Биыл Қазақстанда жергілікті өкілді органдар – мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толды. Қазақстан Республикасы мәслихаттарының мерейлі белесіне арналған мерекелік салтанатты шара Қаратөбе ауданында өтті.
Мәслихаттардың 30 жылдығына арналған шараға арнайы шақырылған меймандар алдымен Алаш және Қ.Хасанов атындағы тарихи-өлкетану музейінде болды. Музей аралаған аудандық мәслихаттың барлық шақырылымдардағы депутаттары, облыстық мәслихат депутаттары, аудандық мәслихатта қызмет атқарған мамандар музейдегі құнды жәдігерлермен танысты.
Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі 1993 жылы 10 желтоқсанда Қазақстандағы «Жергілікті өкілетті және атқарушы органдар туралы» Заң қабылдап, қоғамды демократияландыру жолындағы алғашқы қадамдар жасалды. Осы заңға сәйкес мәслихаттарға жергілікті тұрғындардың құқығын көздейтін және олардың еркін білдіретін мемлекеттік органның қызметі мен өкілеттігі берілді. Ең алғаш мәслихат сайлауы – 1994 жылы 7 наурызда өткен сайлау болатын.
Салтанатты жиында жергілікті мәслихаттың атқарған жұмыстары жөнінде баяндаған аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Меңдешов:
– Осыдан 30 жыл бұрын Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесіне енген мәслихаттарға халық пен билік арасында дәнекер болып жүрген депутаттар қоғамның дамуын, халықтың әл – ауқат деңгейінің артуын, тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау әрі оны одан әрі нығайту басты міндетіміз, негізгі парызымыз деп санайды деп есептеймін.
Осы 30 жыл ішіндегі сегіз шақырылымда Қаратөбе аудандық мәслихатына 96 адам депутат болып сайланды. Олардың 25-і әйелдер. Ауданымызды мекендейтін өзге ұлт өкілдерінен депутат деген мәртебелі атаққа 1 неміс ұлтының өкілі ие болған. Өзінің негізгі қызметімен қоса, депутат деген қоғамдық жұмысты атқару үлкен жауапкершілікті жүктейді. Осындай сайлаушылар аманатын арқалап, өз сайлау округтеріндегі көкейтесті мәселелерге атқарушы органдардың назарын аударып, соны шешуге атсалысқан депутаттар өкілдерін біз бүгін құрметпен атаймыз.
Қаратөбе ауданының жергілікті өкілді органы - Қаратөбе аудандық мәслихатының құрылғанына 30 жыл толуымен баршаңызды құттықтаймын, - деді.
Мерекелік құттықтаудан кейін аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Құмарұлы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың «Құрмет грамотасымен» аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевті, Сенат төрағасының алғыс хатымен аудандық мәслихат депутаты Асылбек Елешовты, Қаратөбе аудандық мәслихаты төрағасының алғыс хатымен аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Берік Нұрмағанбетовты, қоғамдық кеңес мүшесі Еркінбек Жәнібековты, аудандық мәслихат депутаты Абат Зейнуллинді, Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Ермек Сайновты, Қаракөл ауылдық округінің әкімі Эльдар Амантаевты марапаттады.
Мерейлі мейрамға орай құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы:
– Бұл - ел тарихындағы маңызды, әрі әсерлі кезең. Осы жылдар ішінде мәслихаттар халықтың сеніміне ие болып, жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы байланысты нығайтуға, халықтың мүдделерін қорғауға үлкен үлес қосты. 30 жылда атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген жетістіктер әрқашан елдің дамуына оң ықпал етіп, қоғамның әлеуметтік және экономикалық өсіміне себеп болды.
Өздерінің негізгі қызметтерімен қоса, депутат деген қоғамдық жұмысты атқарудағы үлкен жауапкершілікті сезінген мәслихат депутаттары халықтың мұң мұқтажын тыңдай отырып, жергілікті деңгейде көптеген маңызды шешімдер қабылдап, ауданымыздың дамуында маңызды рөл атқарып келеді.
Мәслихат депуттаттарының қызметі ауданымыздың әр тұрғынының аманатын арқалап, ауданды абаттандыруға қатысты шешімдер қабылдаудан бастап, түрлі әлеуметтік, экономикалық, саяси салаларда маңызға ие.
Мереке қарсаңында дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін, - дей келе бірқатар депутатты марапаттады.
Салтанатты жиында ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың алғыс хаты аудандық мәслихат депутаты, «Құрмет» орденінің иегері Қалимұрат Сариеке, ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің алғыс хаты аудандық мәслихат депутаты Берік Ізмағанбетовке, Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтің алғыс хаты аудандық мәслихат депутаттары Қайырболды Сәрсенғалиев, Самат Абденов, Баянсұлу Қодароваларға берілді.
Сахна төріне көтерілген БҚО мәслихатының депутаты Ақылбек Сағитов, облыстық мәслихаттың жетінші шақырылым депутаты, «Құрмет» орденінің иегері Жаңабек Жақсығалиев, Қаракөл ауылдық округінің әкімі Эльдар Амантаев құттықтау сөз сөйлеп, ақжарма тілектерін арнады.
Мерекелік жиында аудандық мәслихат төрағасы «ҚР мәслихаттарына 30 жыл» төсбелгісімен аудандық мәслихат тарихындағы мәслихат хатшыларын, барлық шақырылымдағы аудандық мәслихат депутаттарын, аудандық мәслихат аппаратында ұзақ жылдар еңбек атқарған қызметкерлерді марапаттады.
Шара соңында аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары мерекелік концерт ұсынды.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz