14.01.2026, 18:00
Оқылды: 55

Мәреге жеткен мінез

Желаяқ сөзін естігенде бала күнімде оқыған аңыз ертегілердегі «Желаяқ» кейіпкері есіме түседі. Аяғына дәу қара тасты байлап, мыстан кемпірмен жарысқа түскен, қараулығына бір уыс топырақ шашып қасынан зу етіп өте шыққан  жаратылыс иесін көз алдыңызға елестетіп көріңізші? Бұл – қиял-ғажайып ертегілерде ғана кездесетін адам қиялындағы таңғажайып құбылыс иесі. Ал өмірде ше, өмірде?

Жеңіс әрдайым күштен емес, төзім мен сенімнен туады. Өз-өзін жеңе білген адам ғана нағыз биікті бағындырады.

Бүгінгі әңгімемізге арқау еткелі отырған кейіпкеріміз – марафон жолында ғана емес, өмір жолында да мәреге берік қадам басқан, жігері мықты, қайсар мінезді жан Ғалым Аждуов.

image-09-01-26-05-14-5

Ол 1984 жылдың 25 ақпанында Жәнібек ауданына қарасты Ұзынкөл ауылында дүниеге келді. Ауылдың қарапайым тіршілігін бойына сіңіріп өскен Ғалым сол ауылдағы 11 жылдық мектепті тәмамдап, өмір жолына қадам басты.

image-09-01-26-05-14-6

Оның балалық шағы ерте есейткен сынақпен өрілді. Марқұм әкесі Сағынтай Аждуов небәрі 40 жасында өмірден өтті. Ол кезде Ғалым бар болғаны 8 жаста еді. Әкесінен ерте айырылса да, әке аманаты мен өнегесі оның өмірлік ұстанымына айналды. Еңбекқорлық пен адалдықты басты қағида етіп өскен ол бүгінгі күні сол тәрбие жемісін көріп келеді.

image-09-01-26-05-14-3

- Әкем өмірде болмаса да, оның сөзі мен ісі әрдайым маған жол көрсетіп тұрады. Анамыз нағыз батыр ана. Әкеміз өмірден өткеннен кейін бес ұлды ешкімге қаратпай, бар мейірімін төгіп, төзімін сарқып, өзі тәрбиелеп өсірді. Әкенің орнын жоқтатпауға барын салды. Бізді адам қылып, рухымызды сындырмай, өмірге тік қарай алатын азамат етіп жеткізді. Анамыздың сол қайсарлығы мен шексіз махаббаты бүгінгі болмысымыздың берік іргетасына айналды, – дейді ол.

image-09-01-26-05-14-2

Мектеп бітіргеннен кейін Орал қаласына оқуға түсуге талпыныс жасап көрді. Бірақ бұл жолда оның бабы шаппады. Сондықтан еңбекке ерте араласып, анасына қолғанат, бауырларына қамқор болды. Алайда қойған мақсатынан айнымай Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық универсиситетіне құрылыс мамандығына оқуға түсіп, сәтті тәмамдады.

image-09-01-26-05-14-4

2014 жылы оған жақсы мүмкіндік туып, жұмыс бабымен Астана қаласына қоныс аударды.

Қазіргі таңда ол өз мамандығы бойынша табысты қызмет атқарып отыр. Қос ұл мен қыз тәрбиелеп отырған Ғалым Сағынтайұлы перзенттерінің бойынан да спортқа деген ерекше құлшынысты байқайтындығын айтады. Өйткені үлкен ұлы бассейнге тұрақты барып, суда жүзуге кәсіби машықтанған. Одан бөлек заман талабын қанағаттандырып, ағылшын тілін де меңгеріп жүр. Екінші ұлы шорт-трекпен бес жылдан бері тұрақты түрде айналысып келеді. Ол облыстық деңгейдегі ЧРК жарыстарына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Ғалымның екі ұлы да ұлттық құндылықты ұлықтап, домбыра үйірмесіне қатысады. Ал қызы Асыл әкесінің вокал және би өнерімен айналысып, өнерге деген қабілетін шыңдап келеді.

image-09-01-26-05-14 (1)

Ғалымның спортқа деген қызығушылығы бала кезден басталғанымен, ұзақ қашықтыққа жүгіру оның өміріне бірден енген жоқ. Алғашында 10, 20, тіпті 42 шақырым жүгіретін достарын көріп, таңданысын жасырмайтын. Сол таңданыс уақыт өте келе ішкі серпінге айналды. Алдымен  2-3 шақырымнан басталған жүгіру 15 шақырымды еңсеруге ұласты.

Қыстың қақаған аязында қалың күртеше мен қысқы аяқ киіммен жүгіріп, өз нәтижесіне риза болған сол сәт оның спорттағы жаңа өмірінің бастауы еді.

Жаттығудан кейін мұздай суға түсу – көпке ерлік болып көрінер қадам. Бірақ -30°C аязда жасалған сол шешім Ғалым үшін тән мен рухты қатар шыңдаудың жолына айналды.

Алғашқы жартылай марафонын ол 2019 жылдың көктемінде 21,1 шақырым қашықтықта сәтті еңсереді. Содан бері түрлі деңгейдегі марафондар мен ультрамарафондарға тұрақты қатысып келеді. 2025 жылы Жеңістің 80 жылдығына орай 80 шақырым қашықтықты жүгіріп өтуі ерік-жігер мен патриоттық рухтың айқын көрінісі болды. Ал ең ірі жетістігі – Қарағанды қаласында өткен 12 сағаттық ультрамарафонда 125 шақырымды бағындырып, жүлделі 1-орынды иеленуі.

Өмір жолындағы әрбір қиындық пен әрбір жетістік оны шыңдап, биік мақсаттарға жетеледі. Ғалым Аждуов үшін спорт тек жарыс емес, тәрбие мен тәртіптің, табандылық пен сенімнің мектебі. Ол өз өмірін отбасына, артынан ерген ұрпағына және замандастарына үлгі болуға арнауды мақсат тұтқан.

Спорттық жетістіктерінің артында сенімді бапкердің де еңбегі бар. Ультрамарафонға дайындаған бапкері Бірлік Нұрсұлтанға ол әрдайым алғысын білдіреді.

Жүгіруден бөлек, Ғалым «Барыс Мінез» жобасына белсенді қатысып келеді. Күн сайын қолды бүгіп жазу мен отырып тұру жаттығуларын жасап, 2025 жылы бұл жаттығуларды 365 күн қатарынан бір күн де тоқтатпай орындады. Бұл әдетті әлі де үзбей жалғастырып келеді. Сонымен қатар жыл сайын туған күнінде «қанша жас, сонша шақырым» қағидасын берік ұстанып, өзіне жаңа сын қояды.

image-09-01-26-05-14-1

Бүгінде өз жетістігімен тек жеке жеңіске жетіп қана қойған жоқ. Ол – Жәнібек ауданының Ұзынкөл ауылынан шыққан азаматтың да үлкен белестерді бағындыра алатынын дәлелдеген тұлға. Әрбір жүгірген шақырымы туған жерінің атын асқақтатып, аудан абыройын арттыра түсуде.

Кейіпкеріміз үшін жеңіс тек мәреге жету емес, ең алдымен, өзіңді жеңу. Осындай азаматтардың өмірі жас ұрпаққа рух беріп, қоғамға серпін сыйлары сөзсіз.

Бану Саматқызы,

Жәнібек ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале