Беларусь қызы Людмила Николайқызы Колосовскаяның туған жері Ресей болса да, оның тағдыры да, жүрегі де мәңгілікке қазақ жеріне, еліне байланған. Өмір ағыны оны Волга өзенінен Аңқатының аңғарынан бір-ақ әкелді. Бүгінде ол Тоғанас ауылында бір үйдің түтінін түтетіп отыр.
Людмила Николайқызы Ресейдің Самара (бұрынғы Куйбышев) облысында дүниеге келгенімен, сәби шағында ата-анасымен бірге қазақ жеріне – Атыраудың Дендер (қазіргі Индер) ауданына қоныс аударды. Осында онжылдық мектепті тәмамдап, тігіншілікке қызығушылығы артып, Орал қаласындағы тігін училищесіне оқуға түсті. Еңбек жолын туған жерінде бастап, он жыл бойы өз кәсібіне адалдық танытып, еңбек етті.
Өмірдің жаңа белестерін бағындырып, отбасын құру бақытына ие болып, беларусь жігіті Александр Колосовскийдің етегінен ұстады. Людмила Николайқызы 1987 және 1989 жылдары Татьяна мен Надежда есімді екі қызын дүниеге әкелді. 1994 жылы жолдасымен бірге «Правда» совхозына көшіп келіп, жаңа ортаға сіңісіп, берекелі шаңырақтарын құрды. Жолдасы жонушы (токарь) болып жұмыс істесе, Людмила Николайқызы да орта мектепке жұмысқа орналасып, әрі отбасының жылуын сақтап, бала тәрбиесіне де мән берді. 1997 жылы олардың отбасында тағы бір жана толығып, ұлы Александр Александрұлы дүниеге келді.
Ері Александр Колосовский 2024 жылы өмірден өтті.
Бүгінде Людмила Колосовская – үлгілі ана, және ауылдастарымен тату-тәтті өмір сүріп жатқан жан. Оның айтуынша, қазақ халқының кеңпейілділігі мен қонақжайлығы олардың бұл өлкеде бақытты ғұмыр кешуіне үлкен себеп болды.
– Біз қазақ халқымен бір шаңырақ астында бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Арамызда ешқашан ұлтқа бөліну, түсініспеушілік деген нәрсе болған емес. Тоғанас халқының мейірімділігі мен дархан көңілі бізді өзіне баурап алды. Біз бір-біріміздің мерекемізді бірге тойлаймыз, Наурыз да, Пасха да – біз ортақ мейрам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың татулық пен бірлікті дәріптеген саясатының арқасында көптеген ұлт өкілдері бір үйдің баласындай өмір сүріп жатыр. Бізге барлық жағдай жасалған, ешқандай кедергі жоқ. Орыс тілінде де, қазақ тілінде де еркін сөйлейміз. Күллі қазақ еліне айтар алғысымыз шексіз,– дейді Людмила Николайқызы.
Людмила Колосовскаяның өмірі – бейбітшіліктің, татулықтың және ел бірлігінің жарқын үлгісі. Ол үшін туған жер ұғымы – тек кіндік қаны тамған топырақ қана емес, өзін бақытты сезінетін, жақын жандары мен жанына жайлылық сыйлайтын орта. Тоғанас ауылы Людмиланың ғана емес, әрбір тұрғынының құтты мекеніне айналып отыр.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz