Соңғы жылдары ауылдағы ағайынның еңсесінің көтеріліп, етек-жеңін жинай түскендігі көпке аян. Біреуі мал бақса, екіншісі құс өсіріп, егіншілердің де шаруасының шалқығаны көңілге қуаныш ұялатады. Бөрлі ауданында кәсібін өркендетіп отырған шаруа қожалықтар жетерлік. Солардың бірі – Ақсу ауылындағы «Салтанат» шаруа қожалығы.

Қожалық иесі Тұрар Тұртбаев Ақсу ауылының төл перзенті. «Ақсу – ата қонысым. Мен осы ауылдың ұлымын. Әкем Ғалым осы Ақсу ауылында туып-өсіп, отбасын құрып, төрт түлік мал өсірген шопан болған жан. Ес білгелі әкемнің жанында жүріп, ата кәсіптің қыр-сырына қанып өстім. Өзім 10 ағайынды болсам, соның төртіншісімін. Өзімді мақтағандай болмайын, бірақ мен малсақ болып өстім (Малсақ – мал жанды, малдың жайын көп ойлайтын) деді Тұрар аға әңгімені әріден бастап.
Қазақ өзі мал өсіріп, егін егіп негізгі кәсіптің көзін осы малдан тапқан ғой. Сол ес білгелі көрген ата кәсіпті мен де азаматтық боршымды өтеп келген соң әрі қарай жалғастырдым. Сол кездегі совхоз, колхозда комбайн айдап, жер жыртып, қала берді жылқы бағып кәсіп еттім. Еш кем болғаным жоқ, адал кәсіппен нан тауып жүріп, кейін отбасы құрдым. Отбасылы болғанннан кейін одан әрі алға ұмтылып, мал басын көбейтуге тырыстым деген Тұрар ағаның әр сөзінен еңбекке деген құлшыныс айқын сезіліп тұрды.
Иә, кәсіптің көзін табамын дегендерге бүгінгі таңда мүмкіндік көп. «Салтанат» шаруа қожалығы да бүгінде кәсіптің көзін тапқан қожалықтардың қатарында. Нақтырақ айтар болсақ, қожалық иесі 2000 жылы трактор сатып алып, 5-6 бас малмен шағын шаруа бастап, кейін шаруашылықты кеңейтіп, жеке қожалыққа айналдырған.
- 2012 жылы мемлекеттен 4 млн. субсидия алып, тракторымызды жаңалап, мал басын көбейте бастадық. Қасымда көмекшім болып үлкен ұлым Қайрат жүрді. Қазір де шаруаны дөңгелетіп отырған сол үлкен балам. Өзі сол жастайынан өзім секілді мал шаруашылығына жақын болды, атқа мінді, трактор тізгініне отырды. Сол қызығушылығы оны да мен жалғаған ата кәсіпті жалғастыруға себеп болып отыр. Ал шаруа қожалықтың атын қызымның есімімен «Салтанат» деп атадым.
Жалпы қазіргі таңда «Салтанат» шаруа қожалығында 200-ден аса ірі қара малы бар. Атап көрсетсек 160 мүйізді ірі қара, 45 жылқы басы бар. Сонымен қатар мал өсірумен бірге диқандық кәсіпті қатар алып жүрген шаруашылықта 1500 гектар жер телімі бар. Ол жердің 1300 гектары егіске арналса, 145 гектар жерге пішен шөп (сенакос) егілген. Осындай азды-көпті шаруашылығын одан әрі жандандыруға «КазАгроқаржы» акционерлік қоғамынан трактор сатып алынған. Осылайша бүгінде шаруашылықта 4 трактор жұмыс күшіне жарап тұр. Шаруа қожалық иесі алдағы уақытта мал басын одан әрі көбейтуді мақсат етіп отыр. Сондай-ақ меншігіндегі жер теліміне түрлі мал азығына қажет шөп түрлерін егуді жоспарлауда.
Әңгімелесу барысында кәсіптің көзін тапқан жан ата кәсіп турасында өз ойын да білдірді.
«Қазақ жастары ата кәсіппен айналысуы керек. Қазір де көп болмаса да бар жастар, мал шаруашылығымен айналысып отырғандары. Бірақ көп жастар ауылдың қол жұмысынан шыны керек қашады., қиынсынады. Адам баласы өзіне сеніп, еркін өмір сүргені дұрыс. Бізге көп жағдайда батылдық жетпей жатады. Қазақта «Торғайдан қорыққан тары екпейді» деген сөз бар. Сондықтан шаруаның адамы боламын, кәсіп бастаймын дегендерге «қорықсаң, бизнеске барма, кәсіп оңай емес» дер едім. Расында, оның жауапкершілігі мол.Ұры-қары болады, далада ыстық-суықта жүресің, соған төзу керек. Сонда ғана сен шыңдаласың. Мына бейбіт заманда тірлік жасап, адал еңбектенсең ғана тірлігіңнің нәтижесін көресің. Шаруаның адамдары адал еңбектенсе оның жемісін міндетті түрде жейді. Ал біздің шаруа қожалыққа келер болсақ, жыл сайын жұмысымыз жанданып келе жатыр. Алдағы уақытта үлкен мақсатымыз – шаруашылықты әрмен қарай дамыту, малдың санын арттыру. Мемлекет тарапынан ауылшаруашылықты, агроөнеркәсіпті дамытуға жыл сайын әйтеуәр түрлі қолдаулар болып жатыр. Тек соның ыңғайы мен көзін тауып, пайдалана білуіміз керек», – дейді кәсіпкер.
Иә, мемлекет тарапынан қолдаулар өте көп. Президенттің өзі биылғы жолдауда да ауылшаруашылығы, агроөнеркәсіп жайына ерекше тоқталып өтті. (Төменде көрсетіліп жазылды)
Алғашында азды-көпті мал бағумен айналысқан шаруа иесі бұл күні осылайша бейнетінің зейнетін көріп, өз қажетіне адалынан кәсіп еткеніне дән риза. Бұрынғыдай емес қазір шаруашылығы біраз оңалып, ісі алға басқаны әр сөзінен аңғарылып тұрды. Жастайынан ат құлағында ойнап, талай додаларда бәйгені бермей оза шапқан сәттерін де есіне алып: «Жастардың қызығушылығы телефонға емес, атқа мінуге артып,, жиі атқа отырса ғой. Немерелеріме де жиі айтып, жиірек атқа мінгізіп, барымша тәрбиелеген болып жүрмін. Олардың қаншалықты игере алатынын?... Өзім әлі де жасым 70-ке таяп қалса да, аттан түскім келмей, «Мен ауылдың ұлымын!» деген бір қазақылық бойымды кернеп тұрады» - деді сөз соңында Тұрар аға.
«Мал баққанға бітеді» дейді қазақ. Еңбегі жанып, ісінен нәсіп тауып, көңілі шат болған шаруа ағаға біз де сәттілік тіледік.
Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы