31.05.2024, 17:00
Оқылды: 165

Мәлік Құлшарға ауданның «Құрметті азаматы» атағы берілді

Бөкей ордасы ауданы әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығыменен аудан тумасы, партия және еңбек ардагері Мәлік Құлшарға ауданның «Құрметті азаматы» атағын табыс етуге арналған жиын өтті.

IMG-20240531-WA0095

Аталмыш жиынға аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева Мәлік Құлшардың жерлес достары, еңбек ардагерлері, аудандық мекемелер мен ұйымдар басшылары қатысты.

Өз кезегінде аудан әкімі Нұрлыбек Даумов  Мәлік Иманқұлұлының өмірбаянымен таныстырып өтті.

Ағамыздың өмірдерегіне тағы бір мәрте назар аударсақ, артық етпес. Мәлік Құлшар 1960 жылы Орал облысы Жәнібек ауданында дүниеге келген.

1967 жылы Бисен ауылындағы Б.Жәнекешев атындағы мектепке барып, 1977 жылы Жәнібек ауылындағы Т.Жароков атындағы қазақ орта мектебін бітірген.

1982 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) математика факультетін аяқтаған.

IMG-20240531-WA0089

Мәлік Иманқұлұлы еңбек жолын 1982-1984 жылдары  Жәнібектегі Абай атындағы мектеп-интернаттың оқытушысы қызметінен басталған. 1984-1989 жылдары Жәнібек аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі, І хатшы, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, 1989-1993 жылдары БҚО әкімшілігінде аға референт, бөлім меңгерушісінің орынбасары, 1996-1998 жылдары облыстық «Балдырған» балалар қорының атқарушы директоры, 1998-2001 жылдары  БҚО әкімінің орынбасары, 2001-2004 жылдары облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары, 2004-2007 жылдары Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының әкімі, 2007 жылдың маусым-тамыз айлары аралығында «Нұр Отан» партиясының БҚО-дағы филиалының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарған.

Одан әрі 2007-2020 жылдардағы – Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының IV, V, VI шақырылымдағы хатшысы.

2021-2023 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің VII шақырылымының депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі болған.

Бүгінде Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты.

IMG-20240531-WA0092

Сонымен қатар 2009 жылы «Парасат» медалімен марапатталған. Оған қоса көптеген мерекелік медалі бар.

Жиын барысында аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков, ауданның құрметті азаматы Ерболат Таңатов және жерлес достары құттықтау лебіздерін жеткізді.

«Құрметті азамат» атауының иегері Мәлік Құлшар аудан басшысына және барша қатысушыға алғысын жеткізді.

Айтарлықтай 2023 жылдың 21 желтоқсанында Бөкей ордасы аудандық мәслихатының №11-4 шешімімен Мәлік Иманқұлұлына ауданның «Құрметті азаматы» атағы берілген екен. Дегенмен марапат иесінің шалғайда болуына байланысты марапатты табыс ету сәті бүгінгі күнге келіп отырса керек.

Еркебұлан Бисенғалиев,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале