Классик жазушы Ғабит Мүсірепов «Біреулерді қызмет көріктендірсе, енді біреулер қызметке көрік береді» деген екен. Бұл – бойында өзгелерден бөлек ерекше қабілет-қарымы бар, ойға – көсем, сөзге – шешен, мәдениет пен өнердің жанашыры Ақырыс Абдрахмановаға арналғандай.
Өйткені ол өмірге құштар, өнерге іңкәр, ұлт мұрасына адал жан. Жақында қойнауы сырға, көмейі жырға тұнған киелі Шежін ауылындағы мәдениет саласының дамуына бір кісідей үлес қосқан Ақырыс Меңдешқызы зейнеткерлік жасқа жетті.
Осыған орай Шежін ауылдық мәдениет үйінде 40 жыл бойы мәдениет саласының дамуына үздіксіз үлес қосқан, мәдениет үйінің директоры, «AMANAT» партиясы Тасқала аудандық филиалының «Шежін» БПҰ төрайымы Ақырыс Абдрахманованың «Өнегелі өмір жолы» атты дара жолы өтті.
Аталмыш шараға аудан әкімінің орынбасары Рауан Рахметуллин қатысып, Ақырыс Меңдешқызын зейнет жасымен құттықтап, аудан әкімі Талғат Шакировтың атынан құттықтау хатын табыстап, иығына камзол жапты. Одан әрі сөз алған «AMANAT» партиясы Тасқала аудандық филиалының төрайымы Люция Жұбанышқалиева да өзінің игі тілегін білдіріп, «AMANAT» партиясы БҚО филиалының Атқарушы хатшысы Азамат Сафималиевтің атынан алғысхат пен шоқ гүлді табыстады. Шарада ән шырқалып, би биленді. Ақырыс Меңдешқызының өмір жолынан сыр шертіліп, еңбек жолындағы жеткен жетістіктері тілге тиек болды. Одан бөлек Шежін ауылдық округінің әкімі Мержан Ескалиев пен Шежін ауылының төл перзенті, Тасқала ауылдық округінің әкімі Алғадай Жамбыл, аудандық мәдени демалыс орталығы директорының орынбасары Данабек Алжекенов пен мекеме басшылары, «Өнеге»әжелер ансамбілінің мүшелері мен әріптестері, сондай-ақ Меңдешқызының отбасы мен бауырлары ақжарма тілектерін арнап, зейнет жасымен құттықтады.
Шараға жиналғандар ауылдық мәдениет үйінің фойесінде ұйымдастырылған көрмені тамашалады.
Шара барысында Ақырыс Меңдешқызының өмір жолы мен қызмет барысында жеткен жетістіктерін өз ауызынан естідік. Бала кезінде биші болсам деп армандайтын тұлымшағы желбіреген бүлдіршіннің мектеп қабырғасында жүрген кезінде суретші болу да арманы болған. Бірақ, мектепті тәмамдаған соң Гурьев мәдени ағарту училищесінің хореография бөліміне оқуға түсіп, бала күнгі арманы бишілікке қол жеткізеді. Дәл осы кезден бастап оның мәдениетке деген ынтасы артып, алғашқы еңбек жолын 1985 жылы Ақтау ауылдық округінде бастап, 1987 жылы Шежін мәдениет үйіне ауысады. Өнерге жақын Ақырыс Меңдешқызы бұл жерде де өз жұмысын дөңгелентіп әкетеді. Өзі қызмет еткен мәдениет үйінде көркемөнерпаздар жетекшісі, автоклуб меңгерушісі лауазымында еңбек етіп, тәжірибе жинайды.
Алғаш рет «Ақтолқын» бишілер тобын құрып, шәкірттерін би өнеріне баулиды. Кейін, «Гүлдәурен», «Еркетай» би тобын құрып, жас бишілерді даярлауда талмай еңбек етеді. Сол тынымсыз еңбегінің арқасында ауылдық мәдениет үйінің директоры лауазымына дейін көтеріліп, абыройлы еңбек етіп келеді. Содан бері басшы ретінде ауылда алғаш рет «Қуыршақ» театрының құрылуына мұрындық болып, бүгінде ол халықтық атағын қорғады. Одан бөлек, «Өнеге» әжелер ансамблінің ашылуына өз септігін тигізді. Қазіргі таңда әжелермен қоян-қолтық қызмет атқарып, ауыл мәдениетінің дамуына үлес қосуда.Осындай еңбектің нәтижесі басшылық тарапынан елеусіз қалмай, 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Рухани қазына» аудандық байқауында Ақырыс Меңдешқызы басшылық еткен ауылдық мәдениет үйі «Үздік ауылдық мәдениет үйі» аталымына ие болып, бас жүлдені жеңіп алса, облыстық байқауда үздік үштіктің қатарынан орын алды. 2019 жылы аудан әкімі А.Халеловтың атынан «Жомарт жүрек» номинациясына ие болса, 2021 жылы облыс әкімі Ғ.Есқалиевтің атынан алғыс хат алып, «Жыл өнерпазы» атағын жеңіп алды. Бұл тек санаулысы ғана.
– Мен 40 жыл бойы осы салада еңбек етіп келемін. Жүрек қалауыңмен жасаған еңбектің наны тәтті болады екен. Талай қиын кезеңді басымыздан өткере жүріп, жоқтан бар жасадық. Әріптестерммен бірлесе отырып, түрлі үйірмелерді аштық. Шәкірт тәрбиеледік. Қазіргі талап та жаңашылдықты қажет етеді. «Ізденген жетер мұратқа» - демекші, іздену, тынымсыз еңбек пен жетістікке жеткізетін жол. Тыңдармандарыңды таңқалдыру оңай емес. Шын талантты өнерде шыңдау, сахна мәдениетіне тәрбиелеу қажырлы еңбекті талап етеді. Сондықтан, әр өткізген шарамыз тұрғындардың көңілінен шығып жатса, біздің еңбектің ақталғаны, - дейді мәдениет саласының майталманы Ақырыс Меңдешқызы.
Ия, біз сол күні әдемі шараның куәсі болдық. Әжелер шашу шашып, құшағы гүлге толған кейіпкерімізге жан-жақтан жиналған көрерменнің ыстық ықыласы мен ақжарма тілектеріне құлақ түрдік. Сахна төрінде қалықтаған әдемі ән мен әсерлі биге тәнті болдық. Осылайша, Бақыт Қапиетқызы мен Миргүл Максимқызы бастағанәріптестері ұйымдастырған әсерлі шара жоғары деңгейде өтті.
Аузын ашса жүрегі көрінетін, өзіне жүктелген әр іске жауапкершілікпен қарап, ол орындалмайынша тыным таппайтын Ақырыс Меңдешқызының еңбегі таңды таңға ұрып айтуға тұратындай.
Ол жұмыста білікті басшы, іскер әйел болса, үйде отбасының ұйытқысы, асыл жар, аяулы ана, ардақты әже. Бүгінде жан жары Ғабитпен екеуі бір қыз, бір ұлды өмірге әкеліп, солардан тараған немере жиендерінің ортасында отырған бақытты ата-әже.
Назгүл Серікқызы
Тасқала ауданы