2.04.2025, 16:45
Оқылды: 680

Made in Syrym

Қылышын сүйреткен қара қыстан қорадағы төрт түлік малын есен- аман көкке іліктірген жұрт үй жануарларын төлдетуде.

 PHOTO-2025-03-27-22-53-46

Әдеттегідей ауыл айналасындағы дала, сай, жүлгелердің жағасы ауыл малына құшақ ашқан кейіпте. Малдың көбеюі, ұлттық кәсіптің өркендеуі көз қуантады. Ал, сол жануарлар есепте бар ма?! Бәріне бірдей сырға салынып, чиппен бірдейленсе мал иелеріне де ыңғайлы, әрі заң бойынша да дұрыс болмай ма?! Қазір сырымдықтар сапалы нөмірленген сырға іздеп қала жаққа сабылуды қойған. Бұл мүмкіндікті жымпитылық кәсіпкер Азамат Сағынғалиев ұсынып отыр.

Азамат алғашында ат әбзелдерін сатты. Аядай ауылда отырып, республиканың әр бұрышына тауар жеткізді.  Қазір ауыл шаруашылығына қажетті көптеген тауарларды халыққа ұсынып, тұрақты кәсібіне айналдырды. Ол жөнінде “Сырым елі” газетінің тұрақты оқырмандары жақсы біледі. Кәсіпкер осыдан екі жылдай уақыт бұрын мал сырғаларын нөмірлейтін лазерлі құрылғы әкеліп, сырымдық шаруаларға ыңғайлы қызмет ұсынды. Сырымдық шаруалар дейміз-ау, Азаматтың айтуынша, ол азғантай уақыт ішінде Қазақстанның 100% барлық облысына өз сырғаларын жіберіп үлгерген. Сырым ауданында Азаматтың сырғасы бармаған шаруашылық қалмағандай. Үй ішіндегі кішкентай ғана бөлмесін цехқа айналдырған замандасқа “Бәрекелді!” - демей көріңіз. Құрылғының артықшылығы біріншіден мемлекет ұсынған сандардан бөлек мал иесінің есімі, телефон нөмірі, шаруа қожалық атауын жаздыруға болса, бір жағынан сырға бетіне басылған нөмірлер әдеттегі сырғалардан сапалы. Яғни, бірер жылда жазуы кетіп, күшін жоймайды.

WhatsApp Image 2025-04-02 at 17.44.40

Жас кәсіпкермен сұхбат барысында оның мемлекет тарапынан несие алып, гранттық байқаулардың жеңімпазы атанбай, арнайы құрылғыныда, сырғаларды да өз қаражатына алғанын байқадық. Азамат алдағы уақытта өз кәсібін кеңейтіп, аудан орталығынан ауыл шаруашылығы бағытындағы өзінің төл жобаларын жүзеге асыруды көздеп отыр.

Қоңдыкер Елеуов,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале