Өткен аптаның жұмасында Ақжайық аудандық соты бірнеше жыл бойы тұрғындарды қан қақсатып, барымташылықпен айналысып келген ағайынды Ешовтардың қылмыстық тобына қатысты сот үкімін жариялады. Үкімді жариялауға айыпталушылар онлайн қатысты.

Бұл топтың 2013-2020 жылдар аралығында 175 бас жылқы, 43 бас ірі қараны қолды қылып, 39 мәрте ұрлыққа барғаны сотта дәлелденді.
Қылмыстық топ құрамына ағайынды Берікболат, Болат, Болатбек, Баубек Ешовтар, сонымен қатар Нұрхат Елеусізов кірген. Сотталғандардың барлығы да Ақжайық ауданынан.
Сот үкімімен 44 жастағы топ көшбасшысы Берікболат Ешов ұрлық, яғни адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бірнеше мәрте ірі және аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жасырын жымқырғаны, сонымен қатар оқ-дәрілерді заңсыз иемденіп, сақтағаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жыл бас бостандығынан айырылды. Бұл жазаны ол қатаң тәртіптегі түрмеде өтейтін болды.
Осы баптар бойынша айыпталған Болатбек пен Болат Ешовтардың кінәсі сотта толық дәлелденіп, оларға 6 жыл 6 ай жаза тағайындалды. Ал Баубек Ешов сот үкімі бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 3-бөлігінің 1, 2-тармақтары, 188-1 баптың 1-бөлігі бойынша, яғни ұрлық жасады деп айып тағылған Н.Елеусізов жазасын қауіпсіздігі орташа колонияда 4 жыл 6 ай өтейтін болды.
Болатбек Ешовке айтарлықтай залал келтіріп, өрт қою тәсілімен бөтеннің мүлкін қасақана жою, сонымен бірге Нұрхат Елеусізовке аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша тағылған кінә айғақтардың болмауына байланысты расталмай, қылмыскерлер осы баптар бойынша ақталды.

Қылмыстық сот бойынша тәркіленген айғақтар өз иелеріне қайтарылды. Ал сотқа жүгінген талапкерлер сотталушылардан келтірілген шығынды өтеп алу үшін азаматтық сотқа қайта жүгінуі керек.
Соттың шығарған үкіміне жапа шеккендердің көңілі тола қойған жоқ. Шаруа қожалықтары мен қарапайым тұрғындар қылмыскерлерге тағайындалған жаза жеңіл деп санайды.
«Мен Құрайлысай ауылдық округінен келіп тұрмын, – дейді жасы сексенге таяп қалған Құрманғали Тәжмұхамедов ақсақал, – баукеспе ағайындардан бүкіл ауыл тұрғындары зардап шекті десем, жалған айтпаймын. 7-8 жыл қатарынан қолымыздағы малдың басын көбейте алмай, зар қақсадық. Жылына кем дегенде бір-екеуі қолды болатын. Былтыр осы ағайындыларды ұстағалы бері мал ұрлығы да сап тиылды. Бірақ мен бүгін жарияланған үкімге риза емеспін. Соншама халықтың ақ адал еңбекпен өсірген малын жымқырып, талайды қақсатқан ұрыларға 7 жыл деген не, тәйірі?! Әрі тергеу кезінде қамақта болған мерзімі де жазасына қосылады екен. Сонда небары 4-5 жылда қайта шығып, жеңіл құтылғанына масаттанған олардың үйреншікті әдетіне қайта баспасына кім кепіл? Кемінде 8 жылдан жоғары жаза тағайындау керек еді. Біздің қолды болған малымызды сот үкімімен қайтармады да. Енді қайта азаматтық сотқа жүгінуіміз керек. Жыл бойы өткізілген сот отырыстарының бәріне қатыстым. Яғни алда тағы да тап осындай қарбалас күтіп тұр. Сол азаматтық сот біздің малымызды қайтара ма?»
Ескерте кету керек, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Әлия Шарапиева,
Ақжайық ауданы
Суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан