18.11.2021, 11:55
Оқылды: 31

Мақтанышым – Қазақстан

Бәйтерек ауданында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Мақтанышым – Қазақстан» атты аудандық сырттай мәнерлеп оқу байқауы өтті.

20

Балалар арасында кітап оқуды насихаттау, олардың оқырмандық көзқарасын қалыптастыра отырып, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамыту мақсатында ұйымдастырылған байқауда ауданға қарасты мектептерден жиналған бас-аяғы 22 оқушы бақ сынасты.

Бастауыш сыныптар арасында оздырылған бәйгеде бірінші мен екінші сынып оқушылары бөлек, үш пен төрт оқитындар бөлек сайысты.

Байқау ережесі бойынша қатысушылар өздері таңдап алған, мектеп бағдарламасына енбейтін қазақстандық ақын-жазушылардың прозалық шығармасынан үзіндіні қазақ немесе орыс тілінде мәнерлеп оқуы қажет болды.

Әділқазы алқасы әр қатысушының жұмысын жіті бақылап, бірінші мен екінші сынып оқушылары арасында болған бәсекеде жамбылдық Айнель Каршгиева мен новеньковтық Захир Трзанов үшінші, Қ.Ахмиров мектебінен қатысқан Аяна Ақмурзиева мен Раздольный мектебінің намысын қорғаған Ярослав Токарев екінші орынды еншілесе, Қ.Кайсенов мектебінің оқушысы Азалия Исенова бірінші орынды қанжығасына басты.

Ал үшінші және төртінші сынып оқушылары сайыстың қорытындысында Абай мектеп-гимназия-интернатының атынан сынға түскен Аслай Мұхтарова бас жүлдеге ие болса, Т.Бигелдинов атындағы мектеп оқушысы Темирлан Нигимов бірінші, махамбеттік Айкөркем Бекнияз бен переметныйлық Али Ахметов екінші, Қадыр Мырза Әлі мектебінен қатысқан Кәусар Тілекқали, мичуриндік Әлия Құмарғали және І.Есенберлин атындағы мектептен келген София Яфаровалар үшінші орынға ие болды.

19

-Байқау 1-4 сынып оқушылары арасында өткізілген болатын. Осы арқылы бүлдіршіндеріміз қазақстандық ақын-жазушылардың еңбектерімен танысты. Олар шығармаларды оқып қана қоймай, түйген ойларымен де бөлісіп отырды. Оқу бағдарламасынан тыс әдебиеттерді оқу арқылы балалар білім көкжиектерін кеңейте түсті. Алда балалардың білімін арттырар талай бәсі биік жарыстар күтуде,-дейді Бәйтерек аудандық білім беру бөлімінің мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша әдіскері Гульмира Мусагалиева.

Жарыс жеңімпаздары сайыстың облыстық кезеңіне жолдама алды.

Назерке Сыйлыбаева,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале