5.12.2022, 10:00
Оқылды: 76

«Маған айнадан Ахмет қарап тұрды!»

«QAZAQSTAN» ұлттық арнасынан Ахмет Байтұрсынов туралы «Ахмет.Ұлт ұстазы» атты фильмнің көрсетілгені көпке мәлім. Алашорданың қара шаңырағы ретінде Алаш тарихының, зар замандағы қазақ арыстарының өмірбаянының түгенделіп, киноға айналғанын көріп, қуандық. Дәл осындай құрметке Жаһаншаның да лайық екені анық.

Үшбу фильмнің жаңалығы –актер Байғали Есенәлиев шығар. Оның Ахаңа деген ұқсастығын, рөлін сәтті алып шыққанын көрермен айтып жатыр. Біз де актерға хабарласып, Алаш арысы туралы туынды жөнінде аз-кем сұхбаттасқан едік.  

httpsanatili.kazgazeta.kzwp-contentuploadsMG_8978-1

– Байғали аға, ұлт ұстазы жайлы фильмнен кейін эфир, кездесулерден босамай жатқаныңыз анық. Дегенмен алдыңғы реттебіздің газетке сұхбат беруге келіскеніңізге рақмет! Кино әлеміне, соның ішінде ұлт ұстазы Ахметтің рөліне аспаннан түскен жоқсыз. Театр саласында сара жолыңыз бар. Бірнеше пьесаның авторысыз. «Қазақфильм» түсірген туындыларда талай басты рөлді алып шықтыңыз.Дегенмен Ахаңның бейнесін сомдауға қалай дайындалдыңыз?

– Ұлт ұстазы туралы кино түсіруге талпынған азаматтар Алаш арыстары туралы мол дерекке қол жеткізген екен. Режиссер Мұрат Есжан, Ұларбек Нұрғалымұлы және композитор Ұшқын Жамалбек ең дәйекті деректерге арқа сүйеп жұмыстанған. Фильмнің дұрыс қабылдануының себебі – шындыққа негізделгені. Халық сол себепті бірден ден қойды. Фильмде өмір бар. Ахаңның өмірі – ертегі, аңыз емес, ақиқат өмір.

Мәселен, халыққа Жамбыл Мәскеуге барған, Кремльде намаз оқыған ақын ретінде белгілі. Оның Сыздық төремен қырғызға барғанын, Кенесарының өлімінен кейінгі қазақ пен қырғыз арасындағы қатынастарды реттегенін, дау-жанжалды жойып, екі ұлттың арасында алтын көпір болғанын көп адам біле бермейді. Оның Түркістанда үш жүзге ән оздырған сал Мұхитпен, Естаймен кездескені кинода көрініс тапса, Жамбылдың бейнесі байи түсер еді. Кейіпкерді зерттеу аз болса, фильмнің әсері де кемшін болады.

Ал режиссер Мұрат Есжан бастаған жігіттер Ахмет Байтұрсыновтың кинодағы бейнесіне үлкен дайындықпен келді. Топ актер таңдауда үлкен ыждағаттылығын байқатты. Мен Мұрат Есжанды аса білмейтінмін. Бір күні Мадияр деген жігіт хабарласты. Режиссердің ассистенті екен.

– Ахаңның рөліне актер таңдап жатырмыз. Уақытыңызды бөліп, кастингке қатысып кете аласыз ба? – деді. Бардым. Гримм жасады. Шығармашылық топ ол шаруаға да аса мұқият екен. Қызық үшін айтайын, менің кескінімнен Ахметтің алпыстан асқан ша­ғын шығару үшін гримерлар 2 сағат жұмыстанды.

Бет-әлпетімді гримдеп жатқан. Жаныма бір жігіт келіп сөйлесіп отырды. Ахмет туралы, өмірге, әдебиетке қызығушылығым жайлы сұрады. Өлеңдерімді оқуымды өтінді. «Аққұм», «Екі жирен» әндері туралы сөйлестік. Қолыма домбыра беріп, «Екі жиренді» айтып беріңізші!» деді. Айтып бердім. Жаңағы жігіт екеуміздің әңгімеміз жарасты. Кейін таныстық. Сөйтсек, фильмнің режиссері Мұрат Есжанның өзі екен. Мені зерттеп отырыпты. Сөй­тіп, кастинг гримм бөлмесінде басталып кеткенін түсіндім.

Ахаңның рөлін сомдауға 20-дан аса актер талпынған екен. Солардың арасынан ұлт ұстазының бейнесін сомдау мәртебесінің бізге бұйырғанын қарасаңызшы.

Кастинг қорытындысы шыққанға дейін де Ахаңның өмірімен, шығармашылығымен таныса бастадым. Қай дерек шындыққа келеді, қай дерек жолай қосылған? Соның бәріне ойша сараптама жасадым.

Бір күні: – Өттіңіз! Мына күні Алматыдағы түрмеге келесіз. Түсірілім сол жақта басталады, – деді. Мен үшін нағыз уайым басталды. Ұйқы қашты. Түн жарымында төсектен тұрып, айнаның алдына барып отырдым. Менен Ахаңның бейнесі шыға ма? Ұқсастық бар ма? Кинода болса да, әулие адамның өмірін сүре алам ба? Ахмет тұлғасын халықтың жүрегіне жеткізу қолымнан келе ме? Сол сұрақтар қатты мазалады. Айнаның алдында ойға беріліп отырып, қалғып кетіппін. Кенет айнадан маған атылар сәттің алдындағы Ахмет қарап тұр. Орнынан тұрды. Арқамнан сипады. Алақанын сездім. Оянып кеттім. Мынадай да түс болады екен-ау!?

Таңмен түсірілім басталды. Түсімде Ахметті көргенім жайлы ешкімге тіс жара қоймадым. Фильм барысында режиссерге де, әріптестеріме де ештеңе демедім. Мен бұл жайлы кеше радиода сұхбат бергенде ғана айттым. Содан кейін сырымды сенімен бөлісіп отырмын, Бауыржан.

Киноның талабы қатты, тілі басқа болды. Қанша дегенмен Алаш қайраткерліктерін көрсетуге екпін қойдық қой. Орысша мәтін де көп болды. Бір дубльді 20 рет қайталаған кездер болды. Шынын айту керек, бұған дейін 50-ден астам сериал, киноға түскен менің өзімше кәсіби жатығыма арқа сүйеп, «Бір эпизодты неге қайталап түсіре береміз? Майы шығатын болды ғой ен­ді...» деп шамданған кезім болды. Мұрат асықпайды:

– Аға, мына тұста бір деталь шықпай тұр! Әрине, сіздің актерлігіңізді, тәжірибеңізді сыйлаймын. Бірақ маған Байғали аға емес, Ахмет керек. Кішкене детальдің өзі маңызды. Біз Ахаңның кинотұлғасын солардан құрастырамыз, тір­нектеп жинаймыз, – деп түсіндірді бас режиссер. Американың киноөндірісін көрген, әлемге танымал алпауыт киномамандарынан сабақ алған, жас болса да, ұлы іске бекінген Мұратқа менің қарсы айтар дауым болмады. Сөйтіп, бұл фильмде өз-өзімді қайта тәрбиеледім.

Телетуындыны тамашаладыңыздар ғой. Нұрила деген кейіпкер бар. Білесіздер, Ахмет пен жары Бәдрисафаның арасында бала жоқ. Ахаң – елдің тұтқасына айналған тұлға, халықтың арқасүйеріне айналған азамат. Нұрила мүмкін сонысын құрметтеді ме екен, бәлкім, ғашық та шығар, әйтеуір, Ахаң десе, көңілі бөлек, жүзі алаулап шыға келеді.

 – Фильмнің жұмбағы да сол  болған секілді...

– Иә, Нұрила екеуі әңгімелесіп келеді. Қыз: «Өзіңізді күтсеңізші!»  деп бәйек. Ахаң ғылым, оқу туралы әңгімеге ғана барып, арумен дистанция ұстап келеді. Қыз ағасына өзі тоқыған кеудешені сыйлайды. Ахаң: «Мынау қамқор көңілдің керемет сы­йы бол­ды ғой» деп қабыл алады. Қоштасар сәт келді. Ахаң жү­ріп кетеді. Нұрила қалады. Осы кезде Ахметтің артына бір қайырылуға қақысы бар еді. Мен де солай деп ойладым. «Ахметті жоғалтып аламыз»  деп режиссер рұқсат етпеді.

Енді біз де жас болдық, серілік құрдық. Өлең шығардық, ән жаздық дегендей. Қыздың көңілін сезе білеміз ғой. Өзімнің табиғатыма салдым. Содан, Нұриламен қоштасып, ақыл мен сезімнің арпалысының арасында кете бардым. Сәл аялдап, кібіртіктедім, бірақ бұрылмадым. Режиссер сол өте сәтті шықты деді.

Кинода білдей ұлт ұстазы Ахметтің орыстың кеңсесінің еденін жуатын кезі бар. Менің соған көңілім толмады.

– Дардай Ахаңа орыстың еденін жуғызамыз ба? Ұят қой. Қадірін төмендетіп алмаймыз ба? – деймін мен тағы. Ұларбек (сценарий авторларының бірі, ақын):

– Бәке, бізге халықтың қия­лында қалықтап жүрген, аспандаған Ахметті жерге түсірмесек болмайды. Ол да адам. Бірақ адамның арасынан шыққан асыл. Оның еден жуғанында, бір қызға көңілі кеткенінде тұрған не бар? Әйтпесе, «Аққұм»  деген ән қайдан шығады? – деп кері сұрақ қойды. Ойымен келістім.

Міне, фильмді түсірушілер, актер былай тұрсын, әр эпизодқа ықтияттылықпен қарады.

Анау бір сәт есіңізде ме? «Ахмет Байтұрсынов, сіз өлім жазасына кесілдіңіз!» десе, Ахаң үрейге берілмеген, алаңға салынбаған сабырлы қалпымен: «Бір тілегім бар, жуынып алайыншы!»  дейді.

– Жігіттер, осы қаншалықты рас? – деп сұрадым сценарий авторларынан. Ахаң дініне берік азамат болған екен. Жауаптау кезіндегі ұрып-соғудың кезінде жанына араша емес, намазын оқуға рұқсат қана сұрайтын болған. Айдау мен қуғын, абақты азабын көрсе де, Алладан үмітін үзбеген, адамға деген ақ-адал пейілін жоғалтпаған асыл ғой ол. Түп-тұқиянын тіміскілеп, ісінен кінә, басынан бәле іздеген тергеуші Саңғытовқа да Ахаң:

– Елдің қамын ойлағандардың бәрін жау қылып шығарыңдар деп бұлар сені де қинап отыр ма, балам? – дейді. Осыған дейін де арыстың сөзінен ілік таба алмай, амалы құрыған, балалар үйінен шыққан теміржүрек тергеушіні «Балам!» деген бірауыз сөз жібітіп жібереді.

– Бізге де осы тұс қатты әсер етті. Әдетте режиссерлер Алаш қайраткерлері­нің рухын, айбарын көрсету үшін оларды тергеуші үстелінің алдында ұрандатып, айқайлатып қояды. Ал бұл фильмде Ахаң майдақоңыр дауысымен, жүрек сөзімен-ақ  қызыл өкіметтің жендетін ар азабына салады. «Ахмет. Ұлт ұстазында» басты кейіпкер қан шашыраған қабырғаның алдында «Атсаң ат! Мен – Алаштықпын!» деп қасқайып та тұрмайды. Фильмді жасаушылар мұндай жаттанды пафостан бас тартқан. Оқ атылмайды. Жай ғана Ахаң шәкірті Ғазымбекпен бірге сүлікқара сәйгүлікке мініп, белге шығады. Даланың самалын кеудесімен жарып, жай желіп кетіп бара­ды. Алдында бір-бір тұлпар мінген Әлихан, Міржақыптар күтіп тұр. Өзара жайраң қағады. Боздақтардың бұл дүниенің қуғын-сүргінінен, азаптау-қинауынан құтылғанын, мәңгілік мекенге аттанғандарын бірден түсінесің! Қайран арыстарды аяйсың әрі сүйсінесің?! Осындай әсерлі тұстар өте көп болды. Біздіңше, тергеуші Саңғытов та – фильмдегі сәтті  бейнелердің бірі.

– Иә, бұл фильм астарлы сюжетке жомарт.  Ахмет өзін сатқан Қаппаспен бірге бір камерада отырады. Қаппас үшін атудан да ауыр жаза – Ахметтің көзіне қарау. Сол себепті де «Менің камерам бұл емес!»  деп азар да безер болады ол. Ахаңа тура қарауға жүрегі дауаламады.

Ал арысымыз тапжылмай тасмүсін болып отыр. Басқа жан болса, алдына келген сат­қынды тілдер еді, соққыға жығар еді. Қаппас шарасы таусылып:

– Сенің қасыңа ерген күнімді қарғыс атсын! – деп шығады. Ахаң болса:

– Айуаннан боғың ғана бөтен демесең, соның өзісің ғой, Қаппас! Кешегі аштан қырылып жатқан елге, мал жинаған Жүсіпбекке де жала жауып, «Аштан қырылған елдің несібесін жегенше, анамның шуын жегенім артық!» дегенді айтқызған сен секілді анасынан азғын болып туғандар ғой! – дейді. Айқайламайды, дауыс көтермейді. Бірақ Қаппасты езеді бұл қоңыр дауыс. Режиссер менен солай жеткізуді талап етті. «Айуан!» деген жерде дауысым қатты шығып кеткен еді. Қайта түсіргізді. Мейірімді дауыспен сөйледім. Әулие адамның бейнесін бұзбау үшін жүрегінен ашу-ызаны алып тастадық.

Фильмнің бір ғана жерінде жылт ететін Әлімхан Ермековтың рөліне реңі сұлу, көзінде білімнің оты бар, оқыған, көп тіл білетін жігіт таңдап алынды. Сол сұрқия заманның өзінде Әлімхан сегіз тіл білген! Актердің гримі­не де қатты мән берілді. Туынды әр деталін жетілдіргенімен  тартымды.

Меніңше, ұлт ұстазы жайлы телетуынды көзіқарақты, әлемдік деңгейдегі киномамандарының назарына іліксе, шекара асып, Түркия сияқты бауырлас елдерде, басқа да мемлекеттерде көрсетілер еді.

– Байғали аға, түсірілім барысында қызық та шыжықты сәттер болған шығар?

– Режиссер Мұрат Есжанның бір қасиеті – шаршамайды екен. Және шығармашылық топтан да ерік-жігерді талап етеді. Таңғы сағат 9:00-де басталған түсірілім келесі күннің ортасына дейін жалғасады. Бір кіріссек, тәулік айналмай тоқтамаймыз деген сөз ғой.

Түсірілім екінші күнге кетті. Ұйықтаған жоқпыз. Шаршадық. Өң сынды, көз кіртиді, бетіміз істі дегендей.

– Мұратжан, сәл тынығайық. Түрімді көріп тұрсың. Қиналып бара жатырмын, – десем,

– Жо-жоқ! Міне, дәл осы түріңіз керек маған! – деп ол қарап отыр. Ахаңның күйзелген, қажыған бейнелері осылай түсірілді.

Бір әттеген-айы, фильмнің бюджеті аз болды. Сондықтан алты сериямен шектелді. Әйтпесе, фильм жасаушылардың қолында тастай 10 бөлімге татитын дүние бар еді. Монтаж барысында көп эпизод қиылып қалды. Қазақстанда киноға бюджет үшін  бекітілген тариф көп жылдан бері жаңартылмаған. Ал технология, әдіс-тәсіл жетілді ғой. Қаражат сол мүмкіндіктерді пайдалану үшін жет­кіліксіз. Бұл мәселе Мәдениет министрлігін ойландыруы керек.

– «Ахмет. Ұлт ұстазы» көпбөлімді фильміне қатысты сындар да айтылып жатыр...

– Иә, сын бар. Айтылуы заңды. Бірақ бұл кинотуындының халықты дүр сілкіндіргенін, рухын оятқанын мойындамауға тағы болмайды. Қазақ Ахметін күтті ғой. Кино эфирге берілісімен, М. Әуезов атындағы театрдың ардагер әртісі Шәмшәгүл Меңдиярова  апам  хабарласты.

– Байғалижан, Ахмет сені тереңдетіп жіберіпті ғой! – деді. Мектептің балалары қоңырау шалды. Кейбір кісілер бала-шағасымен бірге отырып көргендерін айтты, ризашылықтарын білдірді. Кітап ақтарып, Ахаңның өмірімен қайта танысып жатыр екен. Дауыстарында жігер бар жеткіншіктердің. Міне, олар Ахмет арқылы Әлиханды, Мағжанды, Жүсіпбекті, Міржақыпты танымай ма? Ең басты қуаныш – осында!

Бағлан Бәбіжән сойлы сыншы: «Меніңше, Байғали аға өмір бойы Ахметті ойнауға дайындалған секілді» десе, Елена Әбдіхалықова ханым: «Мен Байғалиды ұмыттым, Ахметті көрдім!» деп жазып жіберіпті. Мейрамбек Төлепберген деген ағамыз, киноны көріп  болғаннан  кейін:

– Артық айтып та тұрған шығармын. Нұрмұхан Жантөриннің Бейбарыс рөлінен кейін көңілім басқа кейіпкерлерге тояттамай жүр еді. Мен екінші биік бейнені таптым. Ол – «Ахмет. Ұлт ұстазы» фильміндегі Ахмет образы, – деді. Осының өзі баға емес пе?!

– Сценарийді жазу кезінде біз де әлденеше рет тебіреніп кетіп едік. Фильм сол тебіреністі берді. Кино шығыпты, аға! – деді сценарий авторларының бірі, ақын Ұларбек  Нұрғалымұлы.

Рөлім сәтті шықса, ол ұстазымыз Асқар Тоқпановтың кейіпкержандылық мектебінің жемісі деу керек сияқты. Әлихан Бөкейхановтың рөлін ойнаған  Бауыржан Қаптағай:

– Асқар ағамыз біздің арыстардың рөлін ойнағанымызды сезіп жатыр ма екен? Ана жақта таяғын сермеп, «Міне, менің шәкірттерім!» деп жатқан болар, – деді. Мен де әсерленіп қалдым. Ұстазым жайлы, сахна мен кино алаңы табыстырған абзал әріптестер жайлы естелік көп. Бұйырса, жазған-сызғандарым «Сыр сандықты ашып қара!» деген атпен 42 баспа табақ болып жарық көрмек.

– Кино қайда түсірілді? Саундтрегіне не үшін «Екі жирен» әні таңдалды?

– Шонжыда, Қырғызсай деген ауылда. Иесіз үйлер, ескі ғимараттар көп екен. Алматының басында ғимаратын Ахметтің киносы үшін жалға беруге қимағандар болды. Сол себепті кейбір сахналар Жаркентте жалғасты.

Фильмнің саундтрегі де тегін таңдалған жоқ. «Екі жирен» әнін музыка зерттеу­шісі Затаевичтің қоржынына Ахмет Байтұрсынов салған. Өзі орындап берген. Ахметтанушылар әннің екінші шумағын Ахаңның өзі жазды-ау деп жорамалдайды. Себебі таза поэзия тілінде. Әнді Ұшқын Жамалбек өңдеп, Мейрамбек Беспаев орындады. Дұрыс таңдау. Әнші көп. Алайда Алаш арысының жан тебіренісін жеткізуге Мейрамбектің ғана үні керек қой.

«Тәуелсіздіктің 30 жылындағы 30 жаңа есім» деген жоба бар. 30 жылдың танымал есімінің ішінде Алаштың абызы Асанәлі Әшімов жүр. Мен Асекеңді 30 жылдан бұрын танимын, біле­мін. Ол мен үшін – Бекежан, Қасымхан. Ал Досхан Жолжақсынов не істеп жүр «30 жаңа есімнің» арасында? «Бандыны қуған Хамитті» қазақ тәуелсіздікке дейін де таныды. Тәуелсіздіктің тың есімдерінің ішінде неге Ақан Сатаев пен Ермек Тұрсынов жоқ? Еркебұлан Дайыров, «Шал» фильмінде бас рөлді сомдаған Ерболат Тоғызақов қайда?

Егемендік жылдары түсірілген кинолар да халыққа жаңа есімдерді танытты ғой. «Ахмет. Ұлт ұстазы» сол сұрақтарға түгел жауап береді.

 – Біз де Ахаң туралы фильмнің халық әні секілді, халық киносына айналып  кетуіне  тілекшіміз!

– Дұрыс айтасың! Біздің фильм  сол  биікке  ұмтылады.

– Жайықтағы жұртқа, Жымпитыдағы ағайынға не тілек айтасыз?

– Оралымыз бар, Атырау, Ақтөбеміз бар – қазақтың жұрт болып қалыптасуында үлкен рөл атқарған өлке-өңірлер ғой. Ел болғасын батыр тумай, талант тумай тұрмайды. Таланттар өз отына өртенбесін, бағалансын. Менің тілегім  сол,  айналайын!

1989 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы театр еліміздің батыс аймағында гастрольде болды. Жалындап тұрған жас актермін. Атыраудан Оралға, Оралдан Ақтөбеге түстік. Сол сапарда Жымпитыға да аялдап, сахнасында өнер көрсеткенмін. Халықтың қабылдауын көрсең...

– Байғали аға, журналист болған адамсыз, қалам ұстаған қауымнансыз. Одан бөлек, Ахаңның рөлінде жүріп те, газет жұмысына араласып, «Қазақ» газетінің редакциясымен бірге тыныстадыңыз. Кинода Ахмет: «Осыдан-ақ газет қандай керек дүние екенін көруге болады. Оны шығармақтағы көздегеніміз – қазақ арасына өнер, білім жайылуына басшылық ету» дейді. Бүгін халық неге газет оқымай кетті? Оның салдары неге апаруы мүмкін?

– Оқу мен көрудің арасы жер мен көктей дүние. Оқу санаға сіңеді. Ал экраннан көріп, оқыған дүние тұра ма? Көрдің, ұмытылды. Жаттай сала ұмыту сосын да белең алды-ау бүгін. Ақпаратты, ғылым мен білімді ғаламтордан аламыз деп шешіп отырған буынбыз. Ол мүмкін бе? Есіңде қала ма? Ал қолыңа газет алып оқудың жөні бір басқа. Қағаз бетіндегі әріпті жүгіртіп оқыса, адамның миы тынығады. Тыныққан миға ақпарат хатталады, сақталады. Кино шыққанда фотосуреттің дәурені өтті делінген. Жоқ, фотография әлі тірі. Сол секілді технология дамыды деп, газет-журналдан бас тартуға болмайды. Газеттеріңіздің оқырманы көп болсын!

– Әсерлі әңгімеңіз үшін рақмет, Байғали аға!

Сұхбаттасқан Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале