Атам қазақ осы сөзді өз өмірлік тәжірибесінен түйгені сөзсіз. Жаз – жайлау, қыс – қыстақ деп мал қамымен көшіп-қонып жүргені де содан. Күнкөрісін төрт түлік малдан айырған бабам «Мал-жан аман ба?» деп, мал амандығын жан амандығынан бұрын сұраған.
Бүгінде тұрмыс-тіршіліктің бәрі малға тірелмегенмен, ауылдағы ағайын үшін мал амандығы маңызды. Ел ішінде «Мал ауруы шығыпты» десе, мал бағып отырғаны өз алдына, ауласында тұяғы жоқ қазақ та елеңдеп, «Біздің жақ аман ба?» деп отырады. Ондайда бар үміт - мал амандығын қамтамасыз ететін ветеринария қызметінде.
«Теректі ауданы аумағындағы малдың амандығы қалай?» деген сауалды біздің ауданда сала қызметін атқаратын Теректі аудандық ветеринариялық станциясы директоры Алмас Юмабаевқа қойдық.
- Ауданымызда мал індеттік аурулардан аман. Құтыру, оба, қарасан сияқты аса қауіпті аурулар аудан аумағында жоқ. Жыл басында облыс аумағында «Малда белгісіз ауру шықты», «Ірі қараға індет келген» деген әңгімелер болғаны рас. Екі мыңның үстінде сиыр шығынға кеткен. Бізбен іргелес аудандарда зерттеу жүргізген мамандар сол кезде ринотрахеит анықтады. Біздің ауданда ондай жағдай Ақсуат ауылдық округінің аумағында болды. Бір жақсысы, мал шығыны болған жоқ. Емдеп, қатарға қостық. Тыныс жолдарын, жыныс органдарын зақымдайтын бұл ауру ірі қара үшін қауіпті. Дер кезінде ем қолданбаса, қасындағы малға жұғатыны бар. Жалпы, биыл мал індетінен аманбыз,- деген Алмас Берікқалиұлы малда жиі кездесетін ауруларға байланысты ақпарат-кеңес ұсынды.
Бруцеллез
Біраз жыл жекенің де, шаруашылықтың да малын «айналдырған» бруцеллезден биыл тынышпыз. Десек те, толық құтылдық деп айтуға ерте.
Малдан адамға жұғатын бруцеллез - аса қауіпті ауру. Оны жұқтырған адам дертін асқындырып алса, мүгедектікке ұшырап, арты тіпті өлімге соқтыруы мүмкін. Қазіргі кезде бруцеллездің таралуына негізгі себеп – шеттен әкелінген малды жергілікті мал дәрігерлеріне көрсетпеу. Соның салдарынан кейде ауру мал сау малмен бір қорада тұрады. Жаз жайылымға шығып, көрші үйлердің малына бруцеллез жұқтырады. Айналып келгенде, бір ауылдың малы бруцеллезге шалдығады.
Аурудың алғашқы белгілері – малдың аяқтарында іріңді жара немесе буын ісігінің пайда болуы, жем-шөпке тәбеті төмендеу, қимыл-қозғалыстан шектелу, салмағы түсіп, дене қызуы көтерілу. Кейде жануардың жыныс органдарынан иіссіз, қоңыр түсті сұйықтық бөлінеді. Аналық малда іш тастау, желіні ісіну болады. Сауын сиырдың сүті азаяды.
Қазақта «Сарып» деп аталатын бұл жұқпалы ауруды емдемейді. Тез арада оқшаулап, ет өңдеу орнына жеткізіп, сою қажет. Мал тұрған орынды залалсыздандыру (дезинфекция) керек. Ауру қоздырғыштар қорада тұрған малдың қиында ұзақ уақыт сақталады. Сондықтан қиды дер кезінде шығарған абзал.
Сарып жұқтырып алмас үшін малды күтіп-баққанда және ет-сүт сияқты өнімді пайдаланғанда мұқият болыңыздар. Қорадан кіргенде қолды сабынмен жуыңыз. Өнімдерді қайнатып, пісіріп алып қолданыңыз.
Бақайқұрт
Жаз жайлауға шыққан ұсақ малдың жиі шалдығатын жұқпалы ауруының бірі – осы бақайқұрт.
Бұл - қой-ешкінің тұяғының мүйізді қабығын шірітіп түсіретін жұқпалы ауру. Ол ауру малдан, сол мал жайылған жерден – жайылым, суаттан, қорадағы қидан жұғады. Бақайқұрт қоздырғыш микроб топырақта 1-2 ай, ауырып жазылған қой-ешкінің тұяғында 3 жылға дейін сақталады. Ауру көктемде, күзде, жауын-шашын мол болса, жаз айларында да байқалады.
Бақайқұрттың белгілері – мал аяғын баса алмай ақсайды, жүре алмай жатып қалады. Тұяғы ісініп, бақайшық арасынан сасық иіс шығады, іріңдейді. Әбден асқынған кезде тұяқтың мүйізді қабаты түсіп қалады.
Бұл жұқпалы ауру қорадағы қой-ешкінің бірінен біріне жұғып, жаппай сипат алуы мүмкін. Сондықтан бақайқұрт байқалысымен, ауырған ұсақ малды отардан бөліп алып, басқа орынға қамау керек. Аяқтарын жуып, ірің кеулеген жерлерін формалин немесе тотияйнның 10 пайыздық ертіндісі құйылған астаушаға салып, 1-2 минуттай ұстау керек. Содан соң левометицин, синтомицин, биомицин сияқты антибиотиктер қосылған майлы дәрі жағып, оқшауланған жерде ұстайсыз. Бұл шара мал тұяғы бақайқұрттан толық жазылғанға дейін қайталап отырасыз.
Қой-ешкі бақайқұртқа шалдықпас үшін малды құрғақ, таза жерде ұстап, ауық-ауық формалиннің 10 пайыздық ертіндісімен залалсыздандырған дұрыс.
Қотыр
Малдың қышыма қотыры – індет аурудың бірі.
Бұл үй жануарларының эктопаразиттер тобына жататын кенелер арқылы тарайды. Малдан малға ауру қоздырушысы тікелей немесе шөп, төсем арқылы беріледі. Әсіресе, мал қорада тұрған кезде өршуі мүмкін.
Қой-ешкіге кене жайылымда жүрген кезде жабысады. Жануарлардың құлақ, бас, мойын, төс, қолтық, арты, желін, шап, құйрық асты түбі тұстарын мұқият тексеріп, жабысқан кенелер болса, алып тастау керек. Кенені алған кезде бірден тартып алмай, ерсілі-қарсылы ырғап шығарып алған жөн. Егер тұмсығы теріде қалып қойса, қабындырады.
Қотырдың белгілері кене түрлері тудырған ауруға сәйкес, әр сипатта болады. Мәселен, саркоптоздың инкубациялық кезеңі 2-3 апта. Оған шалдыққан малдың дене қызуы көтеріледі. Бір ерекшелігі – тері қалыңдап, қыртыстанады. Терісінде пайда болған түйін-көпіршіктер мал қасынуынан жарылып, бір-біріне ұласып кетеді. Қылшық қаптары асқынған малдың жүні түсіп, азып кетеді. Содан өнімі де күрт төмендейді. Псороптоз жүн жамылғысының тығыз және салалы жерлерінде болады. Жүре келе терісі жалаңаштанған малға суық тиіп, тыныс алу жолдары ауруы жиілейді. Қотырдың бұл түріне биязы жүнді қойлар мен баспақтар бейім. Хориоптоз жануар денесінде ошақты қабыну түрінде өтеді. Тері беті эпидермис қабыршақтары және кепкен лимфамен жабылып, асты кенелердің «мекеніне» айналады.
Кенелер тудырған аурулардан малды арылту кешенді түрде жүргізіледі. Оның ішінде емдеу, қораны залалсыздандыру, сырттан келген малды карантинде ұстау, дұрыс азықтандыру және т.б. бар. Псороптозбен бір ғана қой ауырғанда, отар түгелдей «індет ошағы» деп танылады. Осыған сәйкес қотыр түскен қойды емдеу тәсілдері анықталады. Емдеудің құрғақ (терісіне дәрі себу) және ылғал (ертіндіге тоғыту) түрлері бар. Құрғақ түрінде теріге акарицидті ертінділер шашылады. Буаз мал, сауын сиырға акарицидтер бүркуге болмайды. Ылғалды түрінде мал акарицидті ерітінділер құйылған арнайы тоған немесе ыдысқа тоғытылады. Оның ені бір метр, тереңдігі 1.20-1.20 метр, ұзындығы 15-20 метр шамасында болуы тиіс. Тоғыту қотыр мен кененің алдын алу шарасы ретінде қойды қырқу алдында да жасалады.
Бұл шараларды атқару кезінде ветеринар маманның көмегіне жүгіну керек. Өйткені дәрінің мөлшерін, қолдануын арнайы маман ғана белгілейді. Малды емдеу кезінде жеке бас гигиенасы мен сақтану шараларын (арнайы киім, су өтпейтін аяқ киім, көзілдірік, тұмшалағыш) ұмытпаңыз.
Оқыра
Гиподерматоз (сәйгел, оқыра) – тері астына бөгелек жұмыртқалауынан болатын ауру.
Гиподерматозға ең жиі шалдығатын мал – ірі қара. Кейде қой-ешкі, жылқыдан, тіпті адамнан да табылатыны бар.
Күзден қысқа дейін туған бұзауларда гиподерматоз байқалмайды. Аурудың таралуына әдетте шеттен ветеринарлық маманның қадағалауынсыз әкелінген және жергілікті жердегі ауру мал себеп болады.
Бұл ауру табиғи жайылымдағы малда жиі кездеседі. Желсіз, тынық, жылы және ашық күндері ересек бөгелектер жаппай ұшады. Бұл кезде мал қатты тынышсызданып, құйрықтарын көтере бас сауғалап көлеңкелі ағаш немесе суға (көл, өзен) тығылады. Үлкен тері асты бөгелегі әр қылшыққа біреуден, ал кіші түрі екеу-үшеуден жұмыртқа салады.
Сыртқы белгілеріне қарай ауруды екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші сатыда бөгелек дернәсілдері жұмыртқадан дамып, теріден ағзаға миграция жасайды. Бұл кезең әдетте жасырын түрде білінбей өтеді. Кейде малдың тынышсызданып, қышынуын, тері астының домбығуын, я болмаса кілегейлі жалқаятың пайда болғанын байқауға болады. Мал азық жұтқанда ауырсынып, сілекейі мөлшерден көп бөлінеді. Жүрісі ауырлап, орнынан күштеп тұрғанын аңғаруға болады. Екінші кезең – үшінші сатыдағы дернәсіл тесілген өзектен жара тартылмас үшін антеннасын (сезгіш мұртын) шығарып тыныстайды. Жараның маңайы сарғылт-жасыл іріңмен желімденеді. Бұл кезең шамамен қыс айларында өтеді. Сол кезде жануардың жон арқасын саусақпен сипағанда, төмпешіктерді сезуге болады. Кейіннен олар ұлғайып, тесіліп, жарылады. Мал басы жеткен жердегі төмпешік жараларды тілімен жалайды, азыққа тәбеті төмендейді. Өзек ауқымы үлкейген жағдайда саусақпен басып, ішіндегі үшінші сатыдағы дернәсілді іріңмен қоса қысып шығаруға болады. Ауру малдың жон арқасының тері астында 200-ге тарта дернәсіл мекендеуі мүмкін. Ауру малдың терісі қатайып, сауын сиырдың сүті қашады. Жас малдың салмақ қосуы төмендейді.
Оқыраның алдын алу үшін бөгелек ұшар кезінде химиотерапия, малдың жон арқасына арнайы ертінді шашу жасалады. Бұл келесі жылы бөгелектердің таралуының төмендеуіне де сеп болады. Көктемде барлық ірі қараны клиникалық тексеруден өткізіп, ауру деп табылған малды инсектицидтермен өңдеу қайталанады.
Соңғы жылдары ивомек, баймек, асертин, аверсект (фармазин) дәрілерінің мойын тері астына бір рет, әр 50 келі салмаққа 1 мл доза енгізіп қолданылуы жақсы нәтиже беруде.
Сөз соңында: Бұл - малда жиі кездесетін аурулар бойынша берілген жалпы мәлімет. Өзіңіздің осы аурулардың алдын алу және емдеуде жинақтаған тәжірибеңіз болса, бөлісе отырыңыз. Маманның арнайы кеңесі керек болса, сұрақтарыңызды аудандық газеттің [email protected] электрондық поштасына жолдасаңыз болады.
Бетті дайындаған Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz