"Қазақстан Қызыл Айы" қоры жаңа коронавирустық инфекция (COVID-19), "Қызыл Крест" және "Қызыл Ай" қоғамының халықаралық федерациясымен (ХҚК) бірлесіп және АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігінің (USAID) қаржылық қолдауымен індет туралы қалыптасқан алыпқашпа әңгімелердің алдын алу және оларды жою шаралары үшін халықты ақпараттандыру жобасын іске қосты.
Жобаның негізгі мақсаты - аурудың алдын алу, жеке гигиена ережелері және пандемия жағдайында қорғау шаралары туралы көпшіліктің білігін арттыру, жаңа коронавирустық инфекция туралы қалыптасқан мифтерді жою, сондай-ақ ауру және карантинде жүргендерді стигматизациялауды болдырмау.
Жуырда "Қызыл Ай" қоғамдық қорының Батыс Қазақстан облыстық филиалының директор-тренері Светлана Тенишева Переметный, Зеленый, Егіндібұлақ, Белес, Щапов, Шалғай, Көшім, Янайкин, Железнов ауылдық округтері өкілдері мен волонтерлерге презентациялық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ақпараттық сессияда теориялық және практикалық тәжірибе алмасып, (COVID-19) коронавирустық инфекцияға қарсы ауыл тұрғындары үшін парақшалар үлестірілді.
Шарада барлық сақтық шаралары ескеріліп, арақашықтық сақталды.
Нұрлыбек Қыдырғалиұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz