Бөрлі ауданы әкімінің шешімімен 11 наурыз күні аудан аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Төтенше жағдайларды жою бойынша аудандық штаб құрылып, қауіпті аумақтарда әлі де тәулік бойы жұмыстар жүргізілуде.
Тосыннан тап берген тасқын су Ақсай қаласынан өзге қала маңындағы Қызылтал, Аралтал, Кеңтүбек, Пугачев ауылдары, Бақтыарал, Қарашығанақ елді мекендеріне айналдырған үш күннің ішінде лап берді. Бір ғана Ақсай қаласының өзінде 40-қа жуық үйге су кірді. Аулалары суға толып, жазғы үй, гараж, қораларын су басқандардың саны көп-ақ.
Ақбұлақ ауылындағы су бөгетінің бұзылуына байланысты, алғашқы күні Қызылтал ауылына қызыл су келді. Оннан аса баспанаға су кіріп, тұрғындар қауіпсіз жерлерге көшірілді. Біз барған Бейбітшілік көшесіндегі үш үйді бірдей су алып кеткен. Тұрғындар аз уақыттың ішінде қызыл су көтеріліп, үйге кіріп кеткенін байқамай да қалғандығын айтады. Жаңадан салынған үйлердің қабырғаларынан судың деңгейі 30 см-ге дейін көтерілгендігі байқалады. Жиһаз, техникалардың дені жарамсыз күйде қалды. Тұрғындар қар суының осынша деңгейде көтерілуін бұрын-соңды көрмегендігін айтады.
Қызылталда су сору жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Іргедегі ірі кәсіпорындардың көмегімен ауыл балабақшасы алдындағы су сорылып, ауыл ішімен жүретін сайға құйылып жатыр.
Аралтал ауылында да жағдай мәз емес. Мұнда тұрғындар нақты қанша үйді су басқанын айта алмай отыр. Дегенмен ауылдың шеткі үйлері түгелімен су астында қалған-ды. Басты көшеде аудандық жастар ресурстық орталығының еріктілері қапшыққа құм толтырып, қызыл судың үйлерге кіру қауіпін алдын алуға жұмыстанып жатыр. Өйткені ауыл маңындағы Шыңғырлау өзенінің деңгейі көтеріліп, жұртты әбігерге салуда.
-Әзірше су біздің үйге келе қойған жоқ. Дегенмен өзге баспаналардың ішіне су кетіп жатыр. Көршілерімнің үйі де аман. Мен 20 жылдан аса осы жерде тұрамын. Бірақ мұндайды бірінші рет көруім. Үлкендердің айтуынша, мұндай деңгейде судың көтерілуі 1955 жылдары болған. Алдыңғы жылы қайықпен жүретін су жиналды. Бірақ тап мынадай болмады. Түнде аяз болса, сорығар еді, - дейді ауыл тұрғыны Төлебай Бижанов.
Ауыл шетінде жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар күштеріне Атырау облысынан көмеке келген төтеншеліктерді көрдік. Атырауық құтқарушылар ауданға келгеннен соң бірнеше топқа бөлінген. Дені тұрғындарды эвакуациялау жұмыстарына қатысуда. Атырау облысынан жалпы 25 адам мен 6 техникадан тұратын ТЖД тобы көмекке келген еді. Кешегі күні Кеңтүбек, Бақтыарал, Пугачев ауылдарынан адамдарды қауіпсіз жерлерге көшітуге ат салысқан.
-13 наурыз күні жұмысқа шыққанда үй алдындағы сай судан толып қалғанын көрдік. Бірақ қардың еріген суы екен деп алаңдай қоймап едік. Түскі уақытта көршілеріміз хабарласып, үлкен көлемде су келгенін айтты. Құжаттарымызды алып туыстарымыздың үйіне бардық. Көршілер де аман. Тек қора-қопсыларына су кірген. 2001 жылы Қаратөбе ауданынан көшіп келгенбіз. Жылда су жиналады. Бірақ мұндай мол мөлшерде бірінші рет. Құтқарушылардың көмегімен үйімізді қарап, үйімізге су кірмегенін көріп, қуанып отырмыз. - дейді аралталдық Аққу Комытова.
Аралтал ауылындағы су деңгейі төмендегенін қала әкімі Арсен Баяндыковта мәлімдеді. Шаһар басшысы қала аумағында шамамен 40-қа жуық баспанаға су кіргендігін айтады.
-Бұл нақты емес. Өйткені су деңгейі үлкен болғаннан кейін нақты неше үйге су кіргендігін біле алмай отырмыз. Қызылталда қауіп сейілді. Бірнеше жерден асфальтты кесіп, суды жүргіздік. Қала бойынша темір жол бойымен келген су екі жаққа ағып, бірнеше нысан, баспанаға су кірді, - деп атап өтті Арсен Толқынұлы.
Пугачев ауылында да жағдай мәз емес. Ауыл әкімі Мереке Ізтілеуовтың айтуынша, 25 шақты үйді су алған. Кешегі күні судың келуі күшейіп, бүгін басылған. Ақсай қалалық №8 орта мектептегі эвуакуация орнына 25 адамды көшіріп, малдарды қауіпсіз жерге шығарған.
Ауылдағы Бірлік, Шығыс және Жағалау көшереліне келген қарғын суды тоқтатуға бірнеше кәсіпорындарда атсалысқан.
-Расында да жағдай жеңіл емес. Аya температурасының күрт көтерілуі, қардың тез еруі, кейбір жаңадан салынған жолдардың салдарынан табиғи су арналарының өзгертілуі және тағы басқа жағдайларда себепкер болып жатырғаны анық. Бірақ табиғи қауіп алда болуы мүмкін, себебі Қызылталға жоғары жақтан су келетінін барлығымыз білеміз. Және де жоғардан келетін "қызыл" суды ауылдан айналдырып өткізу үшін арнайы инженерлік қоршаудың құрылысы жүріп жатқанын да білеміз. Осы құрылысты жергілікті тұрғындарды бірге бақылауға алуға шақырамын. Қазіргі жағдайда Ақсай қаласының су басу қауіпі бар участкелерінде менің әріптестерім, жауапты мекемелердің қызметкерлері және қала тұрғындары күні-түні жүр. Бірлескен жұмыстың арқасында су тасқының қауіпсіз өткізіп, ретімен өзен, сай-көлдеріміз жеткізіп алсақ, жақсы болар еді. Арнайы техникаларды беріп, көмек көрсетіп жатырған компания басшыларына өзімнің және жерлестердің атынан рақметімді айтамын. Арнайы шешіммен "Жергілікті денгейдегі төтенше жағдай жарияланды”, КПО б.в. компаниясының мердігерлері арнайы техникаларын осы іске қатыстырып жатыр. Олар - БМС, Сичим және т.б. Бұдан бөлек жергілікті азаматтарда А. Агаев, Б. Гадельшиев, Л. Елеусинов, Ж. Курманкулов, Е. Мергалиев сияқты жерлестеріміз техникаларымен және қауіпті участкелерде жауапты болып көмек көрсетуде, – деп атап өтті аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов.
Ия, апат айтып келмейтіні рас. Оған ешкімді кінәлауға болмайды. Тиісті мекемелер өз жұмыстарын қалтқысыз атқарып та жатыр. Қоғамдық тәртіпті сақтау және су басқан үйлерден тонау фактілерін болдырмау үшін полицейлер кезекшілік етуде. Қазіргі сәтте Шыңғырлау өзенінде су деңгейінің төмендеуі байқалады.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz