31.10.2025, 23:19
Оқылды: 130

«Мақсатымыз – көпбалалы аналардың мүддесін қорғау» - Айнұр Арыстанова

Облыстық «Тұғырым» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнұр Арыстанова Бөкей ордасы ауданына келді.

FB_IMG_1761923635867

Бүгінде «Тұғырым» қоғамдық ұйымы өңіріміздегі көпбалалы аналардың әлеуметтік мәртебесін көтеріп, олардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бірлестіктің басты мақсаты - аналардың қоғамдағы орнын нығайтып, олардың өз құқықтарын қорғауға және отбасылық әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік беруді көздейді.

Жиын барысында сөз алған Айнұр Серікқызы әйел-ананың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті.
– Әйел - шаңырақтың берекесі, отбасының тірегі. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деп бекер айтылмаған. Біз тек өз үйіміздің ғана емес, ұрпағымыздың тәрбиесі мен болашағына да жауаптымыз. Қазіргі заманда дамимын, өсемін деген адамға мүмкіндік те, ақпарат та жеткілікті, – деді ол. Сонымен қатар бірлестік төрайымы көпбалалы аналар жиі тап болатын өзекті мәселелерге де тоқталды. Оның айтуынша, баспана тапшылығы, әлеуметтік және заңдық құқықтардың бұзылуы секілді түйткілдер әлі де бар.
– Осындай жағдайлардың алдын алу үшін әр ана өз құқығын білуі керек. Заңдық тұрғыда сауатты болу арқылы тек өзіңді ғана емес, отбасыңды да түрлі келеңсіз оқиғалардан қорғай аласың, – деді Айнұр Арыстанова.
Кездесу барысында көпбалалы аналар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, әсіресе, тұрғын үйге қатысты жеңілдіктер мен әлеуметтік қолдаулар жайында егжей-тегжейлі ақпарат алды. Бірлестік төрайымы әр сауалға нақты жауап беріп, тиісті мемлекеттік органдарға қалай және қайда жүгіну керектігі жөнінде кеңес берді. Жиын соңында қатысушыларға қоғамның өміріне белсенді араласуға шақырып, «Тұғырымның» Бөкей ордасы ауданы бойынша ашылған арнайы WhatsApp чатына тіркелуге ұсыныс жасады.
- Бұл чат аналар арасында өзара тәжірибе алмасу, жаңалықтармен бөлісу және қолдау көрсету алаңына айналмақ, - дейді ол.

Арайлым Есмағұлова
Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале