9.12.2025, 23:48
Оқылды: 3

Мәстексай және Көпжасар ауылдарында әкімдердің есепті кездесулері өтті

Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығы негізінде бүгін Мәстексай және Көпжасар ауылдық округтерінде есепті жиындар ұйымдастырылды. Кездесуге аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы Ержан Мәкішев, Жаңақала ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы міндетін атқарушы Асхат Әбжанов, сондай-ақ ветеринариялық станция басшысы Мейрамбек Исатайұлы қатысты.

image-09-12-25-09-24-1

Алдымен Мәстексай ауылдық округінің әкімі Ержан Тілепбергенов жыл бойы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, тұрғындар тарапынан түскен 20-ға жуық талап-тілектің басым бөлігі орындалған. Алпамыс Жаңабайұлы да 11 ай ішінде жүзеге асқан жобалар мен жұмыстарға тоқталды. Қауіпсіздік саласы бойынша полиция подполковнигі Ержан Мұхтарұлы интернет алаяқтық, мал ұрлығы және құқықтық қауіпсіздік мәселелерін түсіндірді. Мейрамбек Исатайұлы малды есептен шығару, анықтама беру тәртібі және ветеринариялық шаралардағы өзгерістер жөнінде айтса, Асхат Нәсіпқалиұлы заңды кәсіпкерлікпен айналысу және салық бағытындағы жаңашылдықтарды сөз етті.

image-09-12-25-09-24
Кездесу барысында тұрғындар ауыл ішіндегі көшелерге жаяу жүргіншілер жолағын салу, биыл салынған ет комбинатының тиімді баға ұсынуы, ауылға келген дәрігер мен мектеп басшысын тұрғын үймен қамтамасыз ету, сондай-ақ қызметтік үйді пайдалану заңдылығы жөнінде ұсыныстарын жеткізді.
Көпжасар ауылдық округінде де әкім Нұрбол Бектілеу есеп беріп, округтегі жұмыстарды таныстырды. Аудан әкімі өз кезегінде аудан бойынша жүзеге асқан жобалар туралы баяндады. Полиция қызметкерлері қылмыс түрлерінің алдын алу жолдарын түсіндірсе, ветеринария саласына қатысты өзгерістер жөнінде ақпарат берілді.
Тұрғындар Жаңақала желілік өндірістік басқармасына қарасты ауыр жүк көліктерінің ауыл ішінен өтуіне наразылық білдіріп, қозғалысты ауыл сыртымен жүргізу туралы өтініш айтты.
Сонымен қатар «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының Жалтыркөл қаумалын пайдалану заңдылықтары бойынша Жаңақала тірек пунктінің мемлекеттік инспекторы Нұрсұлтан Аяпбергенов пен ауыл тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

image-09-12-25-09-24-2
Екі ауылдағы есепті кездесуден кейін аудан әкімі азаматтарды жеке қабылдап, жұмыссыздық, әлеуметтік қызметкердің жұмысы, тұрғын үй мәселелеріне байланысты өтініштерін тыңдады.

Сыйлыхан Жұмасалық
Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале