10.03.2021, 13:51
Оқылды: 59

«LG»-ді бағындырған Әспеттім!

Әспеттім Ғайниева – өзіміздің Жымпитының қызы. Қ.Мырзалиев атындағы мектептің түлегі. Ол бүгінгі күні Польша мемлекетінің Вроцлав қаласында әлемге әйгілі кәрістік бренд «LG» компаниясында аудармашы болып жұмыс істейді. Амал мерекесінің қарсаңында Әспеттіммен сұхбаттасып, амандығын білдік. Бастысы, оның туған жеріне деген ып-ыстық сәлемін қабылдадық. 8FC69510-4ABC-4CC4-9C43-AD04B27D068B

-Әспеттім! Оқырмандарға сені таныстырғандай болдық. Өзің не қосар едің?

 - Мен батыр Сырымның даласында, ақын Қадырдың ауылында - Жымпитыда туып-өстім. 2003 жылы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің табалдырығын аттадым. Клара Бақытжанқызы және Мұқат Қайыржанұлының сыныбында білім алдым. Білімге іңкәрлігім – менің жеңісімнің бастауы десем болады. Ұстаздарымның қолдауларының арқасында 2015 жылы мектепті "Алтын белгіге" аяқтадым.

 -Тілге қызығушылығыңның зор болғанын, тіпті кәріс тілін, ауылда, мектепте оқып жүріп үйренгеніңді білеміз. Сенің шетелді бағындыру туралы армандарың сол кездерде қанат жайған сияқты.

 - Иә, бала кезімнен бастап шет тілін үйренуге қатты қызықтым. Шет тілін үйреніп, сол елдің мәдениетімен танысу, жаңа нәрсені үйрену, сол тілде еш қиындықсыз қарым-қатынас жасау, екі мемлекет адамдарының ортасында бір-бірін түсінуде көмектесу мені қызықтыратын. Осылайша бір күні кәріс тіліне қызыға бермей, үйренуім керек деп шешім қабылдадым. Телеарналардан дорама, сериалдарының күні-түні беріліп жататын кезі ғой. Интернеттен кәріс тілін үйрететін сайттарды тауып, әліпбиін үйренуді бастадым. Кейін амандасу және күнделікті өмірде қолданылатын сөз тіркестерін үйрендім. 

EEBC0AE5-5FA8-44D2-9854-A624C6C46C9D

 -Сосын?

 -Сосын, мектепті бітіріп, еліміздегі үздік университеттердің бірі болып табылатын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыстану факультеті, Қиыр Шығыс кафедрасының Корейтану бөліміне оқуға түстім. Университет қабырғасында оқып жүргенде Корея еліндегі екінші үлкен қала - Пусан шаһарында бір жылдай академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алдым.  

 -Орыстар «Язык до Киева доведет!» (Тіл Киевке де жеткізеді) деген мақал бар. Сол сияқты, кәріс тілі сені Пусанға жеткізген екен ғой. Тағы қай мемлекеттерге жолың түсті?

 -Бала кезімнен бері шетелге сапар шегу арманым болды. Арманым  жүзеге асу үстінде. Кореяда екі рет болдым. Біріншісінде жоғарыда атап өткендей оқуға бардым. Екінші рет Кореяның шетелдегі қорының қолдауымен өткізілген қысқа мерзімді "ТМД елдеріндегі корейлердің туған еліне сапары" атты іс-шарада негізгі аудармашы болып барып келдім. Бұл 2019 жыл болатын.

Қазір Польшада қызмет атқарудамын. Жолым түсіп, Нидерланды мемлекетінде болып қайттым. Қазақ, орыс, ағылшын және кәріс тілдерінде сөйлеймін.

7057301E-357B-4F4C-A9EA-306BEFA8EDB1

 -Қазіргі қызметің туралы айтсаң?

 -Қазір Польша мемлекеті, Вроцлав қаласында бәрімізге белгілі «LG» компаниясында кәріс тілінің аудармашысы жұмыс жасап жатырмын. Компания қызметкерлері университетіміздегі кәріс профессорымызға хабарласып, лайықты қызметкер сұрапты. Профессорымыз мені ұсынған. Солай, осы қызметке орналастым.  

 -Шетелде жүрген қазақ қызысың. Басқа мемлекеттердің Қазақстан туралы ойы қандай?

 -Менің осы жылы шетелге шыққаныма 3 жыл болады. Осы аралықта көптеген шетел азаматтарын кездестірдім. Олардың көпшілігі Қазақстан туралы жақсы ойда. Қазақстанның әлемдегі жер көлемі үлкен мемлекеттердің бірі екендігін, елімізде көптеген ұлттардың тұратындығын және қазақтардың етті көп жейтіндігін біледі. Қазақ қыздарының бойлары ұзын әрі өте әдемі дейді (күлді).

8F17D508-F4AC-4E27-9783-B8655BBAEA91

 -Ауылыңды, жанұяңды сағынғанда не істейсің?

 -Жырақта жүргендіктен ауылды, отбасымды сағынатын кездерім болады. Ондай кездерде көбінесе қазақша әндер тыңдап, отбасыма видеомен хабарласамын. 

 -Наурыз мерекесінде сырымдықтарға, жерлестеріңе қандай тілек айтасың?

 -Наурыз мейрамы қарсаңында, әсіресе біздің Батыс жерінде тойланатын Амал мерекесінде жерлестеріме денсаулық тілеймін. Пандемия денсаулық – зор байлық екенін ұғындырды. Осы жылға қойған жоспарларыңыз бен тілектеріңіз орындала берсін, Менің осындай биік белестерге жетуіме бастауыш сыныптан бастап жолымды салып берген Клара Бақытжанқызына, сол жолдан тайындырмай арманымның орындалуында көмектескен Мұқат Қайыржанұлына және отбасыма, әжеме, анама сәлем жолдаймын.

Менің жетістігімнің артында тұрған бір кісі болса – ол әжем. Ол мені үнемі қолдап, қасымда жүрді. «Бастаған ісіңнен тайынба!» - деген ақылын өмірлік ұстанымға айналдырдым.

 -Рахмет, Әспеттім! Алла қолдасын! Ауыл - жұртыңа аман орал!

 Сұхбаттасқан: Бауыржан Ширмединұлы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале