20.01.2023, 11:15
Оқылды: 72

Мас күйде көлік жүргізгендер көп

Өткен жылы Бәйтерек аудандық сотына 33 қылмыстық іс түсті, оның 29-ы бойынша үкім шығарылды. Бір адам ақталып, медиация тәртібімен 1 іс қысқарды. 31 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылса, оның үшеуі әйел. Бұл туралы Бәйтерек аудандық сотында өткен брифинг кезінде айтылды.

4a6c50ef-9c67-4618-bdfe-ba4b86629f53

Аудандық сот төрағасы Әсел Мәженованың айтуынша, былтыр сот ісін жүргізуге 246 талап арыз түсті. Оның 168-і сот ісін жүргізуге қабылданды және сот өндірісі қозғалды, 34-і талапкерлердің өтініші бойынша кері қайтарылды, үшеуі азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтынына байланысты қабылдаудан бас тартылды. Нәтижесінде 217 іс қаралып, 41-іне сот бұйрығы, 101-не шешім шықты, 29-на іс жүргізу қысқартылды (25 іс бойынша медиациялық, 2 іс бойынша бітімгершілік келісімдер бекітілді), 46-сы қараусыз қалдырылды, бесеуі 2023 жылға қарауға көшірілді. Соттың 4 шешімі бойынша апелляциялық шағымдар мен наразылықтар келтіріліп, өзгеріссіз қалдырылды. Сот шешімі мен сот бұйрығы бойынша мемлекет пайдасына 243 274 теңге көлемінде мемлекеттік баж өндірілді.

-Сотта қаралған азаматтық істердің басым бөлігі неке-отбасы саласындағы даулар. Бұл бағытта 76 іс қаралды. Сот тараптардың татуласуына мүмкіндік беретін шаралар қабылдайды, оларға дауды процестің барлық сатысында реттеп, бітімге келуіне жәрдемдеседі,-деді Әсел Ерсенқызы.

Ал әкімшілік құқықбұзушылық бағытта аудандық сотқа 255 іс түсті. Оның 250-і қаралып, нәтижесінде 102 іс бойынша айыппұл салу, 9-ына ескерту беру, 93-іне әкімшілік қамауға алу, 6 іс көлік құралдарын басқару құқығынан айыру, үшеуі бойынша ҚР шекарасынан шығару сынды жазалар қолданылды. 190 адам әкімшілік құқықбұзушылық жауапкершілігіне тартылды, оның ішінде әйелдер 17 болса, екеуі кәмелетке толмағандар. Сот қаулысымен әкімшілік құқықбұзушылыққа қатысты 11 939 658 теңге айыппұл салынды, бұл соманың 11 140 644 теңгесі өндірілді. Әсел Мәженова атап өткендей, сотта қаралған істердің басым бөлігі, яғни 43 іс ішімдік немесе есірткі тұтынып, көлік құралын басқаруға қатысты.

Қылмыстық сот ісін жүргізу бойынша 31 адам сотталып, олардың 7-уіне бас бостандығынан айыру, 3-уіне айыппұл салу, 18-іне бостандығын шектеу, біреуіне қоғамдық жұмысқа тарту, екеуіне шартты түрдегі жазалар тағайындалды. Жеті үкім бойынша сотталғандар апелляциялық шағым келтірді, алайда барлық үкім өзгеріссіз қалдырылды. Бұл бағытта қаралған қылмыстық істердің басым бөлігі (13  іс) ұрлық.

 

Сәкен Мұратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале