Бүгін аудан орталығындағы Қ.Хасанов және Алаш тарихи-өлкетану музейінде 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған «Тәуелсіздік кең байтақ ел – Қазақстан» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған дөңгелек үстелге қатысушылар ең әуелі орындарынан тұрып, желтоқсан құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Мерекеге арналған іс-шараны аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиев ашып, дөңгелек үстелге қатысушыларды маңызды мереке ел Тәуелсіздігі күнімен құттықтады.
– Тәуелсіздік – дәуір мен уақыттың бізге берген үлкен сыйы, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Жер бетіндегі қай халық үшін де тәуелсіздіктен биік ұлы мұрат жоқ. Еліміздің Тәуелсіздігі – ұлтымыздың ежелден еркіндікті аңсаған асқақ рухының және ұлт тарихындағы барлық азаттық үшін болған күрестердің көк байрақты жеңісі. Биылғы жыл – еліміз үшін ерекше жыл. Қас-қағым уақыт тәрізді, ауыр күндермен келген Тәуелсіздігімізге – 31 жыл, Желтоқсан оқиғасына – 36 жыл. Әрбір жүрегі қазақ деп соққан адамға белгілі, қазақ еліне Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Ал бүгінгі Тәуелсіздігіміздің жаршысының бірегейі осы – Желтоқсан оқиғасы. Дәл осы желтоқсанда бұлқынған намысшыл жастардың арқасында қазіргі тәуелсіздігімізге қол жеткізіп отырмыз. Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тіккен қанды желтоқсан оқиғасының қатысушыларының ерліктері уақыт өткен сайын жадымызда жаңғыруы тиіс,- деді аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы.
Еңбек ардагері Орынғали Бәкесұлы айырықша мерекеге байланысты құттықтау сөзін арнап, тәуелсіздік жолындағы ел халқының еңбегі мен ерлік істері туралы айтты.
Айтулы іс-шарада Желтоқсан оқиғасына қатысушы, жас кезінде Алматы қаласындағы оқу орындарында оқыған ауыл азаматтары Есенжол Ғабдраш пен Ерболат Мақаш сөз алып, сол кезде орталық алаңдағы оқиғаның ортасында болған сәттерінен көрген-білгендері туралы әңгіме өрбітті.
Аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы мерекеге орай салалар қызметінің дамуына өз үлестерін қосып жүрген бір топ қызметкерлерге Батыс Қазақстан облысының «Құрмет грамотасын» табыстады. Олардың қатарында Егіндікөл ауылдық округінің аға мал дәрігері Сәбит Ғазиев, Б.Қаратаев атындағы Саралжын орта мектебінің мұғалімі Толқын Ашикова бар.
Іс-шара барысында аудандық мәдени демалыс орталығының көркемөнерпаздары Нұршат Исламғалиев «Құмардың термесі» мен «Қалқатай» әнін, Қаратөбе саз мектебінің мұғалімі Гүлнара Далабаева Түркештің күйі «Көңілашарды», Тұрсынбек Ахметов пен Рүстем Ақташев «Ауылым аңсарым» әнін, атақты домбырашы Құрманғазының Адайдың қызы Жәмилаға арнаған күйін саз мектебінің мұғалімі Қыдырнияз Егінғали орындап шараға қатысушыларға көтеріңкі көңіл сыйлады.
Дөңгелек үстел барысында ауыл ақсақалдары мен тарихта аты мәлім Желтоқсан оқиғасына қатысушы Есенжол Төлеуғали мен Ерболат Мақашұлына, аудан орталығындағы мекемелер басшылары мен ауылдық округтері әкімдеріне естелік сыйлықтар табысталды.
Мерекелік дөңгелек үстелге қатысушылар естелік суретке түсті.
Ерболат Мырзағұлұлы,
Қаратөбе ауданы