16.10.2020, 10:30
Оқылды: 107

Марат Есмағұлов: «Спортсыз өмірімді елестете алмаймын»

Ұранды елдің ұрпағы қайсар болатыны ежелден белгілі. Бірбеткей мінезі, ұстамды қалпы, қажыр-қайраттылығымен талай жерде қарсыласының сағын сындырған азаматтар Жаңақала топырағында жетерлік. Белдескеннің белін сындырып, тірескеннің тізесін бүктірген қазақ ұлдарына тәлімін беріп жүрген Марат Есмағұловты көпке үлгі етуге болады.

Marat (1)

«Жақсылар жақсымын деп айта алмайды,

Жамандар жақсымыз деп айқайлайды.

Жүрген соң бауырында күнде көріп,

Таулардың биіктігі байқалмайды» демекші, М.Фаритұлы үндемесе де үйдей іс тындырып, шәкірттерінің ақжарма алғысына бөленген азамат. Қашан көрсең де жымиып қана жүретін білікті бапкер, рухы мықты ұстаздың тұла бойынан ізгілік пен мейірімнің лебі есіп тұрады. Кейіпкеріміздің азаматтығын, спортқа деген жанашырлығын ел-жұрты жақсы біледі әрі жоғары бағалайды.

Marat (1)

Әлқисса! Бала кезінен спортты жанына серік етіп, асқаралы алпыстың ауылына жақындаса да одан қол үзбей, байрақты бәсе­ке­лерде қа­зақтың туын желбіретуге ерекше үлес қосқан ардагер спортшы – Марат Фаритұлы 1960 жылы Жаңақазан ауылының Жуалыой елді мекенінде туып-өсті. Мек­теп қабырға­сын­да жүріп-ақ спортқа де­ген қызығушылығы жоғары болған Марат ағамызға күрестің орны тіптен ерек болды. Ауыл балаларын бозкілемде алып та, шалып та жығып, үнемі ал­дың­ғы орынға шығып отырды. «Шынықсаң шы­мыр бо­лар­сың» деген ұранмен күндіз-түні тынбай жат­тығып, қатарының алды болуды мақсат етті. Ал­ға қойған арманының орын­далуына еркін күрестен белгілі жаттықтырушы Сатым Абуұлы сеп­тігін тигізді. Әрқашан жаяу жүріп, жаттығу жасудан жалығып көрмеген марғасқа Марат ағамыздың айтары да аз емес. Туған күні қарсаңында ардагер спортшы Марат ағамызды арнайы іздеп бардық. Шаңырағында жылы шыраймен қарсы алған М.Есмағұлов бізге біраз жақсы дүниелер айтты. Естігендерімізді оқырман назарына қаз-қалпында беруді жөн көріп отырмыз.

Бақытын боз кілемнен тапқан бапкер

–  Ең алғаш күрес әліппесін Жаңақазан ауылында ұстазым Сатым Абуұлы үйретті. Бапкеріміз бізді еркін күреске баулыды. Сатым ағай жаңақазандық балғын балаларды бозкілемде шынықтырып, биікке талпындырды. Ол кісінің еңбегі зор. Мен ол кезде Жаңақазанда жатақханада жатып оқыдым... Кейін орта мектепті бітірген соң Орал қаласында бір жылдай жұмыс істеп, одан әрі Ресейдің Челябинск облысына Отан алдындағы борышымды өтуге аттандым. Әскерде жүргенде де күрестен қол үзіп кетпедім. Әскерилер арасында самбодан түрлі жарыстардың жеңімпазы және жүлдегері атандым.

Marat (2)

...Ал аман-есен әскерден келген бойда Алланың қалауымен Оралдағы педагогикалық институтқа оқуға қабылдандым. Жоғары оқу орнында «Дене шынықтыру пәні мұғалімі» мамандығы бойынша білім алдым. Күреске дұрыстап ден қойып, бар ықыласыммен айналысқан кезім – студенттік шақ. Бұл кездерде самбодан белгілі жаттықтырушы Қамеш Есмағұловтың қол астында жаттығып, талай байрақты бәсекелерге қатысып, бағымды сынадым. Атап айтсам, студенттер арасында самбодан республикалық жарыстың жеңімпазы болып, 1983 жылы қазақша күрестен студенттер арасында ресбуликалық чемпионатта күміс жүлдені еншіледім. Алғашқы еңбек  жолымды 1985 жылы Жаңақала кәсіптік лицейінде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып бастадым.

«Күреске көңіл бөлінбеді...»

Жалындаған жаспыз. Күш-қайратымыз бойға сыймаған кездер еді. Сөйтіп жүргенде бір күні балаларды күреске баулиын, оларды спортқа бейімдейін, бар көрген-түйгенімді үйретейін деген ойға келдім. Ешқандай ақы төлемесе де кәсіптік лицейдің жертөлесінен 1 бөлме сұрап алып, оны жуып-тазалап, күрес үйірмесін аштым. Жоқтан бар жасап, бар-жоғы 4 кілемшенің үстіне өзіміз тіккен жабынды жауып, кенеп қапты сөгіп, жасаған күртемізді киіп жаттығуға кірісетінбіз. Спорт мектебіне жұмысқа ауысқанымда балабақшаның жертөлесін жаттығу залына айналдырдық. Ол жерде бірнеше жыл бала жаттықтырдым. Ойлап қарасам 20 жыл жертөледе жұмыс жасаппын. Сол кезде күреске лайықты көңіл бөлінбесе де жастардың спортқа деген құлшынысы бөлек еді. Жаттығуды сағынып, іздеп тұратын-ды. Қызығы мен шыжығы қатар жүрген  сондай қиын күндердің бәрі артта қалды. Қазір шүкір, Жаңақала колледжінің жанында лайықты күрес залым бар. Кілемдеріміз де жеткілікті. Қолым қалт еткенде балаларды жаттықтырып келемін.

Ұстаз мақтанышы – шәкірт жеңісі

«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» дейді дана қазақ. Алқалы топқа именбей еніп, қарсыласынан қаймықпай, Толағайдай топ жарған шәкірттерімді әркез мақтан тұтамын. Дегенмен оларды біреу білсе, біреу білмес деп ойлаймын. Айта кетейін. Шындәулет Себеков деген шәкіртім болды. Ол 9-сынып оқып жүргенде-ақ ересектер арасында Ақжайық сапартакиадасының 2 дүркін чемпионы әрі республикалық турнирлердің жеңімпазы атанды. Қызылоба ауылының тумасы, шәкіртім Жанболат Айтжанов еркін күрес, қазақша күрестен және самбодан облыс чемпионы атанды. Нұржан Лұқпанов, Қуат Лұқпанов, Махсот Бижанов, Ернар Ғұбайдуллин, Нұрлан Сапаровтардың да жеткен жетістіктері аз емес. Одан беріректе Азамат Анешов, Жанболат Төлегенов, Бақытжан Құсайыновтар шығып, ауданның «түйе палуаны», облыстық турнирлердің чемпионы болды. Қазіргі кезде белгілі кәсіпкер Саламат Сертеков менің қол астымда жаттығып, қазақ күресінен облыс чемпионы, республикалық жарыстың жеңімпазы деңгейіне жетті. Қуаныш Досмұхамбетов қазақ күресінен Алматы қаласында өткен республикалық турнирде алтыннан алқа тағынды. Бұдан кейін Жанболат Гумаров А.Шайхиев атындағы халықаралық турнирдің жүлдегері болса, Рада Мұқанбетқалиева самбо күресінен Азия чемпионатында бақ сынап, үздіктер сапынан көрінді. Дәурен Мерешов, Дарын Фаритов сынды ізбасарларым да осал палуан болмады.

«Бапкер спортты сүйе білуі керек»

«Туған жерімізден мықты чемпиондар шығу үшін не істеуіміз керек?» деген сұрақты өзіме талай мәрте қойдым. Тапқан жауаптарым мынадай: Бізге оқыған, былайша айтқанда өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен мықты маман керек. Жақсы жаттықтырушы келген кездің өзінде, ол ерінбейтін, талмайтын, жан-жақты болуы қажет. Бірлеулер айтады: «жағдайымыз жақсы емес» деп. Бұл пікір дұрыс емес. Мысалы, кезінде Асқар Шайхиевтердің де жағдайы мәз болған жоқ. Мен оны жақсы білемін. Сөйтіп жүріп ол әлем чемпионы болды. Бұл – спортқа деген махаббаттың, тынымсыз еңбектің нәтижесі болса керек-ті.

Marat (3)

Біз де жаттығуды іші сүреңсіз, суық, жарығы тым әлсіз жертөледен бастадық. Қарап тұрсаңыз, қазір бәлду-бәлду бәрі өтірік. Оны тек көргендер ғана біледі. Сол «подвалдан» өте мықты палуандар шықты. Олардың құлшыныстары да бөлек еді...

Бапкер, ең алдымен спортты сүйе білуі керек. Спорттың фанаты болып, шәкірттеріне үлгі көрсетсе ғана еңбегі жемісті болмақ. Небір мықты палуандардың дені ауылдан шығатыны ақиқат. Бұғып жатқан тасадағы таланттар қаншама? Соларды іздеп тауып, бұлақ көзін аша білуі тиіс. Жаттықтырушы спортты жақсы көріп, күрес залына келген балаларға бар ынта-жігерін арнаса, чемпиондар шығады. Неге шықпасын?! Ауданның абыройын асырған республика, әлем чемпиондарын шығару жаттықтырушының еңбекқорлығына, спортқа деген құрметіне байланысты.

«Жастарға жалқаулық жараспайды»

Қазіргі көп жастарға көңілім толмайды. 9-сынып бітірген оқушылар Жаңақала колледжіне келіп жатады. Соларды сырттай бақылап, байқап отырамын. Баскетбол ойнатсам, дұрыс доп лақтыра алмайды. Ал волейбол ойнатсам, оны да қатырмайды. Бір айтатындары: «Ағай, жүгірмей-ақ қояйықшы» деп қозғалғылары келмейді. Жүгірмеген, қозғалмаған адамнан спортшы шыға ма? Негізі оқушыларды мектеп қабырғасында жүргенде дене шынықтыру пәні мұғалімдері тәрбиелеуі тиіс. «Дене шынықтыру пәні мұғалімі қандай болуы керек?» деген сауалға келсек, олар ең алдымен оқушыға үлгі болғандары жөн. Олар әлсіздік танытып, ешқандай жаттығу жасап көрсете алмаса, онда жас ұрпақтың спортқа деген құлшынысы сол күйі оянбай кетеді.

«Өмірінің ажырамас бөлшегі – спорт»

– Спорт менің өмірімнің ажырамас бөлігі болды десем, артық айтқандық болмас. Мен өмірімді спортсыз елестетіп те көрмеппін. Спортпен шұғылданатын адам тек физикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да дамиды. Өйткені тәні саудың – жаны сау. Ерік-жігеріңді сақтау арқылы көшбасшылық қасиетіңді күшейтесің, ақылға көп жүгенесің әрі әділ боласың. Өз тәжірибемнен айтсам, спортпен айналысу әртүрлі пайдасыз істерден сақтап, өзіңе өзің бекем болуға әрі сыйлы адам боп қалыптасуға үйретеді. Спортты қос қолымды көтеріп қолдаймын және спортпен шұғылданатын адамдардың қатары көбейгенін қалаймын. Менің ойымша, кез келген қоғамға жаны да, тәні де мықты, алдына үлкен мақсат қоя білетін белсенді жастар керек, – дейді Марат ағамыз сиқырлы әлем спорт жайлы ой-пікірімен бөлісіп.

Жасаған ісін бұлдамайтын, биліктен атақ-шен дәметіп көрмеген Марат Фаритұлы жақында «BILIM-QRKENIETI» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы  ұйымдастырған «Дене шынықтыру пәнінің үздік педагогі – 2020» республикалық байқауының I дәрежелі дипломы және «Қазақстанның білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Міне, ерен еңбектің жемісі. Марат ағамыз әріптестері арасында сыйлы, қадірлі ұстаз болса, шаңырағында адал жар, бақытты әке. Өмірлік жұбайы Күнзия Оразғалиева екеуі Тәңірдің тәтті сыйы перзенттерін тәрбиелеп, өсіріп-өндірді. Адал сүт емген ағамыздың төрт гүлі бүгінде өмірден өз орындарын тауып, биік шыңдарды бағындырып, елге адал қызмет етуде. Абыройы асқақ азаматтың ақ жағасын кірлетпеген, спортпен алаңсыз шұғылдануы үшін бар жағдайын жасай білген Күнзия апамыз да он саусағынан өнер тамған жан. Сұхбат алу үшін Марат ағамыздың шаңырағында болғанымызда сыйластық пен татулықты ту еткен Күнзия апайдың ер-азаматына деген ізет-ілтипатына тәнті болдық.

Адамның ала жібін аттамаған, сертінен тайып көрмеген, ар-намысын таптатпаған Марат ағамызбен үш жарым сағат сұхбаттасқанымызда көкейге көп нәрсені түйіп қайттық. Сонау бозбала күнінен спортты жанына серік еткен кейіпкеріміз бұл күнде асқаралы алпысқа да таяп қалды. Иә, уақыттан асқан жүйрік жоқ. Әйгілі Жүсіп Баласағұни: «Ізгі атымен ғана ер алғысқа бөленеді» десе, Мах­мұд Қашқари: «Ізгі ердің сүйе­гі шіріп кетсе де, аты өшпейді» деп жаза­ды. Осы ізгіліктің бәрі – ұстаз болмысынан, ұстаз білігінен, ұстаз тәлімінен даритын қасиеттер. Бұл ретте Президентіміз Қ.К.Тоқаевтің: «Мұғалімнің еңбегі – адамзат игілігімен астасқан өлшеусіз еңбек» деп айтқаны да көпке мәлім. Сан алуан шәкіртке күрес әліппесін үйретіп, тәлім-тәрбие берген, ел үшін ертелі-кеш ерінбей еңбек еткен спорт ардагері Марат Фаритұлы бір атаның емес, бір ауданның мақтанышы. Сондықтан айтулы азаматқа қандай құрмет қылсақ та жарасары анық.

Алтынбек Ермекқалиев,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Саламат Сертеков, шәкірті, қазақша күрес, самбодан облыстық-республикалық турнирлердің жеңімпазы:

– 7-сыныпта оқып жүргенімде күрес үйірмесіне қатыстым. Сол кезден бастап Марат ағамыздың қол астында жаттықтым. Қатысқаныма 1 айдан соң, жарысқа шықтық. Сол жарыста қазақша күрестен жүлделі болдым. Қазақстан чемпионатында жасөспірімдер арасында қола жүлдені қанжығама байладым. Дзюдодан халықаралық жарыста чемпион атандым. Міне, осындай жарқын жетістіктерімнің бәрі  Марат ағайдың еңбегі. Ол кісі өте еңбекқор, талапшыл жан. Жастарға өзінің бар білгенін үйретіп, биікке талпындырды. Ұстазымыздың жақсы адам екенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осы спорттың арқасында көптеген қалаларда болып, көп достар таптық. Жаңақала спортының дамуына Марат ағамыздың қосқан үлесі зор.


Жанболат Гумаров, шәкірті, Жаңақала аудандық «Jastar спорт клубының директоры:

– Ұстазымыз құрметке лайықты азамат. Біздің өсіп-өркендеуімізге, өмірде өз жолымызды табуымызға бірден-бір себепші жан – ұстазым Марат Фаритұлы деп нық сеніммен айта аламын. Бізді еңбекке баулып, қашан да қамқорлық жасады. Ұстазымыз мықты палуан болса, азаматтығы да бір төбе. Бізге туған әкеміздей жанашыр болды. Әлі күнге дейін ақыл-кеңесін айтып тұрады. Қолынан келген көмегін аямайды. Спорт десе ішкен асын жерге қояды. Ұстазым талай шәкірттерінің жоғары деңгейге жетуіне өз үлесін қосты, әлі де қосып келеді. Біз ол кісімен әркез мақтанамыз.

 

Қадырбек Қабдолов, спорт саласындағы әріптес інісі, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

– Марат ағайды алғаш көргенім 1987 жылы еді. Ағамыз Айдархан совхозында қазақ күресінен Кеңес Одағының Еңбек ері Б.Кенжегулов атындағы аудандық турнирдің құрметті қонағы болып келген болатын. Мен ол кезде 8-сыныпта оқитын бозбала едім. Бір көргеннен ағайдың кішіпейілділігін, қарапайымдылығын байқадым. Содан жылдар өтіп, әріптес болып аудан спортын басқарған кездерімде Марат ағаймен бір адамдай жұмыс атқардық. Ол кісі ақылшым болды. 2015 жылы облыстық ардагерлер арасында спартакиада болады деп жоспарланды. Соған ауданнан 80-ге  жуық ардагер спортшы барумыз керек еді. Мен ардагер спортшылар таба алмай қиналдым. Шара басталуына 4 күн қалғанда, түнгі сағат он екі шамасында Марат ағайдың үйіне бардым. Көңілім түсіп барған маған Марат ағай: «Бәрі жақсы болады. Уайымдама. Таңмен шешеміз, команда табамыз» деп үйге жіберді. Ертеңіне өзі келіп, команда жасақтауға көмектесті. Сол жылы ардагерлер спартакиадасында тұңғыш рет Жаңақала ауданының ардагер спортшылары  III орынға ие болдық. Мараттай жаны асыл ағамызбен жұмыс жасау бір бақыт қой.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале