22.06.2020, 12:04
Оқылды: 53

Мамандығын сүйетін маман

23 маусым - Қазақстан полициясының күні. 2007 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен ресми бекітілген бұл мереке - Қазақстандық полицияны құрған ардагерлер мен оның қатарында еңбек ететін қызметкерлерге алғыс айтып, еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында өз өмірін құрбан еткен ішкі істер қызметкерлерін еске алатын күн.

Осындай атаулы күнде отыз жылдай құқық қорғау органында қызмет етіп келе жатқан полиция полковнигі Амангелді  Убишевті оқырманға таныстыруды жөн санадық.

FFB01CC0-023B-488F-9943-D6BB7BF71F1C Амангелді Убишев 1967 жылы Чапаев ауданында (қазіргі Ақжайық ауданы) дүниеге келді. Чапаев ауылында өсіп, орта мектеп бітірген соң әскер қатарына шақырылды.  Сол кездегі кеңес одағының бір шеті – Қазақстанның кең даласынан аттанған 18 жасар балаң жігіт Амангелді Ресейдің Чита облысына жетіп, Забайкалье әскери округі құрамында әскери борышын өтеді. Елден жырақ, әскери тәртіппен жүрген екі жыл оның болашақта мамандық таңдауына әсер еткені сөзсіз.

Амангелді Рашидұлының ішкі істер органындағы қызметі ел егемендік алған 1991 жылы басталды. Оның ең алғашқы қызметі – Чапаев аудандық ішкі істер бөлімінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекциясының инспекторы.

Үш жыл бойы, мемлекет жаңа қалыптасқан жылдары жасөспірімдермен жұмыс жасаған ол құқық қорғау органы қызметіне төселіп, 1993 жылы сол ауданның ішкі істер бөлімінің қылмыстық іздестіру бөлімшесінің аға жедел уәкілі қызметіне ауыстырды.

«Әке көрген оқ жонар» деген, әкесінің ізін басып, құқық қорғау органында түбегейлі қалуды көздеген Амангелді Рашидұлы 1996 жылы Қарағанды қаласындағы ҚР Ішкі Істер министрлігінің жоғары мектебіне оқуға түсті. Қызметінен қол үзбей оқи жүріп, қылмыс жолын кескен азамат білімін жетілдіріп,  2001 жылы ҚР ІІМ академиясын тәмамдады. Жоғары білімді заңгер дипломын қолына алған соң, қызметтік шені де, лауазымы да өсті.  Өз ісіне ұқыпты, жауапкершілігі мол маман Ақжайық, Жаңақала, Бәйтерек, Шыңғырлау, Қазталов аудандарында, облыс орталығында лауазымды басшылық қызметтер атқарды. Теректі ауданына былтыр қаңтар айында келген полиция полковнигі қазір -  аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы. Аудандағы ұрлық, қылмыстық оқиғаларды әшкерелеуде Амангелді Убишевтің қолының ізі бар. Алысқа бармай-ақ, күні кеше ашылып, ісі сотқа жеткен бір оқиға жайын айтып кетейік.

Биылғы мамыр айының ортасында жасы сексеннің бесіне келген кейуана Теректі аудандық полиция бөлімінің кезекшісіне қоңырау шалды. Себебі – мал қорадан бір қойы қолды болыпты.

Оқиға орны – Ұзынкөл ауылына қарай шұғыл шыққан тергеу тобы қорадағы қойға түскен ұрының адымын аштырмады.  Кім екенін анықтап, сұғанақ қолды «Ф» деген азаматты кісендеп те үлгерді.  Тексере келе, оның бұған дейін де екі рет осы ауылда қой ұрлағаны анықталды. Қылмыстық іс қазір сотқа жолданды. Бұл – тәжірибелі маман басқарған кримналдық полиция бөлімшесі нәтижелі аяқтаған ондаған істердің біреуі ғана.

Ия, полиция қызметі осындай. Түн қатып жүру, аяқ астынан жолға шығу, тәуліктеп қылмыскер ізін кесу....

Осының бәріне тек өз ісіне берілген, азаматтық ұстанымы мықты жандар ғана шыдайды.

Жан жары Римма отағасының  қызмет бабымен жиі орын ауыстыруына, тынымсыз тірлігіне қабақ шытпай, түсіністікпен қарайды. Осы жылдар ішінде олар  төрт бала дүниеге әкеліп, тәрбие берді. Алдының қолы өз аузына жетті, кенже ұл - мектеп  оқушысы Азамат қазір әкесіне қарап, әділдік пен жауапкершілік деген асыл қасиеттерді бойына сіңіріп жүр.

Кішкентай кезінен әке жолын жалғастыруды  армандаған Амангелді Рашидұлы кездескен сынақтарға сынбады. Бірбеткей мінезімен қиындық атаулыға қасқайып қарап, өмір сатысын, қызмет баспалдағын бағындырды.

Мамандығын сүйетін маман А.Убишев «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін», «Қазақстан полициясына 25 жыл», І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Ішкі істер органдарының ардагері» медальдарымен, «Сыныпты маман тәлімгер» белгісімен марапатталған. Кәсіби мереке қарсаңында «ІІ дәрежелі Ішкі істер органдарының үздігі» кеуде белгісіне ұсынылды.

Ел мүддесі, тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін 29 жыл бойы тынымсыз қызмет етіп жүрген Амангелді Убишев - әріптестеріне үлгі.

Аягөз Айтқалиева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале