Дәрігер - адам жанының арашасы. Жаны қиналып, дертіне дауа іздеген адамға бұл кісінің құтқарушыдай көрінетіні анық. Міне, осындай сан мыңдаған адамның құтқарушысына айналған ақ халатты абзал жандардың еңбегі қашанда бағалы. Әсіресе қазіргі кезде елімізде қауіпті індет тараған уақытта олардың абыройы арта түсті. Халықпен бірге екендігін дәлелдеп, белсене жұмыс жасады. Қызметіне деген адалдығын танытып, тәуекелге барды.
Бүгінде дәрігерлердің жұмысы қызып жатыр. Себебі дәл қазіргі шақта емхана мен ауруханаға қызуы көтеріліп немесе тұмаумен ауырғандар жиі баруда. Олардың барлығына қызмет көрсетіп үлгеру қажет. Міне, осы шақ – ақ халатты жандарға сынақ. Осындай қарбалас жұмыстың арасында Жаңақала аудандық ауруханасының №12 учаске медбикесі Мөлдір Оразбаевамен сөйлесудің сәті түсті. Кейіпкеріміз мамыр айында Батыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасың «COVID-19»-бен ауырғандарды емдеу бөлімінде еңбек етіп келді. Ол өз өмірін тәуекелге тіге жүріп, табандылықпен тәулік бойы кезекшілік атқарып, мылтықсыз майданда халқының денсаулығы үшін қолынан келген көмегін аямады.
Аудандық аурухана емделушілері де Мөлдір Алпысбайқызын өте жақсы көреді. Жылы шырайлы, ашық мінезді мейірімді медбике 15 жылдан астам ақ халатына кір жұқтырмай, Гиппократ антына адал болып, мамандығын мақтан тұтып келеді.
- Еліміздегі ахуалға байланысты дәрігерлердің жұмысы қауырт. Және қауіп пен қатерге де толы болып тұр. Бұл – бізге берілген үлкен сынақ, ауыр жүк. Жұмыла еңбек етудің нәтижесінде бұл індетті жеңеміз, күресеміз. Алайда халық арасында кері пікір тудырушылар бар екенін естіп отырмыз. Індеттің бар екеніне көпшілік сене бермейді. Осы орайда маман ретінде айта кетейін, бұл дерт бар. Коронавируспен жұқтырғандарды, ауырып, қиналғандарды облыстық ауруханада өз көзіммен көрдім. Ал коронавирус инпекциясының елімізге тарағанын мен де бұқаралық ақпарат құралдары арқылы естіп, білдім. Алғашында қорқыныш сезімі болды. Кейіннен үйреніп кеттік. Бүгінде науқастарды көбейтіп алмау мақсатында жұмыстанып жатырмыз,-дейді медбике М.Оразбаева.
Симптомы жоқ науқастан да ауру жұғады
Мойындаған жөн. Халық әлі қауіптің індеттің бар екеніне сенбей жүр. Тіпті қазіргі сәтте оның екі түрі пайда болды. Симптомды және симптомсыз науқастар анықталып, оларға қажетті ем-шара көрсетіліп жатыр. Алайда тұрғындар арасында түсініспеушілік те жоқ емес. Осы тұрғыда маман пікіріне құлақ түрген жөн.
- Симптомсыз деген ешқандай клиникалық белгісі жоқ ауру түрін айтады. Мұны басқаша вирус тасымалдаушы деп те айтады. Адамда ешқандай клиникалық белгісі байқалмайды. Дегенмен айналасындағы адамдарға жұқтыру қаупі бар. Осындай науқастың түрі де көбейіп жатыр. Дегенмен, симптомсыз түрі деп отыра беруге болмайды. Адам өзін-өзі бақылауы қажет. Әр адамның иммундық деңгейіне байланысты қандай да бір белгі пайда болуы мүмкін. Симптомсыз науқасты 14 күн бақылағанның өзінде еш көрініс болмауы керек. Сол адамды біз «Симптомсыз науқас» деп атаймыз. Көбінесе 20-59 жас аралығындағы тұрғындардың ауруы симптомсыз және жеңіл түрде өтеді. Бірақ ол кісілер эпидемиологиялық тұрғыда қауіпті. Симптомдары бар адамдарда дене қызуы, жөтел, бас ауруы секілді клиникалық көріністер болады. Әсіресе, жөтелген, түшкірген адамдар аса қауіпті. Олар өз сілекейімен бірге вирусты ауаға, қасындағы адамға шашыратуы мүмкін. Вирустың сыртында майлы қабыршағы болады. Сондықтан бұл вирус адамға жабысқақ болып келеді. Сондықтан да қолды сабынмен жуу және спиртпен сүртіңіз деп жиі айтамыз. Себебі спирт пен сабын майды ерітіп жібереді,-дейді Мөлдір Алпысбайқызы.
Иә, әлемді шарпыған «COVID-19» індеті келгелі дәрігерлер күн-түн демей еңбек етіп жүр. Көрінбеген жауға жанкештілікпен қарсы тұрып, жұмыс істеп жатқандардың еңбегі ерекше.
Мамандығын мақтан тұтқан жан
- Бізге берілген міндетті толық орындап, абыроймен атқаруға тиістіміз. Дәрігерлер антына адалдық танытып, халыққа қажетті көмекті көрсетуде
Жалпы, мен медицина саласына бар ынта-ықыласыммен, жүрек қалауымен оқуға түстім. Мамандығымды сүйіп таңдадым. Сондықтан болар, облыс орталығындағы «COVID-19»-бен ауырғандарды емдеу бөліміне сұранып, өз еркіммен бардым. Мен бұған өкінбеймін. Өйткені ауру ошағының ортасында болып, жан-жақтан келген білікті дәрігерлерден тәжірибе жинадым. Тағы да барудан тартынбаймын. Себебі, ел-жұртыма бір жәрдемім тисе, ол мен үшін үлкен қуаныш.
Бүгінгі таңда мамандығым бойынша еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Мамандығымды әркез мақтан етемін. Халықпен сөйлесе білу – ең бірінші мақсатымыз. Жылы сөзбен де науқас адамның көңіл-күйін реттеуге болады. Кейде халықтың арасында түсініспеушілік туындап жатады. Кейде ықыласына, құрметіне бөленеміз. Халықтың алғысын алу - дәрігер үшін ең жоғарғы марапат деп ойлаймын, - дейді ол.
Алтынбек Серікқалиұлы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz