2.05.2022, 23:45
Оқылды: 87

Қызғалдақ алқабындағы ұлан-асыр той

Рамазанмен қоштасып, көктемнің соңғы айына мерекемен қадам бастық. Казталов ауданына қарасты Қайыңды ауылдық округінде аудан тұрғындары үшін ұлан-асыр той болып, халқымыз еңсесін тіктеп, бір марқайып қалды. Қайыңдының қызғалдақ алқабында киіз үй тігіліп, өңіріміздің түкпір-түкпірінен қонақтар шақырылып, батыс жұртшылығының басын қосқан - «Қызғалдақ көктем – 2022» фестивалі өтті.

IMG-20220502-WA0076

Қосөзен елінің жеті кереметінің бірі саналатын қызғалдақ алқабы өзінің әсемдігімен ерекшеленіп, батыс жұртының ғана емес, күллі қазақстандықтардың қызығушылығын оятты. Қайыңдының талдырмаш қызғалдақтары жөнінде елімізге белгілі ақпараттық порталдар мен телеарналар арнайы мақалалар мен бағдарламалар дайындаған болатын. Қызғалдақтың маңызын арттыру үшін ауданымызда жыл сайын арнайы фестиваль ұйымдастырылып тұрды. Тек, соңғы уақытта коронавирус індетінің салдарынан дәстүрге айналған фестиваль өтпеген еді. Бүгін, міне, Ораза айт мерекесінің алғашқы күні, мамыр айының 2-ші жұлдызында жергілікті дәстүр қайта жаңғырды.

«Қызғалдақ көктем – 2022» фестивалі аясында бәйге ұйымдастырылып, «Қазақ күресі», «Жамбы ату», «Гір тасын көтеру», «Арқан тарту» сынды спорт түрлері бойынша жарыс өтіп, арнайы шақырылған әншілер мен жергілікті өнер майталмандары әуезді әндерімен халықтың жүрегінен орын алды. Фестивальдің ашылу салтанатында аудан әкімі Рүстем Зұлқашев аталған іс-шараның маңыздылығын атап өтті.

- Қайыңды ауылының қызғалдақ алқабында аталған өсімдіктің 10-нан астам түрі бар. 2018 жылдан бастап қызғалдақты қорғау, экологиялық талаптардың қатаң сақталуын қадағалау, туған жердің ерекше орындарын дәріптеу мақсатында қызғалдақ фестивалдері ұйымдастырылуда. Соңғы уақытта әлемді жаулаған індеттің салдарынан іс-шаралар да тоқтатылған болатын. Бүгін халық үшін арнайы бағдарлама әзірленіп, халық назарына ұсынылуда. Біз бұл фестиваль арқылы қызғалдақтың маңыздылығын арттырып, оны қорғау жұмыстарын жетілдіреміз. Сонымен қатар сиреп бара жатқан бұл өсімдік түрін халық арасында насихаттап, ғұмыры қысқа тіршілік иесін қорғауда белсенділік танытуға шақырамыз, - деді аудан әкімі.

Ал фестивальге арнайы келген Денис Марыксиннің жанұясын қызғалдақтардың көптігі таңғалдырды.

- Біз «Қызғалдақ көктем – 2022» фестивалін тамашалауға келгенімізге өте қуаныштымыз. Қызғалдақтар - киіктер секілді даланың символы. Мен отбасыммен бірге қызғалдақтар алқабына алғаш рет келіп отырмын. Жалпы Казталов ауданының тарихымен таныспын. Осы уақытқа дейін Жалпақтал ауылында болып, «Жалпақтал қалашығын» зерттеу жұмыстарына қатысқанмын. Сондықтан Қосөзен елі - маған ыстық мекендердің бірі. Шыны керек, қызғалдақты осыдан бірнеше жыл бұрын Тасқала ауданына сапарымда жол бойынан көргенмін. Ол кезде мұндай әсер алмадым. Ал бүгін көздің жауын алар алқапты көргеніме таң қалдым. Алдағы уақытта бұл аумақта зерттеу жұмысын жүргізуді де ойға алып отырмын. Сонымен қатар фестивальде ұйымдастырылып жатқан бәйге, ұлттық ойындар өзіме де, отбасыма да ерекше әсер сыйлады. Себебі біз балаларымызға қазақтың ұлттық дәстүрін дәріптейміз, - дейді тарихшы.

Сондай-ақ Орал қаласынан арнайы келген Марыксиндар жанұясы өмірінде есте қалар іс-шараны ұйымдастырған жандарға ризашылықтарын білдірді.

Өзге ұлт өкілдерін тамсандырған ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыстардың қорытындысына тоқталсақ, фестивальдің басты додасы, бәйгенің маусымашарында қанды тайлардың жарысында Нұрғали Айболатов ІІІ орын, Нұрлыбек Есполов ІІ орын, Сабырғали Қойшекенов І орынға ие болса, «Ернұр ШҚ» демеушілігімен өткен тай жарысында Айдынбек Оразғалиев V орын, Альберт Айткеев ІV орын, Айболат Айткеев ІІІ орынға, ал қайыңдылық Миржан Әдиетов І және ІІ орындарға ие болды. Құнан жарысы бойынша тасқалалық Манас Исағалиев V орын, бөкейордалық Алмас Ғайсин ІV орын, көктеректік Нұрболат Әдиетов ІІІ орын, жалпақталдық Ербол Әміржанов ІІ орынға ие болса, Тасқала ауданынан келген Ерасыл Алдабергенов бас жүлдені қанжығасына байлады.

Топ бәйгеде көктеректік Сабырғали Қойшекенов ІІІ орыннан көрінсе, ақжайықтық Болат Әйткеев ІІ орын, Жанқабыл Сәтпаев І орынға ие болды. Доданың бас бәйгесі Аламанда Қайыңды ауылдық округінің тумасы Бексұлтан Ибатов бас жүлдеге ие болса, Шыңғырлау ауданынан келген Мирас Наурызбаев ІІ орын, бәйтеректік Сәндібек Қадырбаев ІІІ орыннан көрініп, біріктік Өтепберген Бекжанов ІV орын, ақпәтерлік Жарқын Айтуғанов V орыннан көрінді.

Ұлттық спорттық ойындардан «Арқан тарту» бойынша Жаңажол ауылдық округі ІІІ орын, Көктерек ауылдық округі ІІ орын, Бостандық ауылдық округі І орынға ие болды.

«Гір тасын көтеруден» Айдынбек Өмірзақов ІІІ орын, Әскербек Төлемісов ІІ орын, Жасұлан Құлқайыров І орыннан көрінді.

«Жамбы ату» ойынынан бас жүлдені жаңажолдық Елебек Елеусін қанжығасына байласа, казталовтық Мейрам Гиляжев ІІ орын, шыңғырлаулық Талғат Жарылғасов ІІІ орынға ие болды.

Ал фестивальге жиналған палуандар қазақ күресінен үш салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, кіл мықты анықталды. Нәтижесінде, 60 келі салмақ дәрежесінде Көктерек ауылдық округінің палуандары Мамай Төреғалиев ІІІ орын, Нұрбай Рахымжанов ІІ орын, Сержан Лұқпанов І орынға ие болса, 70 келі салмақ дәрежесінде бостандықтық Жігер Маусымов ІІІ орын, көктеректік Жанайдар Меңдешов ІІ орын, тереңкөлдік Боранбай Ғалламов жүлделі І орыннан көрінді. 70 келіден жоғары салмақ дәрежесінде үздік үштікті жалпақталдық Қанат Мұсағалиев түйіндесе, тереңкөлдік Жасбуын Данабаев ІІ орынға ие болып, көктеректік Бекайдар Меңдешов жүлделі І орынды қанжығасына байлады.

Фестиваль аясында қызғалдақ көрмесі, қол өнер бұйымдары, қыл қалам шеберлерінің туындылары халық назарына ұсынылды. Сондай-ақ, Қайыңды қызғалдағы мен даланың Бүркітімен арнайы фотосессия ұйымдастырылды. Қызғалдақ хақында аңыз-әңгімелер айтылып, әндер шырқалып, жастарымыз алтыбақан жанынан табылып, жұртшылық киіз үйден арнайы әзірленген ақтан дәм татты. Мәні мен мазмұны келіскен мұндай фестиваль қызғалдақтарды қорғау және санын арттыру мақсатында үш жылдан соң ұйымдастырылмақ.

Қыдыр Харесұлы, 

Асылбек Нәсіпқали, 

Казталов ауданы, 

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале