27.05.2022, 17:00
Оқылды: 40

Майлы дақылдар салу аяқталды

Жылда осындай кезде аяқталып қалатын көктемгі далалық жұмыстары биыл әлі де жүріп жатыр.

IMG-20220527-WA0035

- Көктем жауын-шашынды болып тұр. Соның салдарынан, егістік басындағы жұмыстар кідіріп жүріп жатыр. Дегенмен, күн аралата, ашық мезгілді тиімді пайдаланған диқандар жоспарланған алқапты толық игереміз деп отыр,- дейді егін салу жайынды мәлімет берген Теректі ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Айнұр Лұқпанова.

Биыл аудан бойынша 133,5 мың гектар жерге егістік салу жоспарланған. Дәнді дақылдар 51 мың гектарға, соның ішінде 37,8 мың га жерге жаздық дәнді дақылдар себіледі екен. 35 мың гектарға майлы дақылдар, 46,5 мың гектарға мал азығына дақылдар салу көзделген. Бұлардан басқа, 1,064 мың гектар жерге картофель мен көкөніс-бақша салу қаралған.

Күні бүгін майлы дақылдар салу аяқтала келді. Ал, жазғы дәнді дақылдар белгіленген 37,8 мың га көлемнің 22,3 мың гектарына салынған, яғни, жартысынан астамы игерілген. Мал азығына көпжылдық шөп тұқымын салу, картоп отырғызу жұмыстарының көлемі жартылай бітіп тұр. Ал, ауа райына байланысты көкөніс, бақша отырғызу әлі қарқын ала алмай тұр. Бір жағынан жаңбыр, бір жағынан түнгі салқындар әзірге көкөніс тігуге жағдай бермегенімен, бақшашылар жылыжайда немесе жабын астына көшет тігіп, қолайлы күнді күтіп отыр.

Жиі жауған жауын жаздық дақыл салған диқанға кедергі болғанымен, жағымды жағы да бар. Күздікке салынған бидай мен қара бидай қаулап көтерілді. Аяқ асты аптап ыстық болып, тамырынан күйдіріп жібермесе, биылғы жиын-терін мол болғалы тұр.

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале