24.05.2024, 17:45
Оқылды: 123

Мамандық таңдадыңыз ба?

Тағдырыңды өзгертер таңдау жасау өте қиын.  Әсіресе, мамандық таңдау мен жар таңдауда қателеспеген жөн. Өйткені бұлардың біреуі сенің өмірлік сүйенішің болса, енді біреуі өмірлік азығың. Таңдау жасауда талқыға түсетін де, баланың болашағына дұрыс қадам жасау да мамандық таңдаудан басталады. Бірақ бүгінгі қоғамда болашақты ойлаудан гөрі қалтаға ыңғайлы қаржылық жағын көп ескеретін сияқтымыз. Өзі қаламаған мамандық алып шыққан азаматтан білікті маман шығуы екіталай.

coffee-1276782_1280

Фото: pixabay.com

Бүгінгі таңда Жаңақала ауданында қандай мамандыққа сұраныс көп және оқу орнын аяқтаған жастарымыз қай салаға орналасуды көздейді деген сауалмен аудандық мансап орталығына ат басын бұрған болатынбыз.

-  Біздің орталыққа жұмыс сұрап келетіндердің басым көпшілігінің арнайы дипломы жоқ, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүргенді қалайтындар. Мәселен, күзетші, вахтер, маусымдық от жағушы оператор. Ал ауданымыз білімімен қатар біліктілігі жоғары есепші, техник-бағдарламашы, дәрігер мамандарына мұқтаж. 4 жыл оқымай, арнайы 1 немесе 3 айлық курс оқып, бағбаншы, бағдарламашы (программист), сондай-ақ қазіргі заманның табыс көзіне айналған шаштараз, бет әрлеуші, тырнақ бояушы мамандықтарын алуға ынталылар үшін жұмыс берушінің сұранысы бойынша  мансап орталығының жанынан «оқуын бітіргеннен кейін тұрақты міндетті түрде жұмысқа аламын» деген төрт жақты келісімшартпен оқытылады, - дейді аталмыш орталықтың құрылымдық бөлімше бастығы Анаргүл Аткешова.

Мінекей, оқу жылы аяқталып, соңғы қоңыраудың соғылуына да санаулы күндер қалды. Көптеген мектеп бітіруші түлектің шаңырағында мамандық таңдау талқыға түсіп жатыр.

Бала шақтан болашаққа аттанатын жасөспірімнің ойы он саққа, санасы сан саққа кетері сөзсіз. Отбасының мейірім, махаббатынан ұзап қана қоймай, жаңа қала, жаңа орта, жаңа өмір сынды сезімдер жан дүниесін еріксіз билеп, жеке тұлға ретінде қалыптасуы үшін бойындағы жауапкершілігі екі есеге арта түседі. Сондай кезеңді бүгінде басынан өткеріп жатырған Жаңақала мектеп-гимназиясының биылғы түлегі Бегайым Төлегеновадан пікір алдық.

- Жас буынға болашағына әсері мол мамандық таңдау қиынға соғары анық, дәл сол секілді маған да тұрақты таңдау жасау оңай болмады. Өзімді әр салада, әр түрлі бағытта елестетіп көрдім. Бала кезден таңдауым дәрігер болса, өсе келе өзге мамандықтарға қызығушылық таныттым. География, математика пәндерін таңдап, маркетинг саласының қызметкері болғым келді, информатика, математика бағытын таңдап, IT маманы да болғым  келді. Алайда соңғы жылда жүрегім қалайтын мамандық мүлдем басқа екенін түсіндім. Қазіргі таңда таңдау пәнім - биология мен химия. Бала қиялымды жүзеге асыруға бел буып, кардиохирург болғым келеді. Медицина саласын таңдаудағы себебім, қазір кеңінен танымал, өте жиі кездесетін аурулардың бірі - жүрек ауруы. Адамдардың ауруынан айығып, әрі қарай өмір сүруіне өз септігімді тигізгім келеді. Ата-анам мамандық таңдау еркін өзіме берді, олардың тарапынан қысым көрмедім. Керісінше барынша қолдау танытуда. Дәрігер болам деген ниетіме шынайы қуанды. Өзімнің қатарластарыма айтарым,  біздің бүгінгі таңдауымыз, болашақ нанымыз. Оған немқұрайлы қарап, төмен бағалауға болмайды. Қазір дұрыс мамандық таңдай отырып, жарқын болашағымыздың алғашқы іргетасын қалаймыз, - дейді ерекше аттестат үміткері.

Аудандық білім бөлімінің бас маманы Гүлжиян Төлегенованың бізге берген мәліметінде аудан бойынша биыл 14  мектептен 238 түлек  түлеп ұшпақ. Соның ішінде  «Алтын белгіге» үміткер саны - 10 болса, үздік аттестатқа 17 түлек үмітті.

Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған. Ол үшін ең алдымен мамандығыңызға деген махаббат керек. Осы жөнінде облысымыздағы жоғары оқу орындарының мұғалімдерінің де ойын білуді жөн деп таптық.

- Жалпы мен сабақ беретін мамандықта студенттердің 50 пайызы қалап түссе, 30 пайызы мамандығынан шатасып, қалған 20 пайызы жай ғана түсе салады. Оған себеп, соңғы уақытта білім жүйесінде мемлекеттік грант көп бөлініп, сондай-ақ білім деңгейі көрсеткішінің жыл сайын төмендеуі. Соған қарап түлектердің «тегін оқысам болды» деген оймен төмен ұпай алса да, грант ұтып алуға мүмкіндіктері туып жатады. Ал кейбіреуі оқу жылының барысында өзіне ұнаған мамандыққа ауысып кетеді. Мәселен, мен сабақ беретін білім беру бағдарламасы «Санитарлық профилактикалық іс-шаралар», соның ішінде студенттер «Өндірістегі тіршілік қауіпсіздігі» мамандығын алып шығады. Олар болашақта өндірістік орындарында техникалық қауіпсіздік инженері және экологиялық қауіпсіздік инженері (эколог) немесе төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімдерінде қызмет жасай алады. Жоғарыда айтқанымдай, студенттердің бір бөлігі ұнатып түскендіктен, оқуда алғырлықтарымен көзге түссе, кейбірі қаламай түсе де, оқу барысында мамандығына қызығушылық оянып, жақсы нәтижелер көрсетіп жатады.

Жалпы жоғары оқу орнына тапсыруға ниеттенген мектеп бітіруші талапкерлерге мамандықтың маңыздылығын терең түсіндірген дұрыс деп ойлаймын. Ол жұмыспен тек ата-ана ғана айналыспай, мектепте кәсіптік бағдар берілсе игі болар еді. Сонда ғана әр бала болашағына байыптылықпен қарап, таңдауда жаңылыспайды, - дейді Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, политехникалық институтының оқытушысы Еркін Бақытжанұлы.

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале