20.10.2022, 12:26
Оқылды: 38

Қызылжарға қоныстанғандарды қолдау және жүзі жарқын жанашырлар

Қызылжар – Теректі ауданындағы Шағатай ауылдық округіне қарасты елді мекен. Бұл ауыл кезінде атақ-даңқы алысқа кеткен «Чапаев» асыл тұқымды мал зауытының №1 бөлімшесі болатын. Өзім осы ауылдың бертін келе түскен келіні болғандықтан, үлкендерден естігенімнің бірі – шаруашылықтың шаруасы шарықтап тұрған шақта Қызылжардан ел дәулетін еселеген талай еңбек озаттары шыққан екен.

жалпы түскен фото (5)

Өмірден озған ол жарықтықтардың аты-жөндерін жұрт жадында жаңғыртудың тағы бірде реті келер. Ал бүгінгі әңгімеміздің өзегі – Қызылжардың қазіргі хал-ахуалы. Ретті жерінде айта кетелік, Қызылжардан күні кешегі қоғамдық формация мен меншіктік қатынастар күрт өзгерген өтпелі кезең, өлара шақта да көп ешкім көшпеген көрінеді. Ал соңғы жылдары байырғы қызылжарлықтардың облыс орталығына қоныс аударулары жиіледі. Соның салдарынан бір кездері жыл-он екі ай бойы мұнтаздай тап-таза аршыған жұмыртқадай болып тұратын жүз түтінді ауылда соңғы жылдары бұзылған үйлердің үйінділері қылаң бере бастады. Сөйте тұра, көңілге бір демеу, ішінара үшбу ауылға көшіп келушілер де баршылық. Мәселен, былтыр төрт перзенті бар бір отбасы, ал биылғы оқу жылының қарсаңында сөзімізге өзек, тілімізге тиек болып отырған елді мекенге үш отбасы көшіп келді. Осы үш жанұяда ұлы бар, қызы бар, ұзын-саны оннан аса жеткіншек бар екен. Осы өрендердің арқасында биыл да бала санының аздығына байланысты жабылу қаупі төніп тұрған Қызылжар негізгі орта мектебі аман қалды.

Қызылжар бүлдіршіндері

Жыл сайын қазан айының бірінші жаңасынан соңғы кү-ніне дейін қайырымдылық айлығы өтетіні мәлім. Осыған орай жақында аталмыш ауылдың бір топ түлегі Қызылжардың жаңа тұрғындарына материалдық қолдау көрсетіп қайтты.

– Біраз жылдан бері қаланың төңірегінде тұрғаныммен, мен – осы Қызылжар мектебінің 1980 жылғы түлегімін. 1985 жылдан бастап ұшқан ұямда дене тәрбиесінен сабақ бердім. 1994-98 жылдар аралығында өзім оқыған білім ошағында мектеп директоры болдым. Көшіп кеткенімізге 20 жылдан асса да,  әлі күнге дейін ауыл жаққа аңсарымыз ауып, бүйрегіміз бұрып тұрады. Жазушы-журналист, бала кезден бірге өскен кластас досым Бауыржан Ғұбайдуллин «Қазіргідей қайырымдылық айлығында жаңа қызылжарлықтарға нақты қолдау-көмек көрсетейік» деп ұсыныс айтқанда, өз басым, екі сөзге келмей құптап, дереу кластастардың чатына әлгіндей мазмұнда хабарландыру жаздым. Іле-шала біздің бастамамызды Марат Тоқжанов, Қанзия Нетәлиева, Серғали Сармалаев, Жанат Қауынова сынды кластастарымыз қолдап, ақшалай-заттай, яғни әрі қаржылай, әрі өте қомақты мөлшерде бау-бақша өнімдерімен айтулы үлестерін қосты. Араға бірер күн салып, Болат Абылғазиев, Арман Жұмағалиев, Жанар Кенжеева, Асұлан Ғұбайдуллин, Бақберген Әбуовтей бізден жасы үлкенді-кішілі ауылдастарымыз «KASPI  GOLD» жүйесі бойынша бізге ақшалай көмектерін аударып, жиналған қаржы-қаражатқа негізінен азық-түлік пен оқу құралдары, ішінара киім-кешек алынды. Осындай ұйымшыл-дықтың нәтижесінде өткен жексенбіде біз жаңа ауылдастарымызға біраз азық-түлік пен киім-кешек, сондай-ақ оқу құралдарын жет-кізіп бердік. Әрі ақшалай да қолұшын создық, – деді бізбен әңгімесінде педагогика саласында 40 жылға жуық еңбек өтілі бар әріптес ағамыз Серік Өтепқалиев.

Мейірім айлығында Жаратушы сауапқа жазардай іргелі іске ұйытқы болған аға-апаларымызға ауылымыздың үлкен-кішісі бек разы. Алланың нұры жаусын сіздерге! Бала-шағаларыңыздың қызығын көріп, еңбекте абыройға, өмірде баянды бақытқа бөленіңіздер!

Әрдайым жүздерің жарқын болсын, жанашырлар!

Алтын Базарова,

Қызылжар негізгі орта мектебі кәсіподақ ұйымының төрайымы,

Шағатай ауылдық округі, Теректі ауданы

 

Рүстем Мүтиев,

Шағатай ауылдық округінің әкімі:

– Қызылжарға көшіп келген отбасыларға аудандық-ауылдық билік жағынан да, жергілікті тұрғындар тарапынан да қамқорлық танытылып, жәрдем берілуде. Осыдан үш-төрт күн бұрын көптен бері облыс орталығында тұратын бір топ қызылжарлықтың атынан екі азамат қыруар азық-түлік, киім-кешек, оқу құралдарына қоса, тіпті қолма-қол ақшалай да көмек жеткізді.

Биылғы бірінші қыркүйектен бастап қызылжарлық ұстаздардың қатары қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Исанова, ағылшын тілінің маманы Айгүл Құрбановадай мұғалімдермен толықты. А.Исанова «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қажетті құжаттарын тапсырып, енді мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдауды күтуде. А.Құрбанова құжаттарын жинастыруда. Ал Мөлдір Керімқұлованы мектептің газқазандығына оператор ретінде жұмысқа алдық. Бұған қоса Мөлдірдің жолдасына да жергілікті шаруа қожалықтарынан жұмыс қарастырудамыз. Яғни жаңа қызылжарлықтар жаңа қонысқа, жергілікті жұртқа бауыр басып кетуі үшін барынша жағдай жасалуда.

Нұрсұлу Ізбасова,

медицина саласының ардагері:

– «Елге ел қосылса – құт» деген ғой бұрынғылар. Әрине, ауылымызға жаңа жанұялардың көшіп келгеніне қуаныштымыз. Ауылымыздың кәрі-жасы жаңа тұрғындар Қызылжарды тезірек жерсініп кетуі үшін барынша қолұшын беруде. Кейбір дәулетті ауылдастарымыз жаңа қызылжарлықтардың алдына ірілі-ұсақты мал салып береміз деп отыр. Тек енді көшіп келген бауырларымыз осыншама жақсылық-жанашырлықты дұрыс түсініп, адал еңбектерімен тезірек тұрмыстарын түзеп алса екен деген ниеттеміз.

Айгүл Құрбанова,

ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, Қызылжардың жаңа тұрғыны:

– Көптеген ауылдық елді мекенде әлі күнге дейін маман жетіспейтінінен хабардармын. Сол себепті «Дипломмен ауылға» бағдарламасының жүзеге асуына өзімнің үлесімді қоспақ ниетпен ауылдық жерге қоныс аударғанды жөн санадым. Әкем Теректі ауданының тумасы болғандықтан, осы ауданға қарасты Қызылжар ауылын таңдадым. Жолдасым Курбанов Хушнудтың ұлты өзбек, мамандығы құрылысшы, бес перзентіміз бар. Ауылдық жерге көшкенімізге еш өкінбейміз, әсіресе балаларымыз ерекше қуанышты.

Бұрындары Орал қаласындағы №14, 17 мектептерде қызмет істедім. Бертін келе Орал трансформатор зауытында алты жыл еңбек еттім. Алайда соңғы кездері жан дүниемді мектепке деген сағыныш жайлады. Сондықтан да білім беру саласына қайтадан оралдым.

Қызылжар – табиғаты әсем, адамдары бауырмал, мейірімді ауыл екен. Үлкен-кішісі бірдей қолдарынан келер көмектерін аяп жатқан жоқ. Ауылдық округтің басшы-қосшысы да жанашыр азаматтар, барынша көмектесуде. Өткенде отынымызды тегін түсіріп берді.

Ендігі біздің мұрат-мақсат – мұғалімдік міндет-миссиямызды мінсіз атқарып, өзімізді құрақ ұшып, құшақ жая қарсы алған көптің көңілінен шығу.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале