Ит екеш ит те адам баласына қауіп төндіре бастағандай ма? Неше күннен бері Бөкей ордасы ауданындағы жергілікті тұрғындардың ауыл ішінде қаптап кеткен бұралқы иттерге қатысты наразылықтары көбеймесе, азаяр емес. Бұрын-соңды ит атаулының ауыл сыртында жайылып жүрген жануарларға шапқанын естісек, енді олар қораға түсіп, ұсақ жандықтарға шабуыл жасауда.
Көрнекі фото: zhaikpress.kz
Мәселен, ауыл тұрғыны Рустам Өтеевтің бір емес, 15 қойын иттер талап кетіпті.
– Бір күнде 15 қойым итке жем болды. Тіпті, сойып алуға да келмейді. Бірден ауыл әкімдігіне хабарластым. Ветеринарлық станция қызметкерлері келіп бұралқы иттерді жою бойынша шараларды қолға алғандай болды. Дегенмен, нақты нәтиже көрінбейді. Әлі күнге дейін үйдің маңында иттер толып жүр. Кішкентай балалар үшін алаңдап отырасың. Ашкөз иттер балаларға шаппасын деп тілейміз, – дейді ол.
Сайқындық Мерсай Даурушевтің де қойларын айдың күні аманында иттер жайратып тастапты.
- Жеті бірдей қойды қырып кетті. Екеуі санынан қабылса, біреуі арам өлді. Төрт қойды амал жоқ болғасын сойып алуға тура келді. Ветеринарларға шұғыл хабар бердім. Келіп жағдаймен танысқан. Бұл мәселені қолға аламыз деп еді. Бірақ қазірдің өзінде ауыл ішінде иесіз қаңғып жүрген ит көп, – дейді.
Аудандық ветеринария станциясының басшысы Алмабек Құрмашевтің сөзінше былтыр бұралқы иттерді жою бойынша 1 миллион 940 мың қаражат бөлініп, 388 иттің көзі жойылған.
–2023 жылы жалпы бұралқы итке қатысты 43 арыз түсті. Сол арыз бойынша біздің мекеме тарапынан тиісті шаралар қолға алынды. 388 иттің көзі жойылса, соның 123-і осы Сайқын ауылында қолға алынған шара аясында орындалды. Біздер тек түскен арыз бойынша ғана тиісті шараларды қолға аламыз. Сондықтан тұрғындардан бұралқы ит қорадағы малға шабуыл жасаса бірден біздің мекемеге келіп, арыз жазуыңызды сұраймыз, – дейді.
Аудандық санитариялық- эпидемиологиялық басқармасының басшысы Света Рамазанованың берген ақпаратына сәйкес, былтыр үй жануарларынан зардап шегу бойынша 22 оқиға тіркелсе, соның үшеуі бұралқы итке қатысты тіркелген.
Тұрғындардың ақ адал малына алаңдаушылық танытуы орынды. Бүгін қорадағы малға шауып дәніккен иттердің күні ертең адамға тарпа бас салмасына кім кепіл?
Темхар Рахметолла,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz