Бәйтерек ауданының шаруалары қысқы мал азығын дайындау ісін ойдағыдай атқаруда. Бүгінде шөп шабу науқаны қарқынды жүруде.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, аудан аумағында 193 мың гектар шабындық жер бар екен. Шаруалар осы алқаптардан 163,2 мың тонна өнім алуды жоспарлаған. Қазіргі таңда 120 мың тонна өнім жиналыпты.
Күннің аптап ыстығы мен аңызақ жел салдарынан шөп шығымы төмен көрінеді. Соған қарамастан шаруалар мал азығын қажетінше жинап алуды көздейді.
- Қазіргі таңда 189 мың га жердегі шөпті шауып алуды жоспарлап отырмыз. Шаруалар атқарылар жұмыстың 76 пайызын орындады. Шөп шығымы жаман емес. Орташа есеппен алғанда әр гектарынан 6,4 центнер шөп жинап жатырмыз. Сондай-ақ, жекелеген қожалықтар сабан дайындауға да кірісті. Қолда бар мәлімет бойынша 2300 тоннадан астам сабан дайындалды. Шөп шабу науқаны әлі де жалғасады. Күзге дейін қажетті мал азығы дайын болады деуге толық негіз бар, - дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Серік Ищанов.
Аружан Аманжол,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz