Таяуда Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінің мәжіліс залында «Тәрбиесі темірдей, әкенің орны бір бөлек» атты аудандық әкелер форумы өтті. Мектеп дәлізінде «Әке асқар тауым» атты фотосуреттерінен фото көрме қойылды.
Мерхан Аманғалиев - «Әкенің бала тәрбиесіндегі орны» атты секциялық дәріс өткізсе, Амангелді Бекқалиев - «Әкелік парызды білеміз бе?» деген секциялық дәріс жүргізді.
- Осы форумды өткізуіміздегі мақсат - отбасындағы әкенің рөлін, бала тәрбиесіндегі жауаптылықты арттыру болып табылады. Қонақтарымыз «Әке - асқар тауым» атты фотокөрмесін тамашалап, «Әке – жауапты лауазым» тақырыбындағы секциялық отырысына қатысты. Одан кейін мектептегі мұражаймен, мектептің тыныс-тіршілігімен танысып, форум «Тәрбиесі темірдей әкенің орны бір бөлек» пленарлық отырысына жалғасты. Форум қатысушылары спикерлермен пікір алмасып, ой бөлісті. Бала өміріндегі әкенің орны, ұлдың азамат болып қалыптасуы, бала құқығы туралы пікірлер айтылып, ұсыныстар тыңдалды, - деді Жадыра Төлеуғалиева.
Шараға қонақ ретінде ардагер спортшы Марат Есмағұлов, Батыс Қазақстан облысы адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат Аслан Еслямғалиев, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының теолог маманы Нұрәлім Қисметов және ақын, Жазушылар одағының мүшесі Закария Сисенғали қатысты. Сонымен қатар аудан ардагерлері, Жаңақала ауылының ардагерлер кеңесінің мүшесі Шаһидолла Ишанғалиұлы, аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдос Ғайнеден, полиция бөлімінің кәмелет жасқа толмаған істері жөніндегі инспекторы Русланбек Нұрболатұлы, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Руслан Ғұмар, Жаңақала орта мектебінің директоры Бегайым Төлеуғалиқызы, ауданымызға қарасты барлық мектептердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әкелер және ата-аналар комитетінің төрағалары қатысты. Форумның ашылуынан бұрын кішкентай баланың арманы жайлы хат оқылды. Одан әрі аудан әкімінің орынбасары А.Нұрғалиқызы құттықтау сөз сөйледі.
- «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деп бекер айтылмаса керек. Сондықтан балаларды тәрбиелеуде қатты көңіл бөлген жөн. Шындығын айтқанда, қазіргі таңда балаларымыздың көпшілігі әлеуметтік желілермен тәрбиеленіп жатыр. Балаға ұстаз мектепте қанша тәрбие бергенмен де үйдегі тәрбиенің орны бір бөлек. Әке балаға деген қамқорлығын, махаббатын, мейірімін білдіру керек деп есептеймін. Бұрын аталарымыз баланы 14-15 жастан тақымы мықты болсын деп атқа мінгізіп, көнекөз ардагерлердің әңгімелерін тыңдасын деген бағытта тәрбиелеген. Қазіргі уақытта ондай мүмкіншіліктер болмағанмен, баланың бойына асыл қасиеттер сіңдіруіміз керек. Осындай игі шаралар ауданымызда жиі өткізіп тұрса құба-құп болар еді, - деді аудан әкімінің орынбасары А.Еслямғалиева. Одан кейін діни сауатсыздық жайында бейнекөрсетілім қонақтар назарына ұсынылды. Осы бағытта Н.Қисметов өз пікірін білдірді.
- Кейде біздер мұсылмандар мен осы діннің атын жамылған адасқандарды айыра алмай жатамыз. Мұсылман адам – өзіне де өзгеге де зиянын тигізбейді. Еліміздегі терроризмнің орын алуына себепкер болып жатқандар тек дінді жамылушылар. Бұның барлығы білімсіздіктен туған әрекеттер. Діни тәрбие дұрысында отбасынан бастау алуы қажет. Қазіргі уақытта отбасында діни тәрбие беретіндер кемде-кем. Бұрынғы кездегі балалар ата-әжелерінен сүрелер үйренетін. Ал қазіргі жастарға діни тәрбие беретін әке мен аналар қалмады деуге болады. Осының барлығы жат ағымға кетуге алып барады. Сенім жүрекке кіргеннен кейін оны қайтару мүмкін емес. Олардың басым көпшілігі өздерін ақиқат санайды. Ал өзінікін ақиқат санаған адамды басқа ақиқатқа өткізу өте қиын. Балада дінге деген қызығушылық болса оны бетінен қағып тастамау қажет. Оны дін мамандарына апару қажет. Мешітке келіп, діни сұрақтарды қойып, қажетті жауап алуыңызға болады. Баладіни сұрақ қойған кезде баланы кішкентай көріп бетін қайтарсақ ол сұрағына жауапты әлеуметтік желілерден іздей бастайды. Сосын әлеуметтік желідегі белгісіз адамдардың жетегіне еріп адасып кетуі де ықтимал. Сондықтан баланы дер кезінде діни сауатты мамандарға апарған жөн, - деді теолог маман Н.Қисметов. Одан кейін жасөспірімдер қылмысы жөнінде бейнебаян көрсетіліп, адвокат А.Еслямғалиев өз пікірін ортаға салды. Содан кейін жасөспірімдердің бос уақытын ұйымдастыру туралы бейнекөрсетілім ұсынылды. Осы тұрғыда ардагер спортшы М.Есмағұлов өз кеңесін жолдады.
- Болашақта да осы тақырып жалғасын табады деген үміттемін. Бұл 2-3 әкені шақырып өткізетін мәселе емес екен. Аудандық мәдениет үйінде көптеген ата-аналарды шақырып, тұрмысы ауырлау, тәрбиесі қиын отбасыларды шақырып үлкен аудандық деңгейде өткізсе құба-құп болар еді. Шынына келгенде біз өте күрделі кезеңде өмір сүріп отырмыз. Теріс ағымдар мемлекеттік деңгейге көтеріліп кетіпті. Ең жоғары лауазымда отырған мемлекеттік қызметкерлердің өзі теріс ағымға қызмет жасап жүрген адамдар болып шықты. Олар мыңдаған адамды өздерінің ілімімен, ағымымен жүргізіп отыр. Өздерінің саясатын ұстандырып отыр. Мемлекеттік идеология күшеймей бұл бәсеңсімейді. Отбасындағы тізгін әкенің қолында болуы керек. Әкенің рөлінің төмендеуіне мемлекет те кінәлі. Мемлекеттік телеарналарда сатиралық бағдарламаларда әйелдің рөлін ер адам ойнайды одан бала қандай тәрбие алады. Біздің уақытымызда теледидардан ылғи соғыс туралы кинолар көрсетілетін. Соған сай біз де намысшылдықты, отансүйгіштікті бойымызға сіңдіріп өстік. Баланы намысшылдыққа бейімдесек ол міндетті түрде отансүйгіш адам болып өседі, - деді З.Сисенғали өз ойын ортаға салып. Жиын соңында Мұқтар Шахановтың сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің «Әке туралы жыр» әні қосылып қонақтар мен көрермендер бірге шырқап, шараны қорытындылады.
Райхан Хамзина,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz