20.04.2021, 15:51
Оқылды: 52

«Қызыл тудың» тілшісі – «Қызыл жұлдыздың» иегері

Сырым ауданындағы С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде Т.Ербасовтың Жымпиты ауданының орталығындағы орта мектепті бітіргендігі жөнінде аттестат сақталған. Аттестат 1939 жылы берілген. Т.Ербасов кім? Оның аттестаты не үшін аудандық газеттің тарихына арналған бұрышта тұр?

 тілші1

«Қараңғы қазақ көгіне...»

Ташай Ербасов 1921 жылы Сырым ауданы, Сарой ауылдық округінде дүниеге келген. 1929 жылдан Бұлдыртыда бастауыш мектепте оқып, сол жерде 4-сынып бітірді. 1933 жылы 1 қыркүйекте Жымпиты орта мектебіне интернатқа келіп, 5-сыныпқа өтеді. Мектептің қысқы отынын оқушылардың өзі қамдайтын кез. Мектептер тар, оқушы көп, орын тығыз уақыт. Киім жоқ, ауқат тапшы. Тазалық болмағасын, бөртпе, сүзек қаптаған. Соған қарамастан, Ташай бір жігетін білім алуға жұмсады. Өмірбаянын қарап отырсаң, ол бала күнінде-ақ ауыл қазағының арасында білім шамының жарығындай жарқырағанға ұқсайды.

- «1935 жыл мен үшін елеулі жыл болды. Осы жылы 7 класта ВЛКСМ мүшелігіне өттім. Сонымен қатар Қазақ Автономиялы Республикасының 15 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтті. Жиналыстан кейін еңбек озаттарына заттай сыйлықтар табыс етілді. Жиналысқа қатысқан оқу озаты болған үш оқушыға жүн матадан тігілген костюм сыйлыққа берілді. Бұл біз үшін үлкен құрмет еді. Әрі киімді болып, әрі құрметті болып қатты қуандық. Сыйлық алғандар республиканың 15 жылдығы белгісіне ұсынылды», - деп жазады ол естелігінде.

1935 жылы Ташай Ербасов және басқа да мектеп оқушыларын аудандық комсомол комитеті ересектердің сауатын ашуға жібереді. Ол «Смычка» совхозына аттанып, хат танымайтындарға әріп үйретуге белсене қатысады. Міне, Ташай «қараңғы қазақ көгіне өрмелеген» ұландардың бірі еді.

Мектептен кейін оны білімнің тағы бір биігі – Орал қаласындағы педагогикалық институт күтіп тұрды. Физика-математика пәнінің мұғалімі болған ол еңбек жолын елінен бастады. Ұстаздық ете жүріп Ербасов қалам ұстауға да уақыт тапты. Сол әуестігі оны аудандық «Қызыл ту» газетімен жақын етті. Оның әр жылдарда жазған мақала-ақпараттары сол заманның үніндей болып жаңғырады.

- 1937 жылы мен 9 класс оқыдым. Бұл жылы ауданда жеке адамға табыну, жазықсыз адамды жазалау науқаншылықпен жүргізілді. Мұғалімдер И.Букин, Г.Әтиев «халық жауы» деп мектептен шығарылды, түрмеге қамалды. Оқушы Қ.Санатованың әкесі аудандық жер бөлімінің бастығы Ғабдол Санатовтың диірмені болғанеді. Сол кісіні адамды қанады деп ұстады. Қызы Қырмызы оқудан, комсомолдан шығарылды. Сол кезде осындай оқиғалар көп болды», - дейді «37-нің» куәгері.

31 «тіл» алып келген

Қособада Ташайдың еңбек жолы басталып жатқанда, Кеңес шекарасына фашистер басып кіріп, одақтың ана қиырында соғыс басталып жатты. Оқыған жігітті оқ ортасына жібергеннен гөрі, әскерилерді оқытуға жіберген дұрыс деп есептеген Орал облыстық әскери комиссариаты Ташайды Оңтүстік Орал әскери округінің саяси жетекшілер (политрук) дайындайтын училищесіне жібереді. 1942 жылдың қаңтарынан маусымға дейін ол кіші саяси жетекші, кіші лейтенант әскери атағын алып шықты.

тілші2

1942 жылы 15 тамызда 85 офицерді Калинин майданына генерал-полковник, кейін Кеңес Одағының маршалы, екі дүркін Кеңес Одағының батыры атанған Иван Коневтің қарауына жіберу жайлы бұйрық беріледі.

Ташай Ербасов – сол сайыпқыран 85 офицердің бірі еді. Оған тың тапсырма, ауыр міндет жүктелді. Неміс тілін білетін Ташай №186 атқыштар дивизиясы, 290 полктік барлаушылар ротасына саяси жетекші қылып жіберіледі. Ол соғыстан кейін, 1965 жылы «Қызыл ту» газетіне жауынгерлік жолы жайлы естелік жазған. Газет қиындысы ұрпақтарының қолында сақталған. Ескірмеген естелікті, есіл ер жасаған ерлікті бірге оқиық:

- Мен училищеде неміс тілін біркелкі тәуір үйренгенмін. Сондықтан да полк командирі мені сол күннен бастап барлаушылар бөліміне саяси жетекші етіп тағайындады. Полктік барлау кезінде 37 неміс «тілін» әкелдік. Ленинград обкомы бірінші хатшысы А.Ждановты, командашы К.Е.Ворошиловты қорғап тұрдық.

Сол бір қаһарлы күндер әлі есімде. 1942 жылдың 4 август күні болатын. Бір топ жауынгерге төтенше тапсырма берілді. Ол – жау тылынан «тіл» әкелу. Бұл жұмысты басқару маған тапсырылды. Қасымда өзімнен басқа 9 адам бар. Біз ол кезде Калинин түбіндегі орманның бергі жағасында болатынбыз. Ал, орманның ішінде жау армиясы орналасқан. Қарауымдағылардың бәрі де бірнеше рет операцияларға қатысып жүрген тәжірибелі барлаушылар екен. Тап сол сәтте күн әдеттегідей ашық болмады. Аспанды қара бұлт басып, қара нөсер құйып тұрды. Түн. Көзге түртсе көргісіз қараңғы. Біз орман ішіне кіретін үлкен қара жолдың бойымен жүріп келеміз. Мақсат белгілі. Жаудың қапысын тауып, реті келсе соғыстық маңызы бар «тіл» алу. Тапсырма жауапты да, қауіпті. Біз жайлап жылжып келеміз. Артық сөз, орынсыз қозғалыс жоқ. Не болса да алған бетімізден қайтпау сертіміз бар. Қашан ойлаған мақсатымызға жетеміз деген ой құшағында дегбірсіздене түсеміз. Екі көзіміз алдымызда. Оқта-текте ғана әлде не сыбыс болар екен деген оймен құлақ тосып тыңдап аламыз. Осы ой үстінде іштей дем алып, әрбір қадамымызды санай отырып келе жатқанымызда жолдың жанында немістердің батпаққа батып жатқан мотоциклін көрдік, жаудың дәл үстінен шыққанымызды бір-ақ сездік. Жатыңдар деп ыммен жауынгерлерге команда бердім. Жер бауырлап еңбектеп келеміз. Әрбір метр жер үшін ептілік пен байсалдылық керек мұндайда. Біздің барлаушылар мұны жақсы білетін жігіттер. Міне, жақын да келіп қалдық. Жау үш адам болып шықты. Екеуі мотоциклде, біреуі қалғып отыр. Сірә, бұл күзетші болу керек. Біз батыл да тез қимыл жасадық. Қарауылдап отырған жау солдатының аузына орамал тығып, қолын тез артына байлап тастап, жатқан екеуін анау-мынау қарсылығына қарамастан қолдарын артына байлап, үнін шығармай тастадық.

Біздер асығыс жүріп тұтқындарды өз штабымызға жеткізу мақсатымен баяғы қара жолмен кері жүріп келеміз. Тұтқындардың біреуі – неміс армиясының подполковнигі, екіншісі – лейтенант, үшіншісі ефрейтор болып шықты. Бізді полк командирі қуанышпен қарсы алды. Ол қолымызды қысып «Жарайсыңдар қырандар!» деп ризалық білдірді. Кейін есіттік. Біз ұстаған тұтқындар өте маңызды соғыс құпияларын еш бүкпестен айтып беріпті. Мұның өзі біздің сол маңдағы армиялардың шабуыл жасауына қолайлы жағдайды қалап алуына мүмкіндік берген. Жау қыруар соғыс техникасы мен адам күшінен айырылып, кейін шегінуге мәжбүр болды. Осы сапардағы еңбегім үшін СССР Жоғарғы Советі Президиумының Указымен «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталдым», - деп сөйлейді біздің газет.

Ер Ербасов есімізде жүрсін...

Кейіпкеріміз Ржев түбіндегі шайқаста ауыр жараланды. Бір өңіріне «Қызыл жұлдызды», бір өңіріне І дәрежелі Отан соғысы орденін тағып, 1943 жылдың тамызында елге оралды. Сан салада қызмет етті. Зайыбы Шәмшібану екеуі ұрпақ қызығына, ел құрметіне бөленді. Ер Ербасов 1991 жылы маусымда дүниеден өтті.

Осы сәуірде асыл азаматтың дүниеге келгеніне 100 жыл толады. Ташай Ербасов – педагог, майдангер ғана емес, біз үшін газетіміздің тілшісі ретінде де қымбат. Ол 1940 жылдан бері Жымпиты аудандық «Қызыл ту» газетінің штаттан тыс тілшісі болған. Оның құжаттарының музейдегі газеттің тарихына арналған бұрышта тұрғаны да – сондықтан.

Ташай қарттың немересі Бақытжан Ербасов атасы жөнінде «Өнегелі өмір жолы» атты жинақтың шыққанын айтып қуантты. Біздер ер Ербасов жайлы ұрпағы ғана емес, түгел елі білсе дейміз. Сол мақсатпен осы мақаланы жаздық.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале