28.07.2022, 21:03
Оқылды: 211

Лагерь жазы көңілді

Жадырап жаз келгенде оқушылардың басым көпшілігі лагерьде демалуды қалайды. «Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз» деп балалық шақтың көңілді сәттерін қуаныш пен шаттыққа ұласқан естеліктерге толтырады. Ата-аналар да балаларының бос уақытын тиімді өткізу маңызды екенін алға тартады. Биыл ауданда балалар мен жасөспірімдерді сауықтыру жұмысын ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 2 млн 400 мың теңге бөлінді.

лагерь (1)

27 маусымнан бастап аудан орталығындағы «Шұғыла» жазғы демалыс лагері өз жұмысын бастады. Лагердің І кезеңі 27 маусым мен 8 шілде аралығында өтсе, 11-22 шілде аралығында екінші кезең өз жұмысын аяқтады. І кезең бойынша - 40, ІІ кезеңде - 30 оқушы қамтылды. Лагерьге келген демалушылардың әр сәтін қызықты өткізу мақсатымен тынбай жұмыс жүргізіп жүрген лагерь басшысы, бір аға тәлімгер, екі тәрбиеші және бір  жаттықтырушы бар. Күліп атқан күнмен бірге оянған балалар табиғат аясындағы таңғы жаттығудан соң қызыққа толы күндерін өте тиімді өткізеді. Балалар екі топқа бөлініп, әр  топқа бір тәрбиешіден тағайындалған.

лагерь (5)

Әр кезең ауысымының жоспары бойынша іс-шаралар жүзеге асырылуда. Топтар бір-бірін танып-білу мақсатымен «Кел, достар, танысайық» атты топтық сайыс, өнегелі, дарынды, қабілетті тұлғаны тәрбиелеу үшін «Бақытты балалық» салтанатты ашылуы, ер балалардың  еліне, тіліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, патриоттық тәрбиеге баулу мақсатымен «Лагерь сұлтаны» сайысы, қыз балалардың ата-ана, туыстары алдындағы парызы мен қарызы туралы түсінік беру, мейірімге, инабаттылыққа, сыпайылыққа тәрбиелеу үшін «Лагерь аруы» сайысы, балалардың ақыл-ойын дамыту, шапшаңдыққа, адамгершілікке тәрбиелеу бағытында «Ұпай кімге бұйырады?», «Көңілді би кеші», «Нептун күні», «Тимбилдинг», «Квест», тағы басқа да іс-шаралар өткізілді. Дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, робототехника ойындарына да балалар қызыға қатысты.

Лагерь демалушылары күніне екі мезгіл қаңқалы бассейнде суға шомылып, жүзіп үйренеді. Жаттықтырушы, Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің мұғалімі Нұрлан Тасқалиев бассейнде суға жүзуге үйретуден арнайы курстан өткен. Лагерьдегі балаларға суда өзін-өзі ұстау, жалпы қауіпсіздік ережелерін сақтау, суда жүзуді үйретеді.

«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Жас қаламгер. 20 минуттық кітап оқу», «Әжемнің ертегілері» ұйымдастырылды. Мектептен тыс жұмыс орталығы, мәдени-демалыс орталығы, аудандық кітапхана, аудандық балалар кітапханасы лагерь демалушыларымен әртүрлі қызықты, тәрбиелік әсері мол шаралар өткізді. Аудандық кітапхана қызметкерлері «Парасат жолы» жобасы аясында «Мейірімділік– адамгершілік белгісі» атты танымдық сағаты ұйымдастырып, балалар мақалды жалғастырып, жағдаяттық тапсырмалар орындап, сұрақтарға жауап беріп, шара соңында кітап көрмесін тамашалады.

«Балалар жылына» орай аудандық мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары демалушыларға «Көңілді уақыт» тақырыбында түрлі спорттық сайыс ұйымдастырып, ескерткіш сыйлықтар таратты. «Қауіпсіз балалық шақ – 2022» акциясы аясында лагерь демалушылары қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету мақсатымен «Біз қауіпсіздік үшін» тақырыбында суреттер салып, бейнероликтер түсіріп, әлеуметтік желіде таратты. Екінші кезең демалушылары Орал қаласындағы «Фанки Таун» ойын-сауық орталығына бір күндік саяхатпен барып, қызықты ойындар ойнап, кинотеатрда мультфильм тамашалап, уақытын қызықты өткізіп қайтты. Арнайы бекітілген ас мәзірі бойынша балаларға күн сайын 5 мезгіл тамақ беріледі. Лагерь медбикесі күнделікті берілетін тағам сапасын және балалардың тазалығын үнемі тексеріп отырады. Тамақтан уланудың алдын алу үшін аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары түсіндірме жұмысын жүргізеді.

Камшат Қалиева,

Тасқала аудандық білім

бөлімінің әдіскері

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале