19.07.2024, 11:45
Оқылды: 49

Мәдениет қайраткері Ибат Әлекешов 70 жасқа толды

Жаңақала ауданына қарасты Жаңақазан ауылдық мәдениет үйінде мәдениет пен өнердің өсіп өркендеуіне, соның ішінде ауыл мәдениетін көтеруде аянбай еңбек етіп, қызығы мен қиындығы мол өнер жолында тер төккен ҚР мәдениет қайраткері, үздік мәдениет қызметкері, зейнеткер Әлекешов Ибат Оразайұлының 70 жас мерейтойына арналған «Өмірі өнермен өрнектелген тұлға» атты кездесу кеші өтті.

0FA76608-00D0-466B-A9FE-4B3807333105

Кешке аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар, өнер иесінің әріптестері, замандастары мен ауыл тұрғындары қатысты. Шара шымылдығы Үлгілі «Гүлдәурен» би ансамблінің қазақ биімен ашылып, Ибат Оразайұлының өмір жолы, еселі еңбегіне орай алған марапаттары бейнебаян арқылы көрермен назарына ұсынылды.

Сонымен қатар аудандық мәдени-демалыс орталығы жанынан құрылған халықтық фольклорлық ансамблі де өнер көрсетіп, кеш иесіне өзге өңірлерде тұратын әріптестерінің бейнеқұттықтаулары жолданды.

57A59B5D-3C92-4D68-84AF-785934A332D5

Ибат Оразайұлы Жаңақазан ауылында «Ән қанатында» вокалды-аспаптар ансамблінің негізін қалап, ұжымның «Халықтық» атақ алуына зор үлесін қосты. Шарада аталмыш ансамбль де бой көрсетіп, естен кетпес Шәмші әндерін шырқады.

Інісі Жұмагелді Оразайұлы мен өнерде ізін жалғастырушы, қазіргі таңда Жаңақазан ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі, қызы Аяулым Ибатқызы әкесіне ән арнап, гүл шоғын табыс етті. Сонымен қатар шара барысында кеш иесінен қонақ кәде сұралып, Құрманғазының «Алатау» күйін орындап берді.

Кеш соңында Руслан Қонысбайұлы құттықтауын білдіріп, облыстық  мәдениет, тілдерді дамыту және архив басқармасының  басшысы Қуанышбек Мұқанғалиевтің алғысхатын және аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаевтың құттықтау хаты мен сыйлығын табыс етті.

Қазақстан Республикасының Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, мәдениет саласының үздігі, Жаңақала ауданының құрметті азаматы Закария Сисенғали ақ тілегін жолдап, иығына шапан жапты.

Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале