23.06.2021, 11:09
Оқылды: 43

Қызметті мінсіз атқару - міндет

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2003 жылы әр жылдың 23 маусымын Мемлекеттік қызметшілер күні деп атап өту жөнінде ұйғарым жасаған болатын.

Бұл шараның халықаралық аренада мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызметшінің статусын көтеруге оң ықпал еткені ақиқат.

0FFC9C29-FAF5-45AE-ACBF-A3E2A5159C54

Қазақстанда Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 23 маусымды Мемлекеттік қызметші күні деп жариялап, арнайы Жарлыққа қол қойған.

Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті туған Отаны мен халқына адал қызмет етумен бағаланады.

Әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы мемлекеттік қызметкер болып табылады.

Ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет. Мемлекеттік қызметші қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді. Сондай жанның бірі – Теректі аудандық мәслихатының мемлекеттік қызметшісі – Жұмағыз Даужанова.

Жұмағыз Сұлтанқызы – жанары от пен мейірімді қатар  шашып тұратын, қазақи ізеттілік пен замануи сананы бір бойына сіңірген ерекше адам.

Аудандағы тәжірибелі, қызметін мінсіз атқаратын Жұмағыз Сұлтанқызының еңбек өтілі отыз жылдан астам. Қазақстан Республикасының алғашқы мемлекеттік қызметкерлері қатарында Ж.Даужанова Теректі ауданының экономика және қаржы бөлімінде салмақты еңбек еткен. Кезінде ауданның қаржы бөлімі деп аталған мекемеде 11 жыл 10 ай қызмет жасады. Соның 8 жыл 10 айы – аудандық қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары лауазымында, жауапты қызметте болды. Одан соң аудан әкімі аппаратында да бас маман дәрежесінде жұмыс жасады.

-Жұмағыз Сұлтанқызы біз үшін мемлекеттік қызметкердің үлгісі десек, артық айтқандық болмас. Аудандық мәслихаттың есеп-қисабын асқан дәлдікпен шығарып отырады. Біздің мекемеде бюджет қаражатының орынымен жұмсалуы – осы кісінің қолында. Үйрену, меңгеру қабілеті өте жоғары. Есеп жүргізу қасаң сандармен байланысты болғанымен,  ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологияны қолдану арқылы көптеген жаңалық-өзгерістер енгізіліп жатады. Соның қай-қайсын да ол тез арада үйреніп алады. Ол кісінің тағы бір жақсы қасиеті – өз білгенін өзгелерге үйретуге дайын тұрады. Қайырымды, адамгершілік қағидаттарын мықты ұстанады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшінің қызметтік этикасын орындауды, өзіне тапсырылған міндетті адал және тиянақты атқаруды борышым деп санайды,- дейді әріптесі, Теректі аудандық мәслихаты аппаратының басшысы Болат Кенжеғұлов.

Жұмағыз Сұлтанқызы тек қызметте емес, отбасында да үлгілі жан. Ізін қуып, мемлекеттік қызметте жүрген ұлы Айдар анасынан үлгі алатыны сөзсіз.  Ал немересі Мәлика үшін ол ең  сүйікті әже.

Дана халқымызда «Билігі мықты елдің – тірлігі құтты болады» деген сөз бар. Жүгі ауыр билік міндетін атқарып жүрген барша мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекесімен құттықтап, халыққа қызмет ету жолындағы адал еңбектеріңіз жемісті болсын дейміз.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале