Жуырда әлеуметтік желілерде қасапшылардың жылқыны бауыздамай, балғамен ұрып өлтірген видеосы тарады. Оқиға Атыраудағы мал сою цехтарының бірінде болған. Оны көзімен көрген азамат видеоны әлеуметтік желіге жүктеп, жауыздықты қоғамның назарына шығарған. Кейін жергілікті билік пен барлық құзырлы орган өкілдері жағдайды зерделеуге кірісіпті. Цех жұмысын тоқтатыпты.
-Бұл фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Яғни, Атырау облыстық полиция департаментімен қылмыстық кодекстің 3316 бабының 1-ші бөлігі, яғни жануарларға қатыгездік таныту фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды,- дейді «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Назымгүл Қайсағалиева.
Малды ұрып өлтірмек түгілі, көзінше пышақ қайрамайтын мейірімді ел едік. Сол мейірімділік қайда кетті? Осы сауалды Сырым аудандық мешітің бас имамы Әділхан Наурызбайұлына қойған едік.
«Мал – адамның ризығы!»
Кез келген істің дұрысын айқындап беретін рухани тазалығымен қатар тән тазалығын, деннің саулығын қамтыған ислам шариғаты әрбір мұсылманның өмірлік ұстанымы болуы тиіс. Мал сою амалы қазақта салт – дәстүрімен бітіскен, шариғатымен бекітілген амал.
Әлеуметтік желілерде тарап жүрген видеоларды көргенде қынжылмай тұра алмадық. Видеодан жануарды талдырып, яғни қинап өлтіріп жатқаны көрініп тұр. Мұндай жауыздықпен сойылған малдың еті 100 пайыз арам болады.
Алла Тағала адамды ақыл иесі етіп жаратты. Жануар да – Алланың адам үшін жаратқан нығметі, адамның ризығы былай айтқанда. Оны білуге тиістіміз. Малды адам ризығы болғандықтан, оны союдың өзіндік тәртібі де белгіленген. Қатаң сақталуы тиіс екі шарт бар. Бірінші шарт – малды соятын адам ақыл есі дұрыс, балиғат жасына толған, мұсылман болуы керек. Мал союшы есін білмейтін болса, бауыздаған малы харам болады.
Екінші шарт – малды (бәсең немесе орта дауыспен) «Бисмиллях» деп сою керек және «Аллаһу акбар» деп қосса абзал болады. Алланың елшісі, пайғамбарымыз Мұхаммед (салаллаһу әлейһи уәссалам) «Расында мен сендердің пұттарға арнап бауыздағандарыңды және Алланың атын атамай бауыздағанды жемеймін» деген. (Әл – Бухари 4/58)
«Бізге жетіспейтіні – малды мейірімділікпен сою»
Абайдың «Қараша, желтоқсанмен сол бір-екі ай!» деп келетін өлең жолдары бар. Шала қазақтар бұл уақыттарда жаңа жыл деп жанұшыра бастайды. Ал, нағыз қазақтардың, әсіресе ауылдағы ағайынның «қараша, желтоқсанмен сол бір – екі айында» өз қызығы бар. Ол – соғым. Қазір әр аулада мал сойылып жатыр. Мұсылман елміз ғой, ұрып өлтіріп жатқанымыз жоқ, адалдан бауыздап жатырмыз. Солай дегеннің өзінде біз ескеретін жайттар бар екен.
-Шыны керек, бізге жетпейтіні – малды мейірімділікпен сою. Азаптауға болмайды. Пайғамбарымыз (с.а. у) «Алла тағала барлық нәрсені жақсылап істеуді бұйырды. Сондықтан, малды сойсаңдар, дұрыстап сойыңдар. Алдын – ала пышақты қайраңдар, жануарды қинамаңдар.» - деп ескерткен. – дейді Әділхан имам.
Имамның айтуынша, малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға болмайды. Өйткені, малдың да түйсігі мен сезімі бар. Малды екінші бір малдың көзінше союға болмайды. Біз әдетте осы екі мәселені жиі ескермей, малдың аяғын байлап тастағаннан кейін, қайрақ іздеп, пышақ қайрап жүреміз. Олай етуге болмайды екен. Соятын құрал өткір болуы керек. Тіс пен тырнақтан басқа кез-келген өткір құрал малды союға жарамды. Малды желкесінен бастап союға болмайды. Мал мен құсты электр тогы, тағы да басқа құралдармен ауыр жарақат тигізіп талдыруға болмайды. Мойынын сындыруға болмайды. Мойыны сынған мал қиналып өледі де, қаны еттің бойында қалып қояды. Басын денесінен бөлуге, ыстық суға салып, жүнін жұлуға, мал тірі жатқан кезде малдың жаны толық шыққанға дейін қандай да бір дене мүшесін не бөлігін кесіп алуға, шауып алуға тыйым салынады.
Шариғат мал сою тәртібін былай белгілеген:
«Әрбір еркек өзі жейтін қойын өзі соя білуі керек!»
Аудан орталығының іргесіндегі Өлеңті ауылының тұрғыны Нұрлыбек Төлепов мал етінің саудасымен он шақты жылдан бері айналысады. Осы жылдар ішінде ол кәнігі қасапшы болып алды.
-Күніне 12 – 13 бас мал сойып жүрген күндер болды. Күн сайын 2 – 3 басты міндетті түрде соямыз. Мұсылманның баласымыз, «Бисмиллях, АллаҺу акбар» дұғасын айтып, бауыздаймыз. Тазалықты ең бірінші ретте ескереміз.
Қазір «Мал сою білмеймін!» деп тартыншақтайтын, қолына пышақ ұстағысы келмейтіндер бар. Білмесе, үйренуі керек. Өзіміз мал союды ағаларымыздан көріп өстік. Мал сою - ауылдың жігіттерінің бәрінің қолынан келеді деп айта аламын. Әрбір еркек өзі жейтін қойын өзі соя білуі керек. – дейді ол.
Нұрлыбектің сөзінің салмағы бар. Біздің қазақта өмірлер жұмбағы салт пен дәстүрлерге жасырылған. Бауыздап, мал союдың арғы жағында еркектік мінез, айбар жатыр. Малдың еті мен сүйек – саяғы да ас, қорек деңгейінен өтіп, қазақ үшін құрметтің белгісіне айналып кеткелі қашан?
«Табақ тартудың өзі – тұтас ғылым!»
Қазақ етті мүшелейді. Яғни, сойылған малдың етін жілік – жілігімен бөлшектейді. Малдың 4 аяғындағы 12 жіліктегі жамбас, ортан жілік, тоқпан жілік, кәрі жілік, жауырын сүйектеріне орай ет мүшелегенде осы жіліктерді буын – буыны бойынша ажыратып, жіліктейді.
Құдаға бас пен жамбас, күйеу балаға төс беретінін білеміз. Әрі қарай ше? «Қазақ халқының салт - дәстүрлері» кітабында дәстүрлі табақ тарту тәртібі жазылған. Сый табаққа – бас, жамбас, қазы – қарта, жал – жая, құйрық, сүбе, құда табаққа - бас, жамбас, қазы – қарта, жал – жая, құйрық, бауыр, құдағи табаққа – жақ, қазы – қарта, қарын, тоқ ішек, асықты жілік, сүбе, жеңге табаққа – асықты жілік, сүбе, қабырға, мойын омыртқа, құйрық, өкпе, ұлтабар, беташар табаққа – сүбе, төс еті, қарын, ащы ішек, құйымшақ, мойын омыртқа, күйеу табаққа – төс, асықты жілік, қабырға, омыртқа еті, қазы – қарта, қыз табаққа – тоқпан жілік, омыртқа, сүбе, қабырға, қазы, құйрық, бала табаққа – бел омыртқа, қабырға, бүйрек, бақай, асықты жілік салынады екен. Табақ жасау дегенің тұтас ғылым екен ғой!
Қорыта келе, әр қазаққа бас пен жамбас жеу бақыты бұйырсын дейміз. Не жесек те, жегеніміз адал болсын!
Бауыржан Ширмединұлы
Cырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер