Жылдар бойы бағып-қағып, баптап күткен малынан бір түнде, керек десеңіз бір-ақ сағатта айырылып қалу ешкімге де оңай тимесі анық.
Атап айтсақ,биыл11 айында Тасқала ауданында 11 мал ұрлығы дерегі тіркелсе, оның жетеуі Мерей ауылдық округінің аумағында орын алды. Осыған қарап-ақ мал ұрлығының басқа округтерге қарағанда Мерей ауылында көп екенін аңғаруға болады. Бұл жөнінде заңды шешімдер қабылданды. Тергеу амалдарын жүргізген кезде 2016-2018 жылдар аралығында аталмыш округ бойынша тергеу мерізімдері үзіліп, тоқтап тұрған 5 қылмыстық іс қайта жаңғыртылып, күдікті адамдар ұсталды. Оларға ҚР ҚК-нің 188-бабының 2-бөлімімен айып тағылып, іс Тасқала аудандық сотына жолданып, шешім қабылданды.
Жоғарыда айтып өткен мал ұрлығы бойынша тіркелген 7 фактінің біреуі ауыр қылмыс. Аталмыш факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. Дәлірек айтсақ, биылғы шілде айының 11-не қараған түні белгісіз біреулер ұрлыққа бағытталған арам ойларын жүзеге асыру мақсатында өзара сөз байласып, Тасқала ауданы Айнабұлақ ауылына келіп, Азат көшесіндегі 14/1 үйдің қорасына еніп, Наурызғали Аяпбергеновке тиесілі екі асыл тұқымды жылқыны ұрлап кеткен. Нәтижесінде оған 2 485 000 теңге материалдық шығын келтірген. Алдын ала тергеу жүргізу барысында осы ұрлыққа қатысты деген Орал қаласының Е. есімді тұрғыны мен Мерей ауылына қарасты Айнабұлақ ауылының Н. есімді тұрғыны ұсталды. Тергеу кезінде күдіктілер Н. мен Е. екі жылқыны Ресей Федерациясына өткізіп жібергендігін айтып, кінәсін толық мойындады. 4 желтоқсан күні Тасқала аудандық сотының үкімімен күдікті Н. 3 жыл бас бостандығынан айырылып, қазір Орал қаласында орналасқан түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатса, күдікті Е.-ге 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы қолданылып, ҚАЖД инспекторларымен қадағалануда.
Мал ұрлығы бойынша қылмыстар дер кезінде аудандық полиция бөліміне жетпегендіктен істі жедел ашуға кесірін тигізеді. Көбіне жәбірленушілер алдымен өздері іздестіріп, арада 3-4 күн өткеннен кейін ғана ұрлық бойынша полиция бөліміне хабарласып жатады. Ал оқиға болған жерлерді қарау барысында ұрлықтың жасалғанына 3-4 күн өтіп кетуіне байланысты қылмыстық іс бойынша дәлел болатын заттарды тәркілеу мүмкін болмайды. Сондай-ақ далада жүретін малға, әсіресе, жылқыларға GPS, яғни, арнайы чип орнатуға кеңес береміз. Бұл үйде отырып-ақ телефон арқылы малдың қай бағытта жүргенін хабардар отырасыз.
Нұркен Шамғалиев
Тасқала аудандық ПБ басшысы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер