4.11.2021, 14:56
Оқылды: 44

Мәртеңбеңді көтерген заң қадіріңді қашырмасын

Жұмысымыз халықпен тығыз байланысты болған соң ел ішін көп аралаймыз. Ал басылымға жазылу басталған шақта жүріс тіптен көбейеді. Оқырман тарту керек, газеттің алдағы жоспарымен бөлісуің керек. Күніне бірнеше ауылды аралап, біраз адаммен кездесеміз. Әсіресе ұстаздар қауымымен көп тоғысып жатамыз. Біраз мектептердің мұғалімдері жылы шыраймен қарсы алып, бөліскен жаңалығымызды жақсы қабылдайды.

40

Ал кей мектепте жағдай басқаша. Педагог мәртебесі туралы заң шыққалы мұғалімнің түкірігі жерге түспейтін болды. Әрине, ұстаз ешкімнің алдында иілуге тиісті емес. Керісінше болуы керек. Бірақ ешкім мұғалімді басылымға жазылуға, сенбілікке шығаруға тиісті емес дегенді желеу еткен кей педагогтер заң бабын көпшіліктің бетіне басып, сол арқылы өзінің мәртебесін көтергісі келеді. Бірақ газетке жазылған адамның мәртебесі қашан төмендеп еді? Әлде артық білім мен ел өмірінен хабар алу қажет емес пе?

42

Аталған заңның 15-бабының 7-тармағында балаларды заңға, адамның және азаматтың құқықтарына, бостандықтарына, ата-анасына, үлкендерге, отбасылық, тарихи және мәдени құндылықтарға, мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету, жоғары имандылық, патриоттық, қоршаған ортаға ұқыпты қарау рухында тәрбиелеуге міндетті екені тайға таңба басқандай көрсетілген. Ал елдің тарихы мен мәдени құндылықтары туралы ақпаратты газет беттерінен алуға болатынын ескерсек, жұмысына қажетті құралдан ұстаздар неге қашатыны түсініксіз. Әрине интернеттен алуға болады бірақ ондағы ақпарат сабақты шынайы өмірмен немесе өзі еңбек етіп жүрген ортамен байланыстыра ала ма? Сондықтан осы жағын да ойлаған жөн-ау?

41

Сонымен қатар заңда мұғалімдер газетке жазылмасын деген арнайы бап жоқ. Тек педагогтың кәсіптік қызметін қамтамасыз ету туралы айтылған 6-баптың 4-тармағында «педагогке тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеуге жол берілмейді» делінген. Ал газет ешқандай да тауар емес, мемлекеттік саясатты жүргізудің құралы. Ел болашағын тәрбиелеп отырған ұстаз оған жазылғаны дұрыс және заңға қайшы емес. Ал ұстаз бен газеттің үндестігі балаларға дұрыс бағыт бере алады. Өйткені басылым ақтарып, ондағы үлгі болар жерлестері мен ауылдастары туралы мақалалар әр бүлдіршінге ерекше әсер етеді. Бұл да ойланарлық жайт.

Осы ретте ватсаптағы чаттарға хабарламалар жіберіп, мұғалім біткенді саясатқа қарсы қойып отырған жандардың өздері де заңды толық оқымаған деген ойға қаласың. Оқыса да оның астарына үңілмеген секілді.

Көп адамнан газет ешкімге керек емес деген де пікір айтылады. Оны көп айтушылар арасында ұстаздар да бар. Бірақ бір қоғамның кез-келген жұмысына тартылып жүрген мұғалімнің мәртебесін көтеру туралы заңның керек екенін алғаш болып журналисттер газет бетіне жазған болатын. Біраз жыл ұстазды қағазбастылық пен артық жұмыстан айыру керек, мұғалімді қорғайтын заң керек деген мәселе барлық деңгейдегі басылым беттерінде жарық көрді. Айтылған сөз жоғарыға жетті. Заң қабылданды. Осыдан кейін қалайша газет ешкімге қажет емес деуге болады. Журналисттердің сол бір еңбеген осы күні ұстаздар бағалай алмай отырғаны ма сонда?

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале