15.03.2022, 19:25
Оқылды: 38

Майталман маман, ардақты ана

 Білім беру саласында тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері кәсіби ұстаздар жетерлік. Осы орайда ұстаздық саланың майталманы болған, қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көріп отырған жаңақалалық Рая Апақаева жөнінде қалам тербедік. Балалары мен немерелерін Алланың берген сыйы деп білетін ол ұрпағының жүрегіне сенім кілтін ұялатып, көңілдеріне кірбің түсірмей өсіріп келеді.

Майталман маман, ардақты ана

Ол 1959 жылы Қазталов ауданында дүниеге келген. 1966 жылы Жаңақала ауданына қоныс аударған. Осы жылы Д.Нұрпейісова атындағы жалпы орта білім беретін мектепке барып, 1976 жылы бітірген. 1980 жылдар аралығында А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын физика-математика пәні бойынша тәмамдап шығады.

- Әкем  елде басшылық қызметте жұмыс жасады. Анам қарапайым, ешкімді ренжітпейтін, өзі де ешкімге ренжімейтін жан еді. Біреудің сыртынан ғайбат сөз айтпаған жан. Ауылдастар анамнан көмек сұрайтын. Олардан ешбір көмегін аямайтын. Он баланы өсіріп тәрбиелеген ата-ана. Біздің отбасымыздың ішкі тәртіп ережесі болатын. Біз қарапайымдылықты, отбасындағы татулық пен сыйластықты, тәртіптілікті, әкені құрметтеуді анамыздан үйрендік. Алғашқы еңбек жолымды өзім оқыған  мектептен бастадым. Ұстаз - ол балаға білім нәрін себетін, ақылын айтып, ілім үйрететін асыл жан. Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау. Қазіргі таңда зейнеттемін. Алайда, аудан көлеміндегі, мектептегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқанды ұнатамын. Аудандық қоғамдық кеңестің, Аналар кеңесінің, ардагерлер кеңесінің мүшесімін. Жолдасым Ілияс «ҚазТранс Газ Өнімдері» мекемесінде ұзақ жыл жүргізуші болып қызмет атқарып, қазір зейнет демалысында.

Екі ұл, бір қыздың анасымын. Екі ұлым мұнай, газ саласында жұмыс жасайды, қызым мемлекеттік қызметкер. Бес немере, екі жиен тәрбиелеп отырған әжемін. Өз тәжірибеммен әлеуметтік желіде жастарға арналған жазбаларымды бөлісіп отырамын. Жастарға өсиет айта отырып, өзгеруді өзінен бастау керектігіне назар аударамын. Жасыратыны жоқ кейде жастар ғана емес, егде жастағы адамдар арасында дау-дамай болып жатады. Қазақ «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» дейді.  Халқымыз бірлігін берік ұстап, татулықты ту еткен. Кешегі билердің салған сара жолы, көшпенділердің көші бүгінде жалғасын табуда. Қазақ халқы бесікте жатқаннан бірлікке, ынтымаққа, татулыққа тәрбиелейді. Кешірімді бола білуді баланың бойына сіңіреді. Екі рулы елдің арасында туған дауларды билер татуластыра отырып шешкен. Билер салған сара жолмен елімізде медиатор қызметі жүзеге асқаны мәлім. Осы орайда мен ауданда қоғамдық медиатор қызметін  атқарамын. Облыстық  «Үздік медиатор» байқауының І орын жүлдегерімін.

2019 жылы 55 тұлғаға қатысты, 2020 жылы 70 тұлғаға, 2021 жылы 30 тұлғаға қатысты мән-жайларда жәбірленушімен татуласуына себепші болдым, даулы істер оң шешім тапты.   Ежелден ата-бабаларымыз «Айтысып, жанжалдасып сөзге келгенше, ақылмен жөнге кел» деп тауып айтқан болатын. Кез келген іске сабырлық танытып, өркениетті түрде татуласқанға не жетсін. Қазақ қашаннан кешірімшіл, бітімге бейім тұратын халық. Бірлік адамдар арасындағы ынтымақтың, жарасымды татулықтың көрінісі, ел болудың белгісі, - деді Рая Қайрақызы.

Олар үйдің ғана емес, түздің де адамы. Қандай жұмыс болса да, қандай қиындық болса да көтеруге дайын. Өйткені олардың жанын нәзік жүрегін берік етіп жаратқан. Оның қадірі мен қасиетін түсініп біту мүмкін емес.

Райхан Хамзина,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале