14.12.2024, 14:45
Оқылды: 5

Мәстексай ауылында жаңа кәсіпкерлік нысан ашылды

Бүгін Мәстексай ауылында бұрын-соңды болмаған кәсіпкерлік нысан өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда Жаңақала ауданы көлемінде кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға тұрақты негізде жұмыстар жүргізіліп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыс істеуіне жағдай жасалып жатыр. Соның нәтижесінде ауыл тұрғыны Ақмарал Алдоңғарова өмірлік жары Біржан Айғалиевтің қолдауымен «Ата шал» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрып, биыл «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында сүт, ет және нан өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бағытында 29,5 млн теңге несие алып, өз кәсібін бастады.

IMG-20241214-WA0011

Алғаш кәсібін көрпе жасап, құс өсіруден бастаған кәсіпкер бүгінде ет өнімдерінен жартылай фабрикаттар, алуан түрлі шұжықтар, балық, сүт пен нан өнімдерін дайындап дамытуда. Сондай-ақ 100 бас тауық, 100 бас үйрек, 100 бас қаз балапандарын асырап, шаруасын дөңгелетіп отыр. Ақмарал Серікқызы алған несиесіне сондай-ақ кәсібіне қажетті құрал-жабдықтарды, атап айтсақ, мұздатқыш камера, моноблок, витрина, мұздатқыш шкаф, үш фазалы еттартқыш пен пеш сатып алды.

IMG-20241214-WA0012

Тұсауы бүгін кесілген «Дәмді» шағын маркетінің ашылу салтанатында аудан әкімі  Алпамыс Көшкінбаев, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Светлана Бекқалиева, округ басшысы Ержан Тілепбергенов пен  ауыл тұрғындары төбе көрсетіп, жылы лебіздерін жеткізді.

IMG-20241214-WA0007

Маркеттің аты айтып тұрғандай, кәсіп иесінің өз қолымен дайындаған тағамдары мен сусындарының дәмі тіл үйірерлік. Әзірге екі адам жұмыс жасайтын нысан алдағы уақытта жұмысшы санымен толықпақ.

IMG-20241214-WA0005

«Еңбектің наны тәтті» демекші, 7 баланың анасы Ақмарал Серікқызы ел демографиясын көтерумен қатар үй мен түздің тірлігін тең түлетіп жүрген сан қырлы кәсіпкер. Халық игілігіне қызмет атқаратын көпбалалы ананың ендігі жоспары – жүн өнеркәсібін өрістетіп, ұмыт боп бара жатқан киіз басу өнерін қайта жандандырып, өз брендін қалыптастыру.

IMG-20241214-WA0006

Кәсіптің көзін табамын деген адамға ешнәрсе кедергі емес. Адал еңбек қана адам баласын алға жетелейді. Он екі мүшесі сау бола тұра қос қолын қалтаға салып ап, мемлекетке алақан жаюды әдетке айналдырған кейбір адамдар Ақмаралдай анамыздан үлгі алса игі.

IMG-20241214-WA0009

Айзада Ақбасова,

Жаңақалa ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале