Әмәнда елге тұтқа, ұрпаққа пана болған әйел затынсыз жарық дүниені, төрткүл әлемді елестету мүмкін емес. Шуақты көктем мерекелерінің бірі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мейрамының өзіндік ерекшілігі бар. Себебі, табиғат тіршілігінің бастауын көктемнен алса, адам өмірінің бастауын анадан алады.
Атаулы мереке қарсаңында аудан әкімі Марат Тоқжанов, аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Исмағұлов, Дариян ауылдық округінің әкімі Тілек Кәкенов Дариян ауылының тұрғыны, майдангер Татьяна Макиевскаяның үйіне арнайы барып, амандық-саулық сұрасып, кейуананы мерекесімен құттықтады.
- Әлемде ешнәрсеге бергісіз үш жарық бар. Біріншісі – күннің сәулесі, екіншісі – даналықтың сәулесі, үшіншісі – ананың айналасына шашатын сәулесі. Ананың бойынан табылатын қайырымдылық пен жылылықты басқа еш жерде таба алмайтынымыз белгілі. Сіз баршаның сәулесіне айналған ардақты да аяулы жансыз, деніңіз сау болып, аман-есен отыра беруіңізге тілекшімін, - деді Марат Тоқжанов өз құттықтауында.
Әр мереке сайын ұмытпай, көңілін біле келетін аудан басшылығына майдангер ана ақ тілегін білдіріп, ел аман, ұрпақ сау болсын деген батасын берді.
Гүлжан Аязбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz