Халықаралық әйелдер күніне орай «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігі мен аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен білімді де жан-жақты қыз-келіншектердің арасында «TezTapQuiz» атты интеллектуалдық сайыс өтті.

Бұл сайысқа әр түрлі мекемеден жеті команда сынға түсті. Қатысушылар сұрақтарға тапқырлықпен тез әрі шапшаң жауап беруден бөлек, логикамен де сыналды. Екі сағатқа созылған ой жарысы «Оңай олжа», «Логик тайм», «Айқас» сыңды кезеңдері бойынша өтіп, бас-аяғы 80 сұрақ қойылды.
Нәзікжандылар ғана бас қосқан интеллектуалдық шара былтыр алғаш рет өткізілді. Бірлестіктің тырнақалды жобасы аз ғана уақытта кең сұранысқа ие болғанын айта кетелік.

–Қыз-келіншектердің арасында интеллектуал ортаны қалыптастыруды көздейміз. Интеллектуалдық шаралардың пайдасы болмаса, зияны жоқ. Күнделікті қарбаластан бір сәтке болса да арылып, ой сергіткенге не жетсін. Алдағы уақытта да зияткерлік сайыстарға қатысып, білімдерін дәлелдеп, таным-көкжиектерін кеңейтіп, уақыттарын тиімді өткізуге ұмтылған жандардың қатары көбейсін және аталмыш шарамыз алдағы уақытта да жалғасады, - деп атап өтті «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Арайлым Есмағұлова.
Естеріңізде болса, былтырғы білім бәсекесінде бабажандық ұстаздарымыз жеңістің тұғырынан көрінсе, биыл да осы білім ұясының қос ұстазы әріптестерінің жеңісті жолын жалғай түсті.

Әр кезең сайын асығы алшысынан түсіп, жоғары ұпайларға ие болған М-С.Бабажанов мектебінің намысын қорғаған «IQ.KZ» командасы жеңімпаз атанып, үкі бейнесіндегі арнайы статуэтканы иеленді. Жүлделі екінші орынға аудандық аурухананың атынан шыққан «Церебрум» командасы ие болса, үздік үштікті аудандық кітапхананың қызметкерлерінен құралған «Гауһартас» командасы түйіндеді. Жарыс бойына белсенділік танытқан өзге де қатысушылар алғысхаттар мен естелік сыйлықтарға ие болды.
Нұрай Таубай
Бөкей ордасы ауданы