13.12.2023, 16:30
Оқылды: 66

Мамандықтың қыр-сырына қанықты

Теректі аудандық балалар шығармашылық үйі мен Федоровка мектебінің ұйымдастыруымен «Жарқын жүздесу» жобасы өтті. 10-11 сынып оқушыларына арнап «Мамандық таңдау - маңызды іс» деген атаумен өткен кездесудің тізгінін ұстаған - Үміткер Орынғалиев.

image-12-12-23-05-35-9

Түрлі саланың өкілін ортаға жинаған кездесудің қонақтары да осал емес, ылғи мықтылар. Олар Теректі аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Ұлан Сайтмұхаев, кәсіпкер Анар Қайрекенова, ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Сатыбалдиев.

Қолы қалт етсе атқа мініп, қамшы өріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген Ұлан Жанботаұлын танымайтын теректілік жоқ шығар. Ол өз саласына қалай келгендігі жөнінде көпшілікті қызықтырған сұраққа былай деп жауап берді:

- Қаржы саласына деген махаббат бойымда бала кезде қылаң берді. Бұл сала нақтылықты қажет етеді. Нағашымның Сарыбай есімді досы сол кезде банк басқарды. Менің қос нағашым да Кеңес заманында шаруашылық дүкен ұстады. Ол кезде дүкендерде үлкен кассалық аппараттар болатын. Нағашыларым сол аппараттарды алдына қойып, жоғары кәсіби шеберлікпен ақшаны соғып, арнайы түбіртектер шығаратын. Сол аппаратқа қатты қызығатын едім. «Мен де осындай дүкен ашып, кассалық аппарат аламын» деп армандадым. Есейе келе, 9-сыныпты тәмамдап, Талдықорған қаласындағы зооветеринарлық техникумының бухалтерлік мамандығына оқуға түстім, - дейді қаржыгер.

Бүгінгі әйел бейнесі – іскер, басшы, қызметкер сынды лауазыммен толыққан. Олар бала тәрбиелеп қана қоймай, кәсіп ашып, оны дамытуға қабілетті. Сондай жаны нәзік, қайраты құрыш әйел-ана Анар Қуанышқалиқызы. Үш баласын тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Теректі ауданының Подстепное ауылында тұрады.

image-12-12-23-05-35-4

- Ең алғашында кәсіп бастау қиын секілді болып көрінетін. Бала күтіміне байланысты демалыста отырған кезімде дайын жайма, қамыр илеп сата бастадым. Кейін тәтті пісіруге көштім. Өз ауламда инкубатор орнатып, бройлер балапандарын шығардым. Жылыжай салдым. Енді міне, таза малдың етінен шұжық, отқа қақталған құйрықмай жаса сатып отырмын, - дейді ол.

Аудандағы барлық іс-шараның басы-қасынан табылатын ішкі саясат бөлімінің басшысы - Рауан Таңатжанұлы. Тазы ұстап, аңға шыққанды жаны сүйетін азаматтың ақындық қабілеті де бар.

Оқушылар осындай өз ісін кәсіби меңгерген, жан-жақты тұлғалармен танысып, мамандықтарының қыр-сырына қанықты.

image-12-12-23-05-35

«Оқуға құштар» жобасы аясында Ұлан Жанботаұлы оқушыларға І.Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабын оқуға ұсынды. Рауан Таңатжанұлы Ш.Мұртазаның шығармашылығына тоқталып, өзінің өлеңін оқыды.

Анар Қуанышқалиқызы өзінің дайындаған өнімдерін таныстырып, көрмеге қойды.

Оқушылар да мамандық бойынша сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.

Шара соңында Федоровка мектебінің директоры Галина Құрматова келген қонақтарға алғысын жеткізіп, Ш.Мұртаза мен А.Құнанбаевтың кітаптарын сыйға берді.

image-12-12-23-05-35-5

Теректі аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Ұлдай Сәрсенова , аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйден әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің меңгерушісі А.Дощанова сөз сөйлеп, Анар Қайрекеноваға естелік сыйлық табыс етті.

Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале