15.12.2022, 11:15
Оқылды: 96

Мағжан жеңімпаз атанды

Жуырда Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығында «Руханият» деструктивтік діни ағымдардан қорғау және көмек көрсету орталығы» қоғамдық бірлестігі және ардегерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Батамен ел көгерер» атты облыстық сайыс өткізілді.

IMG_0720

Аталмыш сайысқа әр ауданнан келген батагөй өнерпаздар өз бақтарын сынады. Халқымыз ақ ниетпен бата беріп, жақындары үшін тілек тілеуді дәстүрге айналдырған. Оны кез келген адам айта бермейді. Және ол тойдағы тілектен айтарлықтай өзгешеленеді. Кімге қаратып айтылатынына қатысты да мәтіні өзгеріп отырады. Бата берудің мақсат-мазмұны сан түрлі болып келеді. Сонау көне заманнан келе жатқан игі дәстүрге халық ерекше мән берген. Күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан бата беру мен алғыс айтудың жас ұрпақты кішілік пен кісілікке тәрбиелеуде айтарлықтай әсері бар. Ғасырлар бойы ауыздан ауызға тарап, көшпелі өмірдің келбетіне айналған бата – қазақ салт-дәстүрінің ішінде әлі күнге дейін қолданыста жүрген дәстүрдің бірі. Қазақ бала кезінен ұрпағын үлкеннің алдын кесіп өтпеуге, тек ақ батасын алуға тәрбиелеген. Сенімге негізделген батада айтылған әрбір сөздің қабыл болатынына халық ешқашан күмән келтірмеген. Жас ұрпаққа «Баталы» сөздің қадірін ұғындырып, батагөй азаматтарымызды құрметтеуге, тіл тазалығы мен ұлт құндылығын насихаттауға, адамгершілікке, патриотизмге тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған шара.

«Құрметті жерлестер және сайысқа қатысушылар облыстық денгейде өтіп жатқан «Батаменен ел көгерер» атты бата сайысына қош келдіңіздер. Сайысымыз әділ, әрі мәнді де сәнді өтсін. Батасыз қазағымыз жолға шықпаған. Тіпті батасыз іс бастамаған. Осындай ұлттық құндылығымызды одан әрі дәріптеп, ұрпағымызға жеткізу үшін жасалып жатқан үлкен шара. Ұлттық құндылығымызды, салт-дәстүрімізді одан әрі дамытуға осындай шараларымыз көп болғай. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Тек жақсылықтарда кездесуге нәсіп етсін», - деді аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов.

IMG_0715

Аталмыш байқаудың алғашқы кезеңі таныстыру болды. «Атадан бата алмаған үй болмас, ордадан үлгі алмаған би болмас»  демекші қатысушы өзі келген елді мекеннің атын қоса отырып, көркем сөз, жүйрік оймен өз-өзін таныстырды. Екінші кезеңде әр қатысушы өзінің дайындап келген тақырыбына сай бата берді. Үшінші кезеңде ұлттық салт дәстүрге байланысты көпшілік алдында сұрақтарға жауап беріп, сол дәстүр бойынша баталарын арнады.

«Ақжайық ауданының 41 мың халықтың аманатын арқалап, осы сайысқа келген жайым бар. Бұл енді баладан немереге дейінгі көнермей өзінің жалғасын тауып келе жатқан сөз өнерінің бірі осы бата. Бата деген сөздің өзі «Фатике» деген араб тілінен шыққан. Тілек тілеу, амандық, береке–бірлік тілеу мақсатында айтылатын бір жаңға жақын жүрекке жылу әкелетін тілектер жиынтығы. Сайыс болған соң аудандардан келіп жатқан сырт көзге жүрістері ширақ, айтар ойлары бар адам болып көрініп тұр. Негізгі мақсат  бұл тіл өнерінің айшықты әдемі, ою–өрнегін көрсетіп көрерменге жеткізу. Сондықтан осы бір сайысқа өзімде үлкен үмітпен келіп отырмын. Себебі аманаттың жүгін арқалап, тектен–тек келген жоқпыз. Әзірлендік, қарадық, енді бабым шапса болғаны. Осындай сайыстардың болғаны жақсы. Бауыржан атамыздың өзі айтқандай, «Қариясында бата жоқ» деген сөздің өзі үлкен жүрекке салмақ салады. Қазіргі алпыстан асқан Пайғамбар жасына жеткен адамның да айтар сөзі, келістіріп жеткізер ойы болмауы мүмкін. Аз ғана батаның бір-екі шумағын білсе де соның өзі тамаша», - дейді сайысқа қатысушы ақжайықтық Құрман Бисағалиев.

IMG_0679

Сайыста өздерін жақсы қырынан көрсеткендердің арасынан суырылып алға шығып бірінші орынды жеңіп алған сайыскердің есімі белгілі болды. Ол – тасқалалық Мағжан Жұмағалиев. Ал екінші және үшінші орындарды шыңғырлаулық Адақ Шотпанов пен ақжайықтық Құрман Бисенғалиев өзара бөлісті.

Гүлмира Серікқалиқызы,

Тасқала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале