Казталов ауданы Жалпақтал ауылының үстімен ағып өтетін Қараөзен өзенінің көктемгі тасқын суы төменде жатқан Жас ауылына тіреліп, әрі қарай көршілес Жаңақала ауданының территориясына бағыт алады.
Сол жерде тасқын судың жолын реттеу үшін жыл сайын Маламбай бөгетін қолмен жырып ашады да, ағын судың екпіні қайтқасын оны қайтадан кері жабады.
Жылдағы үрдісінен жаңылмаған аудан басшылары биыл да жоғары жақтан мол судың келетінін ескеріп, қауіптің алдын алу мақсатында тасқын су келмей тұрып Маламбай бөгетін жырып жіберді. Қазір Маламбай бөгетінің алды ашық тұр. Алдағы уақытта жергілікті тұрғындардың жыл сайынғы талаптары назарға алынып, тасқын судың екпіні басылысымен «Қазсушар» РМК БҚО филиалына Айдархан су қоймасындағы айналма каналы және Сарышығанақ қоймасына су жеткізетін каналдағы Маламбай бөгетін жабу жұмысы уақтылы іске асса нұр үстіне нұр болар еді. Сонда Дүкен бөгетіне су тіреліп Ащысай, Бостандық, Дауылбай сияқты көптеген ауыл сумен қамтамасыз етіледі.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz