ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 30 маусымдағы №449 Қаулысына сәйкес, маусым айының екінші жексенбісі «Малшылар күні» болып бекітілген. Мерекеге орай Казталов ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Асланбек Сарқұлов мал шаруашылығымен айналысып жүрген бірқатар азаматпен кездесу өткізді.
Атап айтсақ, Казталов ауданының Құрметті азаматы Тұрақбай Дүйсенов, «Нұр-Досхан» ауыл шаруашылық кооперативінің мүшесі Мұса Темірбайұлы Есқазиев, ауыл тұрғындарының жеке малын бағушы Асылбек Ғалиасқарұлы Байзуханов, «Батыс-Е» ауыл шаруашылық кооперативінің мүшесі Марат Файзоллаұлы Табылдиев және «Мерлан» шаруа қожалығының жетекшісі Ринат Байтұрлыұлы Ғұбайдуллин секілді азаматтармен емен-жарқын әңгіме айтылып, құрмет көрсетілді. Еңбекті жанына серік еткен малшылар өз өмір жолдары мен мал бағудың қыр-сыры жайында айтып, мал шаруашылығындағы кейбір өзекті мәселелерді тілге тиек етті.
Кездесу соңында аудан әкімі Асланбек Сарқұлов ауыл шаруашылығын дамытуда малшылар еңбегінің орасан зор екендігін айтып, қиындығы мол жұмыста жалықпай еңбек етіп келе жатқан малшыларға «Алғыс хат» табыстады.
Алдағы уақытта «малшылар мейрамының» үлкен көлемде аталып өтетінін айтқан аудан басшысы, барша мал шаруашылығында еңбек сіңіріп жатырған аудан азаматтарын мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
Жансая Жұмажанқызы,
Казталов ауданы
zhaikpress