4.03.2022, 15:45
Оқылды: 106

Қыз-келіншектер ерекше құрметке бөленді

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Бәйтерек аудандық мәдениет үйінде «Әйел-Ана мәңгілік шуақ төккен ғасырларға» атты салтанатты концерт өтті. Мейірімділік пен сұлулықтың, даналықтың және рухани қуаттылықтың салтанат құрған күні бәйтеректік аяулы аналар мен қыз-келіншектер ерекше құрметке бөленді. Мерекелік кеш нәзік жанды әйел қауымын ғана емес, мәдениет үйіне жиналған барша көрерменді үлкен қуанышқа бөледі. Айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі-бәрі бұл күні асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында болды. 

IMG_0417

Көктем шуағымен, күннің нұрымен келетін нәзік жандылар құрметіне әзірленген салтанатты концертті тамашалауға аудан әкімі Марат Тоқжанов, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлыбек Хайруллин, бөлім, мекеме басшылары мен қызметкерлері келді.

-Ардақты аналар, қадірлі қыз-келіншектер. Сіздерді көктемнің әсем мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Қай кезде де әйел жанының жылуы мен сұлулығы, мейірімділігі мен кеңдігі әлемге рух беріп келеді. Ата-бабаларымыз әйелдің тек үйдегі ғана емес, жаратылыстағы маңыздылығын «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербейді» деп бір ауыз сөзбен жеткізген. Ең қасиетті ұғымдар – Отан, Ана тілі, Туған жерді ананың мейірімі мен қамқорлығына балады.

Қазір де, Сіздер, әсемдік әлемінің үлгісіндей сұлу да сымбатты қалыптарыңызды сақтай отырып, шаңырақтың шырайын келтірер Отанасы – адал жар, үлгілі қызметкер миссияларыңызды қатар алып жүрсіздер.

IMG_0302

Бәйтеректік қыз-келіншектер де барлық салада абыройлы қызмет атқарып келеді. Біздің сұлулар кәсіпкерлік пен саясат, білім мен денсаулық, ғылым мен өнерді еркін меңгеріп, ерлер қауымын жетістіктерімен қуантуда.

Құрметті әжелер, аналар мен аяулы қарындастар, сіздер, заманауи өмір ағымынан да қалыс қалмай, ғасырлар бойы келе жатқан халық даналығын да сақтай отырып, жер бетіндегі әсемдіктің көрінісі болып қала бересіздер.

Осындай шуақты мерекелеріңізде баршаңызға бақыт пен махаббат, еңбектеріңізге табыс, шалқар шабыт пен мол қуаныш, зор денсаулық пен отбасылық бақ-береке тілеймін,- деді концерт басында аудан әкімі Марат Тоқжанов.

IMG_0187

Өзге мерекелерден ерекшеленетін 8 наурыз – әлемдегі нәзік жандының асыға күтетін, жақын-жуығы мен жора-жолдастарынан ерекше сыйлық күтетін мейрамы. Сол себепті де аудан өнерпаздары бұл күнді ұмытылмастай етіп өткізуге барын салды. Басқа тойдан ерекше басталған шара шымылдығын әйел, ана тақырыбында жазылған өлеңдермен ашты. Кейін сахна төріне талайды әсем биімен тамсандырып жүрген үлгілі «Нұр-Ай» би ансамблі шығып, көрермен қошеметіне бөленді.

IMG_0133

Бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербеген ананы ұлықтаған мерекелік кеште «Айналайын» балалар вокалды тобы, «Родничок» балалар фольклорлы ансамблі, Еркін Өтегенов, Валентин Сажин, Кенесары Болғанбаев, Жеңіс Қасымов, Миркурий Жармұхамбетов, Артур Мерғалиев, Әділхан Қадыров, Нұршат Ғұбайдуллин сынды өнерпаздар өздерінің жүрекжарды лебіздері мен әдемі әндерін аудан аруларына арнады. Әсіресе көпке танымал «Скифы», «Серілер» топтарының өнеріне көпшілік тік тұра қол соқты.

Сонымен қатар Аягөз Бейісова, Альфия Исламова, Інжу Мұхтар, Майра Жәметова сияқты сұлу да сымбатты әнші қыздар да концертке ерекше сән бере түсті.

Әйелді бақытқа жетелейтін де, бақытты қылатын да арманы. Сол бақытқа қол созып, ерлермен қатар түрлі салада табысты еңбек етіп келе жатыр нәзік жандылар. Ендеше, барша әйелдер қауымының мерекесі құтты болсын!

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале