Қызылтал ауылында Ақсай қаласының әкімі Арсен Баяндықов тұрғындармен кездесті. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов және аудан бөлімдері мен мекеме басшылары қатысты. Жиын барысында жол, көше жарығы, электр желілерінің тозығы, балаларға арналған ойын алаңдары және мал бағатын жердің тапшылығы туралы мәселелер көтерілді. Қала әкімі ең бірінші тұрғындарды жол мәселесімен ақпараттандырды. Себебі Ақсай қаласының кешенді даму жоспарындағы басты мәселесі – жол. Былтыр тұралап қалған бірнеше шақырым жолды жөндеу биыл қарқынды жүріп жатыр. Қаламыздың 7-шағынауданынан бастап 9, 11, 12, 13 және 2021 жылы басталып, аяқсыз қалған «Құрылысшы-1» мен «Құрылысшы-3» көшелерінде жол жөнделеді. Қазіргі уақытта жол салу басталып кетті. Сонымен қатар биыл Ақсай мен Қызылталды жалғайтын тіке жол (бетон) салынатындығын қала басшысы айтып өтті. Құрылысқа жергілікті мердігер «АқсайБизнесСтрой» ЖШС жауапты.
- Бүгін Қызылтал ауылының тұрғындарымен екінші тоқсанның кездесуін өткіздік. Бұрын тұрғындармен кездесу жылына бір рет болатын. Қазір тоқсан сайын қандай жұмыс жүргізіліп жатқандығын халыққа жеткізіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап береміз. Бүгін тұрғындар жол, көше жарығы, электр желілерінің тозығы, мал бағатын жердің тапшылығы мәселелерін көтерді, - дейді қала басшысы Арсен Толқынұлы.
Жеңіс көшесінің тұрғындары өз көшелерінде асфальт жоқтығын, жолдың шұңқыр екенін айтты. Жаңбыр жауса көлік кіре де, шыға да алмайды деп зейнеткерлер шағымын білдірді. Арсен Толқынұлы келер жылы жоба жасалып, қаражат бөлінгеннен кейін Қызылтал ауылындағы асфальт төселмей қалған көшелерге жол салынатындығын айтты.
- Шағынаудандағы қазір жүріп жатқан жол салу жұмысы көз қуантады. Көшемізге қарай жақындап қалды. Сол жолмен күнде жүреміз. Біздің көшеміздегі басты мәселе – жол. Жаңа айтып кеткеніңізді түсіндік. Тұрғындарға жеткіземін. Мен «Құрылысшы-3» көшесінің тұрғынымын. Біздің жаққа балалар алаңы керек. Балаларымыз ойнау үшін басқа «Халық market» дүкенінің қасына немесе осы Қызылталдағы мектеп пен клубтың артындағы алаңға келіп ойнайды. Балаларға тым алыс. Келесі мәселе - көшедегі жарық. Былтыр электр бағаналары ауыстырылды. Атқарылған жұмысқа ризамыз. Тек жарық шамдары қайта-қайта жанып кетіп тұр. Қыста осы мәселе туындағанда жауапты мамандарға айтып, ауыстырып алдық. Бірақ та оның өзі бір айдан кейін жанып кетті. Осы мәселені де өзіңізге түртіп алсаңыз. Келесі мәселе Ақселен көшесіндегі жол керемет. Тек жол белгілерінің жоқтығы салдарынан көлік апаттары көп болады. Тек бір жерде ғана бар. Сол көше бойына жол белгілерді қойылса дейміз, - деді аталған көше тұрғыны Азамат Мамбетжанов.
Қала басшысы алдағы уақытта сол маңда балалар алаңының салынуы жоспарда бар екенін айтты. Жарық мәселесінің де шешімі табылатынын жеткізді.
- Біздің басты мәселеміз мал бағатын жайылымдық жердің тапшылығы. Төрт рет сот өтіп, жеңіліп қалдық. Осы жағдайды ел болып шешуіміз керек. Өйткені жердің жоқтығынан халықтың 4 мыңның үстінде қойды қайда бағарымызды білмей отырмыз. Көшеде 200-ден астам сиыр жүр. Құдық қазып бердіңіздер. Үлкен астау қойып, малымызды суарып жатырмыз, - деген ауыл ақсақалы Насифулла Суюсанов қызылталдықтардың басты мәселесін көтерді.
- Қазір Қызылталдағы басты проблемасы осы мал жаюға арналған жердің жоқ екенін бәріміз білеміз. Жұмыстанып жатырмыз. Облыс басшысынан аталған мәселені сот арқылы қарауға рұқсатын алдық. Қазіргі таңда құжаттарын дайындап жатырмыз, - деп жауап берді аудан әкімінің орынбасары Алтай Серғазыұлы.
Осылайша Қызылтал ауылының тұрғындары көшелеріндегі жағдайларды қала әкіміне айтып, жауабын алды. Жиын аяқталғаннан кейін тұрғындар жеке мәселелері бойынша қала әкіміне жолығып, сұрақтарын қойды.
Қордаланған мәселе көп
Шаһар басшысы Арсен Баяндықов қаланың солтүстік бөлігіндегі тұрғындармен де кездесті. №1 мектепте өткен жиынға жиналғандардың дені Аралтал шағынауданының тұрғындары еді. Өздерін жаңа Аралтал тұрғындарымыз деп таныстырған олар басты мәселе ауыз судың тапшылығын айтып шағымданды. Айтуларынша биыл сәуір айынан бастап ауыз судың қысымы шамалы.
- Күн болса ысып келе жатыр. Жуына да, кірімізді жуа да алмай отырмыз. Әр екінші үйде бала бар. Бір күні судың қысымы төмен болса, екінші күні мүлде болмай қалады. Бұл мәселені тез арада шешіп берулеріңізді сұраймыз, - деген аралталдықтарға сала мамандары жауап беріп, аталған мәселе құзырлы органдардың бақылауында, дегенмен су қысымының төмен болуының себеп-салдары анықталып жатқандығын түсіндірді.
Шағынаудан тұрғындары желді күндері жарықтың жиі өшетінін де айтып қалды. Ауылға қала жақтан кірер жол салу, азық-түлік дүкенін, пошта, медицинадық нысан бөлімшелерін салуды сұрады.
Қордаланған мәселер бойынша қала әкімі Арсен Толқынұлы жақын күндері аталған шағынаудан тұрғындарымен жеке кездесу өткізетінін мәлемдеді.
Одан бөлек жиында Заводская көшесі, 88 үй мекен жайындағы 5 қабатты тұрғын үй тұрғындары баспаналарында қыстай жылудың нашар болғандығын, сол себепті қыс ортасында бүрсең қағып отырғандықтарын айтып шағымданды. Тұрғындардың айтуынша, баспанадағы қазандықтың ауыстырылғанын да айтып отыр. Бұл мәселе бойынша да арнайы топ құрылып, аталған баспананың тұрғындарымен кездесіп, шешімін табу жолдарын іздестіретінін айтты.
Жиныға келген Ихсанов көшесі 85 және 87 үйдің тұрғындары өздіренің апатты деп танылған баспаналарының орнына жаңа баспананы салу үшін қарастырған жер учаскесің өздері үшін қолайсыз екенін айтып қалды. Дегенмен тұрғындар келісімін бермей, жаңа үй салынбайтындығын да ескерген жөн. Бұл - басшылардың жауабы.
Жында қаңғыбас ит, мысықтар, жылдар бойы тазаланбайтын малдың қиы, өскен ағаштар мен шөптерді кесу, балалар және спорттық алаңдар салу сынды мәселелер көтерді.
Біраз жылдан бері үлкен мәселе болып келе жатқан жол салу мәселесі жыл өте шешімін тауып келе жатқандығына алғыстарын айтқан қала тұрғындарына, Арсен Баяндықов биылда жол салу қарқынды іске асатындығын айтып қалды.
- Биылда қаламыздың солтүстік бөлігінде қомақты жұмыстар атқарылады. Береке және Солтүстік көшелеріне жол салу жақын күндері басталады. Аталған көшелерге республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. Осы жоба аясында Совхозная, Алексеева, Транспортная, Деповская, Көкжиек көшелерінің бөліктеріне де асфальт төселеді. Сөйтіп, осы жылы көше арасындағы тұйық жерлердегі барлық жолды тақтайдай тегістейміз. Трудовая көшесіне тынымбақ салуда жоспарланған шаруа, - деді шаһар басшысы.
«Қоғамдық көлік уақтылы жүрсе екен ...»
Дәл осы күні кешке қала әкімі Арсен Баяндықов «Наурыз» саябағында қала тұрғындарымен кездесті. Кездесуге аудандық мәслихат депутаттары да қатысты. Әкіммен кездесуге ықшам аудан және жеке сектордың тұрғындары келді.
Жиынға қатысқан қаланың оңтүстік бөлігінің тұрғыны қала басшысынан көшелерді жарықтандыруды сұрады. Қала басшысы аталған шағынауданындағы электр желілері мен бағаналардың тозығы жеткенін айтып өтті. Келесі жылы осы аймақта сметалық-жобалық құжаттар дайындалып, оңтүстік аймақтың барлық көшелерінің жарықтандырылатынын жеткізді. Сонымен қатар тұрғындар барлығын алаңдатып жүрген қаңғыбас иттер жайын да сұрады.
- Біздің ауданға ең бірінші таза ауыз судың қондырғысы керек. Тұрғындар фильтрленген суды 10-шағынауданнан тасып жүр. Сондықтан осы құрылғының біздің ауданда да орнатылғанын қалаймыз. Бізге балалар ойнайтын алаң мен спорт алаңы қажет. Балаларымыз қазір біздің көшеден 5-6 көше ары орналасқан алаңға барып ойнайды, - деп зейнеткер У. Асқарова шағынаудандағы мәселелерді қала басшысына жеткізді.
Арсен Толқынұлы таза сумен қамтитын қондырғыларды жеке кәсіпкер орнататынын, осы іспен шұғылданатындарға тұрғындар өтініш беруге болатынын айтып, түсіндірді. Ал ойын және спорттық алаңдардың жыл сайын кезекпен қалада орнатылып жатқандығын, алдағы жоспарға сәйкес оңтүстік аймақта да үлкен алаңдардың болатынын жеткізді.
- Біз жасымыз келген зейнеткер адамбыз. Екі күннің бірінде ауруханаға қатынаймыз. Сол себепті ауруханаға қатынайтын қоғамдық көліктердің жағдайына көңіл бөлінсе екен. Ауруханаға бару үшін автобусты ұзақ күтеміз. Таксидің қақын бірінің қалтасы көтерсе, бірінікі көтермейді, - деп қала тұрғындары қоғамдық көліктердің аздығын және арасындағы жүру уақытының ұзақтығын тілге тиек етті.
Арсен Баяндықов қалада қоғамдық көлік мәселесі өзекті екенін, аталмыш мәселе аудандық мәслихат отырысында күн тәртібіне қойылатындығын айтты.
Сонымен қатар жиналған қала тұрғындарының көбі кешкі уақытта саябақта мәдени шығармашылық концерттер болса деген өтініштерін айтты. Аудандық демалу орталығының директоры шығармашылық маусымның биыл да ұйымдастырылатынын, апта сайын ауылдық округтерден өнерпаздар өнер көрсететінін жеткізді.
- Биыл күн ерте жылынды. Жаз да келді. Бірақ бірде бір рет субұрқақтың қосылғанын байқамаппын. Қаламызда халық көп демалатын жерлерде субұрқақтар болса екен. Қаламыз әдеміленіп, келген қонақтар да қызыға қарайтын еді, - деген қала тұрғындарына жауапты басшылар жауап беріп, алдағы күндері саябақтарда субұрқақтар іске қосылатынын жеткізді.
Сұрақ-жауап бағытында өткен кездесуде қала басшысы мен ауданымыздың дербес бөлім басшылары және мәслихат депутаттары тұрғындардың өтініштерін тыңдап, ұсыныс-пікірлерін назарға алды. Тұрғындар да өздерін алаңдатып жүрген сұрақтарына жауап алды.
Айдана Абдрахманова,
Айым Нұрғалиева
Бөрлі ауданы,
zhaikpress.kz