығының маманы – ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Теректі аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор Нұрлан Бердіғалиевтен ақыл-кеңес алдық.
- Ауданда мал індеттік аурулардан аман. Құтыру, оба, қарасан сияқты аса қауіпті жұұпалы аурулар аудан аумағында жоқ. Мал қыстаққа тұрар алдында ветеринариялық учаскелік мал дәрігерлері қожалықтармен байланысып, жеке аулалардағы малдың жайын түгендеп алады,- деген Нұрлан Әдиетұлы мал ішінде жиі кездесетін ауруларға байланысты ақпарат-кеңес ұсынды.
Біраз жыл жекенің де, шаруашылықтың да малын айналдырған бруцеллез - аса қауіпті ауру. Оны жұқтырған адам дертін асқындырып алса, мүгедектікке ұшырап, арты тіпті өлімге соқтыруы мүмкін. Қазіргі кезде бруцеллез таралуының ең негізгі себептерінің бірі – басқа жерден әкелінген малды жергілікті мал дәрігерлеріне көрсетпеу, айтпау. Соның салдарынан кейде ауру мал сау малмен бір қорада тұрады да, бір-біріне жұқтырады.
- Аурудың алғашқы белгілері – малдың аяғы ақсаңдап немесе буын ісігі, жем-шөпке тәбеті төмендеу, қимыл-қозғалыстан шектелу, салмағы түсіп, дене қызуы көтерілу мүмкін. Кейде жануардың жыныс органдарынан иіссіз, қоңыр түсті сұйықтық бөлінеді. Аналық малда іш тастау, желіні ісіну болады. Сауын сиырдың сүті азаяды. Қазақта сарып деп аталатын бұл жұқпалы ауруды емдемейді. Тез арада оқшаулап, ет өңдеу орнына жеткізіп, сою қажет. Және мал тұрған орынды залалсыздандыру (дезинфекция) керек. Сарып жұқтырып алмас үшін малды күтіп-баққанда және ет-сүт сияқты өнімді пайдаланғанда мұқият болыңыздар. Малдан кіргенде қолды сабынмен жуып, өнімдерді қайнатып, пісіріп алып қолдану керек, - дейді маман.
Қораға тұрған мал ішіндегі тағы бір жұқпалы ауру – қотыр. Үй жануарларына кенелер арқылы тарайтын індет малдан малға ауру қоздырушысынан тікелей немесе шөп, төсем арқылы беріледі. Әсіресе, мал қорада тұрған кезде өршуі мүмкін.
Қотырдың белгілері кене түрлеріне сәйкес, әр сипатта болады. Мәселен, саркоптоздың инкубациялық кезеңі 2-3 апта. Оған шалдыққан малдың дене қызуы көтеріледі. Бір ерекшелігі – тері қалыңдап, қыртыстанады. Терісінде пайда болған түйін-көпіршіктер мал қасынуынан жарылып, бір-біріне ұласып кетеді. Қылшық қаптары асқынған малдың жүні түсіп, азып кетеді. Өнімі де күрт төмендейді.
Псороптоз жүн жамылғысының тығыз және салалы жерлерінде болады. Жүре келе терісі жалаңаштанған малға суық тиіп, тыныс алу жолдары ауруы жиілейді. Қотырдың бұл түріне биязы жүнді қойлар мен баспақтар бейім.
Хориоптоз жануар денесінде ошақты қабыну түрінде өтеді. Тері беті эпидермис қабыршақтары және кепкен лимфамен жабылып, асты кенелер «мекеніне» айналады. Кенелер тудырған аурулардан малды арылту кешенді түрде жүргізіледі. Оның ішінде емдеу, қораны залалсыздандыру, сырттан келген малды карантинде ұстау, дұрыс азықтандыру және т.б бар.
- Малдың ең жиі кездесетін жұқпалы аурулары тек бруцеллез бен қотыр ғана емес. Сібір жарасы, туберкулез, пастереллез, қарасан, ринотрахеит деген қауіпті аурулар бар. Ауруды болдырмаудың басты алғышарты – тазалық сақтау. Мал қораны таза ұстап, қи-көңді уақытылы тазалап ұстасаңыз, малдың қыстан аман шығуына жағдай жасағаныңыз. Және де, малдың су-азығы таза болуы керек. Кеміргіштер аралап тастаған жемнен мал ауру жұқтыруы әбден мүмкін. Сондықтан, ең бастысы сапалы азық, тазалық. Тазалық жайын мал қараған кезде ұмытпаңыз. Қазақта «Қотыр қолдан жұғады» демей ме. Қолыңызды жуып, малға киген киімді сыртқа қалдырып кетіңіз,- деген кеңес беріп, Нұрлан Әдиетұлы «Басқа жерден малды мал мамандарымен ақылдасып әкелсеңіз, аурулардың таралуына жол берілмес еді» деген ескертуін де айтты.
Сөз соңында: «Мал баққанға бітеді». Атам қазақ осы сөзді өз өмірлік тәжірибесінен түйгені сөзсіз. Жаз – жайлау, қыс – қыстақ деп мал қамымен көшіп-қонып жүргені де содан. Күнкөрісін төрт түлік малдан айырған бабам «мал-жан аман ба» деп, мал амандығын жан амандығынан бұрын сұраған. Жанға да, малға да қыстан аман шығу бұйырсын.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz