16 қыркүйекте Қаратөбе аудандық мәслихатының мәжіліс залында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтің төрағалымен жиналыс өтті. Аудан аумағында қысқы мал азығын дайындаудың жай-күйі мен аудандағы мекемелердің қысқы жылыту маусымына әзірлігін пысықтау мәселесі отырыстың күн тәртібінде көтерілді.
Жиналыста қозғалған алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мербол Есендосов ауданда мал азығының дайындалу барысына тоқталды.
– 2021-2022 жылдың мал қыстағына 130,5 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланып, қазіргі уақыттағы есеп бойынша 100,6 мың тонна мал азығы дайындалды. Жоспардың орындалуы 77,1 пайызды құрайды.
Үстіміздегі жылы шөп бағасын тұрақтандыру мақсатында техникасы бар жеке тұлғаларға аудан орталығынан шөп шауып, тасымалдауға үш бригадаға мемлекеттің бос жатқан жер телімінен 800 гектар жер шабындық берілді. Оларға бір тіркеме шөптің құнын 40 мың теңге, бір бума шөптің құнын 3 мың теңгеден сатуға талап қойылды.
Мал азығының сатылуының өзіндік құнына талдау жүргізілді. Ауданның Аққозы, Егіндікөл, Қоскөл ауылдық округтерінде бір бума шөптің бағасы 3000 теңгеден, Жусандыой мен Қаракөлде 3500 теңгеден, Қаратөбе, Саралжын, Сулыкөл ауылдық округтерінде 4500-5000 теңгеден сатылуда.
Мал азығын дайындау науқанында аудан бойынша 151 шаруашылықтың 240 тракторы, 41 жеке тұрғынның 43 тракторы 364 орақпен шөп шабу жұмыстарын жүргізуде, - деген Мербол Мағзомұлы ауылдық округ әкімдерінен халықтың мал азығын дайындауда белсенділік танытуға түсінік жұмыстарын жүргізулерін сұрады.
Отырыста көтерілген мәселе бойынша Қаракөл, Саралжын, Сулыкөл, Қаратөбе ауылдық округтерінің әкімдері округтерінде мал азығының дайындалу барысы жөнінде есеп берді.
Басқосуда көтерілген келесі мәселе мекемелердің қысқы жылыту маусымына әзірлігі жөнінде аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Сахипов баяндап берді.
Жалпы аудан бойынша 93 әлеуметтік нысан болса, барлығы 100 пайыз табиғи газбен жылытылады. Қазіргі таңда 39 нысан жылыту маусымына әзірлік паспортын алса, қалған нысандар дайындық акттерін рәсімдеуде. Аудандағы коммуналдық кәсіпорындарды табиғи газбен, электр қуатымен және сумен қамтамасыз ететін мекемелердің қыс мезгіліне дайындығы жөнінде айтылды.
Жиын барысында аудандық электр желілерін тарату мекемесінің басшысы Хасанғали Мырзагерей, «ҚазТрансАймақ» АҚ аудандық бөлімшесінің мастері Ибатолла Теміровтер сөз сөйлеп, электр қуатымен қамту, газ тарату салаларындағы атқарылып жатырған жұмыстар мен қиындық тудыратын мәселелері жөнінде айтып өтті.
Отырысты қорытындылаған аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы қыс мезгілінде елді мекендер шөптен тарықпауы үшін мал азығының жеткілікті мөлшерде жиналуын қадағалауды ауылдық округ әкімдеріне жүктесе, жылыту маусымына сақадай сай дайын болу үшін сала мамандарына бір ай уақыт мерзім ішінде олқылықтарды жоюға тапсырма берді.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz