1.12.2024, 9:21
Оқылды: 147

Макаровта әкім сайлауы өтуде

Бүгін, яғни 1 желтоқсан күні Бәйтерек ауданына қарасты Макаров ауылдық округі әкімін сайлау өтіп жатыр. Аталмыш округтегі төрт сайлау учаскесі таңғы сағат 6.00-де ашылды, бір сағаттан соң дауыс беру басталды.

IMG_20241201_081210_247
Айта кетейік, саяси науқанға 3 кандидат өзін-өзі ұсыну тәртібімен түсті. Макаров ауылдық округі бойынша 1027 сайлаушы бар.
Садовый ауылында орналасқан №205 сайлау учаскесі ашылған бойда он шақты адам келіп дауыстарын берді. Оларға естелік сыйлықтар табысталды. Сайлау учаскесіне ерте келгендердің бірі – Саменовтер отбасы.

IMG_20241201_081210_434
- Бұрыннан қалыптасқан дағды бойынша сайлау болатын күні жұбайым екеуміз ерте барып, дауыстарымызды беруге тырысамыз. Бүгін де сол әдеттен тайғанымыз жоқ. Жасымыз жетпіске келсе де сайлау атаулысынан қалып көрген емесміз. Мұны біздің азаматтық борышымыз деп білеміз. Сайлау учаскесі жақсы жарақтанған. Комиссия мүшелері жылы шыраймен қарсы алуда. Өзім білетін кандидатқа дауысымды бердім. Оның қолынан іс келетіне, ауыл тұрғындарының ынтымақ-бірлігін еселей алатына сенімдімін. Егер ол әкім болып сайланса, ауылдың жаңа қарқында дамуына үлесін қосады деп ойлаймын, - дейді Серік Саменов.
Аталмыш учаскі сайлау учаскесінің төрағасы Райхан Ағзамованың айтуынша, мұнда 276 тұрғын тіркелген. 9 сайлаушы үй жағдайында дауыс беруге өтініш берген. Олардың үйіне сағат 12:00-ден кейін екі қызметкер арнайы дауыс беру жәшігімен барады. Сенімді өкілдер сайлаудың әділ өтуін қадағалап отыр.

Салтанат Зұлқарнаева,
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале