4.02.2021, 10:37
Оқылды: 64

Малдың жайын баққан білер

Қылышын сүйреп келген «кәрі құда» қыңыр мінез танытпаса да біраз әбігерге салып тұрғаны рас. Қары қалың болмаса да көктайғағы жүргізер емес. Қар аралас жауған мұздақтан соң қасиетті жануар жылқыға қиын соқты. Сар даланың төсінде еркін өскен сәйгүліктердің қолға қарап, тебіндей алмай қалғаны тіптен ауыр тиіп отыр. Былтырғы қуаңшылықтан кейін «шықпа жаным, шықпа» деп жанын шүберекке түйіп отырған мал баққан ағайынға да оңай емес. Бағасы шарықтап тұрған мал азығын қолдағы қой мен ірі қараға ғана шақтап, далада жүрген жылқыны есепке алмаған еді. Енді сол жылқы да қораға қамалып, тамақ сұрайды. Ал қыстың арты қашанға дейін созылары бір Аллаға аян...

2E17B2FB-008B-4F5B-8898-2339F4EDDAAF

Иә, бұл малмен күнін көріп жатқан баршаның басындағы бүгінгі көрініс. Алысқа бармай айналадағы қыстақтарды аралап көрдік, жағдай бір қалыпты. Қыс соңына дейін мал азығының қоры жететіндей. Ауыл шаруашылық саласының мамандарының қара есебіне сүйенсек, қыстан қысылмай шығатындаймыз. Әй, қайдам! Кеше жаздағы көкала дауыл осы қыстың алдын болжағандай. Қаңтарды сөгітіп, ақырған ақпанға аяқ бастық. Әзірге бәрі тыныш. Ал алыстағы ағайын аман ба? Құдайға шүкір, ауданымыздың аумағы біраз жерге созылған. Бір шеті Бөкей орда, Жәнібек, Тасқала, Жаңақала, Ақжайық сеілді іргелі аудандармен шекаралас болса, бір шеті Ресейге тиіп-ақ тұр. Әзірге қар қалың емес, қатынас бар. Сол алыстағы ағайынның жағдайына қанықпақ болып, Бірік ауылдық округінің әкімі Жігер Жакиевке хабарластық. Жас та болса жігерлі, елдің тізгінін ұстаған азаматтың:

- Жуырда қыстақ аралаймын, шалғайдағы Саралжынға да барамын. Қаласаңыз, менімен бірге барып қайтыңыз,- деп ұсыныс тастады. Біздің ойлаған ойымызды дөп басқан әкімнің ұсынысын бірден қостап, жолға шығуға қамдандық. Уағдаласқан күні округ орталығы Әжібай ауылына жеттік.

Қызметтік «Уаз» автокөлігін сайлап қойған округ әкімімен бірге «Саралжын қайдасың?» деп жолға шықтық. Жол бойы Жігер жігерлі әңгімесін өрбітіп, аз-кем округтегі мал қыстағы туралы мағлұмат берді.

- Жалпы 2020 жылғы есеп бойынша округте 4 828 ірі қара, 12 292 қой-ешкі, 2 251 жылқы, 4 түйе малы бар. Расын айту керек, мал басы жыл сайын өсіп отыр. Қолдағы малды қыстан аман алып шығу үшін елді мекендерді қоспағанда 19 жерде мал қыстағын ұйымдастырудамыз. Бүгінде мал азығы жеткілікті. Барлық қыстақтарды аралап, мал баққан ағайынмен жүздесіп жүрміз. Жағдайлары жаман емес. Мал азығы азайған жерлерге басқа қыстақтардан шөп сатып алуды да ұйымдастыратын боламыз. Бір бума шөптің құны 10 000 теңге көлемінде. Мал қыстату науқаны кезінде туындаған барлық мәселелерді шамамыз келгенше дер кезінде шешуге тырысудамыз,- дейді жас әкім.

Жолға шыққанымызда күн суық болғанымен көліктің іші жылы. Жол бой жаяу борасын борап тұр. Далада қар аз болғанымен көліктердің жүріп өткен жолын бітеп жатыр. Астымыздағы жол талғамайтын «Уаз» көлігі жолды жапқан қарды жарып келеді. Алдымыздан Мәңгүр қыстағының төбесі көрінді. Көлігімізді сол бағытқа бұрдық. Бұл қыстақта ауыл азаматы Дархан Құрманалиев жетекшілік ететін «Достық» шаруа қожалығы малын өсіріп отыр. Қыстақ малшыларымен жүздесіп, олардың: «Биылғы қыстан қиналмай шығамыз» деген көңіл көншітер сөзін естіп, сапарымызды жалғадық. Жол бойындағы Жұмыр, Мырзалы қыстақтары орналасқан. Кезіндегі ұжымшар қарамағында болған бұл қыстақтарда мыңғырлаған мал бағылып, атақты шопандар отырғаны белгілі. Бәрі де сол ескі заманның суреттері секілді келмеске кеткендей.

Жұмыр көлі басында орын тепкен «Талпын» шаруа қожалығы қыстақ басынан қазіргі заманға сай үй-жайы мен қора-қопсысын салып алған. Шаруашылыққа Радик Мұқашев жетекшілік етеді. Шаруаны әңгімеге тарттық.

- Әзірге жағдайымыз жаман емес. Мал азығын былтырғы қуаңшылыққа қарамастан молымен дайындап алдық. Негізінен бұл жерде ірі қара ұстап отырмыз. Жылқы мен қой өзен бойындағы қыстағымызда. Күнбе-күн шөбін шашып, бір мезгіл жемдейміз. Мал басы төлдеп жатыр,- деп ағынан жарылды. Расында, қыстақ басындағы малдың күйі жаман емес. Бұл жерде тағы да бір жақсы жаңалыққа куә болдық. Жұмыр көліне қар суы түсіпті. Деңгейі 1 метрге жуық көтерілген. Кезінде табиғи жыраны қолдан бөгеп, көл жасаған дейді. Бүгінде жауын-шашыннан нәр алатын Жұмыр көлі жыл сайын тартылып келеді. Биыл Бірік ауылдық округіндегі біраз бөгеттер мен көлдерде су түскен. Атап айтар болсақ, арнасы кеуіп қалған Қалабай көлі суға толғанын жеткізді көргендер.

Төріне құт қонған, мал баққан ағайынға құт болған, талай мықтылардың кіндік қаны тамған Саралжын ауылына да жеттік-ау. «Қазақтың «өш» жер дегені көш жер» демекші, аудан орталығынан бастап санасақ, Саралжынға дейін 80 шақырымға жуықтайды. Қалың қар мен балшықта жетіп көр.

Саралжын ауылында 90-ға жуық тұрғын мекен етуде. Негізгі кәсіптері мал шаруашылығы. Бүгінде елді мекен есебінде болғанымен ауылда клуб пен мектеп жабылған. Жалғыз ғана медпункт жұмыс жасайды. Дегенмен болашағы жоқ емес. Саралжын басына мал ұстау үшін көшіп келіп жатқандардың саны артып жатқанын жеткізді округ әкімі. Сапарымыз барысында аулы тұрғындарымен кездесіп, біраз әңгімелестік, біраз мағлұматқа қанықтық.

Расында бұл жердің тарихы тереңде жатыр. Заманында ауылда күмбезі алыстан жарқырап көрінетін мешіт болған екен. Кеңес үкіметі кезінде қойма болып, бертін келе құлап қалған. Бұл қасиетті мекенде қазақ тілі ғылымының негіз қалаушы, профессор Қажым Аманғалиұлы Басымовтың кіндік қаны тамған. Ал әкесі Аманғали өте тақуа молда болған деседі. Осындай тұнған тарихы бар елді мекенге көгілдір отын тартылса деп сұрайды ауыл тұрғындары. Иә, бұл мәселенің де шешілетін күні алыс емес секілді. Жуырда округ әкімдерінің есеп беру жиындарында ауданның атқамінер азаматтары біздің өңірде көгілдір отын өтпеген ауылдарға газ тартуға жобалық-сметалық құжаттардың дайындалғаны туралы ақпар берген болатын. шағын ауылда бұдан да басқа түйткілдер бар. Ауыл азаматтары медунктті жөндеу немесе басқа орынға көшіру, артезиан құдыққа күннен қуат алатын су сорғысын орнату секілді мәселелерді алға тартып отыр. Сонымен бірге ауыл жанындағы Шұңқыркөл тоғанын тереңдету жұмыстары да бар. Тоған басына барып та көрдік. Тоғанға биыл жақсы су түскен. Су молынан түсу үшін тереңдету қажет дейді саралжындықтар.

Ауылда мал қыстату науқаны бір қалыпты жүріп жатыр. Мал азығы азайғандарға ауылдағы қожалықтар көмектесуде. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» Саралжын ауылының тынымды тіршілігіне бір қарап қызықтық. Төрт түлік малдың арқасында тыныш өмір сүріп жатқан ағайынмен қимай қоштасып, көлігімізді кейін бұрдық.

 Қайрат Жақып,

 Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале